Қазақстан • 21 Сәуір, 2022

«Хат қоржын»

356 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман жаңалығымен бөліседі.

«Хат қоржын»

Жауынгер қыздардың ерлігі ұмытылмайды

Биыл қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толады. Ұлы Отан соғысында көптеген ерлігімен көзге түсіп, жау әскерін жермен-жексен еткен қазақ қызы туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ.

Кеңес Одағының Батыры атағы берілмесе де апамыз сол «батыр» атағына ие болғандардан еш кем ерлік көрсеткен жоқ. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Хиуаз Доспанова «Халық қаһарманы» атанды.

Қазақтың «қанатты қызы» Хиуаз 2008 жылдың 21 мамырында 86 жасында дүниеден озды.

Жуырда телевизиялық жұмыс тобы Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын аралап, Хиуаз Доспанованың есімі берілген мемлекеттік мекемелерге арнайы барып, деректі фильм түсіріп қайтты. Түсірілім кезінде жұмыс тобы Атырау қалалық білім бөліміне қарасты Хиуаз Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектепте болып, 1«а» сынып жетекшісі Меруерт Сейітқалиеваның оқушылары дайын­даған Хиуаз апамыздың өмірі мен ерлігі жөніндегі қойылым­ды тамашалады.

Биыл Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатқаны ақиқат. Бүгінгі ұрпақ қаһарман қыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алып, рухына тағзым етіп келеді. Талай рет көкте самғап, жаудың сағын сындырған ержүрек ұшқыштың есімін елінің ұмытпайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Аталған жұмыс тобының хабарлауынша, Шығыстан шыққан қазақтың қос шынары – ерен ерліктерімен өздеріне өшпес ескерткіш тұрғызған Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова туралы деректі фильмдерді Жеңіс күніне орай эфирден көрсету жоспарда бар көрінеді.

Жұмыс тобы одан әрі Орал және Ақтөбе қалаларына аттанып кетті. Онда олар облыстық тарихи музейлер мен батырларға есімдері берілген мемлекеттік мекемелерді аралап, қажетті ақпараттарды өз көрермендеріне жеткізетін болады.

Руслан ХАМЗА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

АТЫРАУ

 

 

Тағылымды кеш өтті

 Республикалық «Тұлға боламын», «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназиясында кітапхана меңгерушісі Гүлнәр Аманжолованың ұйымдастыруымен «Сәулелі ойдың шамшырағы» атты кездесу кеші өтті. Кезінде Қорғаныс министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған, сондай-ақ Тұңғыш Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған Сәт Тоқпақбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сәуле Досжан кештің арнайы қонақтары болды.

Сәт Бесімбайұлы өскелең ұрпаққа ұлтымызға тән өр мінезділіктің тегеуріндік танытатынына, үлгі тұтатын тұлғалық қасиеттің маңыз­дылығына тоқталып, Отанға деген сүйіспеншіліктің адалдық арқылы бағаланатыны туралы ғибратты әңгіме айтты. Сондай-ақ мектебіміздің Алаштың ардақты тұлғасы Қайым Мұхамедханов аталуының өзіндік тарихына зер салған қоғам қайраткері кезінде Қайымның «Абайдың ақын шәкірттері» кітабын жарыққа шығаруға себепші болғанын айта келе, осы кітаптағы оның қолтаңбасын көрсетіп, аталған баспа өнімін мектеп музейіне тапсырды.

Кездесу кешінің мазмұнын аша түскен сәттердің бірі Сәуле Мағазбекқызының «Ауылдан шыққан миллионер» атты шығармасын жас оқырмандардың ерекше әсерлерімен бөлісіп, талқылауы болды. «Жас қалам» үйірмесінің мүшесі 6-сынып оқушысы Мықтыбек Гүлім қаламгер апамызға арнаған өлеңін оқып берсе, Аруна Дүйсен, Нұрислам Ибраш, Биназир Оралбек атты жас талапкерлер өздерін қызықтырған көптеген сауалына жауап алды.

 Қонақтарымызға деген ыстық ықыласын арнауымен жеткізген кітапхана қызметкері Аягөз Серікқызы сырлы сұхбаттың шырайын келтіре түссе, кездесу соңында мектебіміздің басшысы Аятжан Ахметжанұлы кеш қонақтарына келгендері үшін алғысын білдірді.

Санат ҚУАНДЫҚ,

№90 гимназия директорының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

НҰР-СҰЛТАН

 

 

Өзгелерге сабақ болатыны күмәнсіз

...Иә, жер бетіндегі ең мейірімді де ең зұлым жаратылыс иесі – адам. Кеудесінде жаны бар жұмыр басты пендеге ең игі істі жасайтын да, ең сорақы қорлықты көрсететін де адам баласы. Ал жүрегіңді тілгілеп, қу жаныңды қоярға жер тапқызбайтын дүниенің бірі – қатыгездік. Тіпті жер басып жүргеніңе нәлет айтып, бес күн жалғанға қонақ болып келгеніңе өкіндірердей айуандық пен қатыгездікті мен А.Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесінен оқып білдім. Бұрын-соңды көрмек түгілі, естімеген мұндай қиянат төбе шашымызды тік тұрғызып, жанымызды түршіктірді. Не еркек емес, не әйел емес, тірі өлік! Неткен азап! Еркек кіндікті үшін бұдан асқан қасірет болар ма, сірә?! Ғұмырын артына ұрпақ қалдыруға арнағысы келген азаматтың тағдырын талқандап, өмірін ойрандау – барып тұрған ең сорақы қатыгездік.

Шағын әңгіме шебері Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінің бірінде қытай халқында ұрлық жасаған адамның саусағын шауып тастайтынын оқып, мұндай қадамды аса қатты қатыгездікке балағаным бар. Ал Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» жазықсыз адамды ақыл-есінен айырып, мәңгүрт жасау – жағаңды ұстататын жайт екені тағы ақиқат. Енді, міне, «Шашты» әңгімесінен бүгінде адамзатқа адам қолымен жасалатын тағы бір қатыгездікті білдім. Ол – еркектіктен айыру, азбандық... Осылайша, дүниедегі ең қайырымды іс те, қатыгездік те адам қолымен жасалатынына тағы бір мәрте көзім жетті.

Осындай мазмұндағы шығармалар мені мынадай қорытындыға алып келді. Сол кездегі жазықсыз жандарға жасалған қатыгездікті неге қазіргі арсыз айуандарға жасамасқа? Неге біздің елімізде де тойымсыз жемқорлар мен түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан ұры-қары­лардың саусағын кесіп, аяғын тартқызбасқа? Қазіргі таңда өзекті өртеп отырған көкейкесті мәселе – он екіде бір гүлі ашылмаған пәк қыздарды абыройынан айырып, болашағына балта шапқан, қорлап-зорлаған еркексымақтарды неге еркектіктен айырмасқа, мәңгүрт жасамасқа? Бұл – менің көктемгі бәйшешектей бүр жарып келе жатқан келте қыз ғұмы­рыма алаңдаудан туған ой. Қоғамдағы алаяқтар мен арсыздарға осын­дай қатаң шаралар қолданылса, мұның өзгелерге сабақ болатыны сөзсіз!

Нұрайна АБЗАЛҚЫЗЫ,

Көктерек жалпы орта білім беретін

мектебінің 10-сынып оқушысы

Батыс Қазақстан облысы