Қазақстан • 22 Сәуір, 2022

Ұлттық код және киелі Торғай

1314 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға жасаған аса маңызды Жолдауында конституциялық органдарды жетілдіруді, саяси және әкімшілік-аумақтық реформаларды көздейтін басымдықтарды айқындап, мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Ұлттық код және киелі Торғай

Өз кезегінде, Мемлекет бас­шы­сының әкімшілік-аумақ­тық ре­формалары бұрын жабылып қалған Семей, Талдықорған және Жезқазған облыстарын қайта жандандыруға бағытталып отыр. Көптен күткен жаңалықты қуанышпен қарсы алған өңірлердің тұр­ғындары ғана емес, сонымен қатар барша қазақ халқы болды. Осы орайда Президенттің ұлтжандылығы, стратегиялық жағынан көре­ген­ділігі, ұлттық мүддеге деген қы­рағылығы мен халықтың мұң-мұқтажын жақсы сезіне бі­летіндігі әбден байқалды. 

Еуразия континентінде бауырлас басқа түркі елдері іспеттес Байқал мен Балқанның дәл ортасында орналасқан Ұлы далада қазақ халқы да көне заманнан бері өмір сүріп келеді. Ұлан-байтақ еліміздің Күнгейі мен Теріскейінде, Батысы мен Шығысында халықтың пас­сионарлық дамуына әсер ететін қасиетті жерлері аз емес. Ондай жерлердің болуы ұлты­мыздың жанашырлары, лидерлері және бәсекеге қабілетті элитаның пай­да болуына тікелей ықпал етті. Бұл географиялық немесе ұлт­тық кодтың бір белгісі, өл­шемі ретінде саналатын дүние.

Елбасы кезінде айтып өткен­дей, ұлттық код, ұлттық мәде­ниет сақталмаса, ешқандай жаң­ғыру болмайды, сондай-ақ алға басу үшін ұлттың дамуына ке­дергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Әлбетте, осындай қасиетті жерлердің қатарында, өзіне тән ұлттық және географиялық ерекшеліктері бар аумақтардың бірі – киелі Торғай.

Жапон билігі әзірлеп, бекіткен Ұлттық қуат мемлекеттік стратегиясына сәйкес, құжат ұлттық мораль мен ұлттық рухты қоса алғанда, «жұмсақ» және «қатаң» өлшемдерден тұрады.

Қазақ даласын отарлау кезін­де лайықты тойтарысты Торғай өңірі осы ұлттық мораль мен ұлт­тық рух арқылы жасады. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азат­тық көтерілісі осы Торғайдан бас­талып, одан әрі Жетісуда жал­ғасты. Көтерілістің шығу себе­бі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни отарлық езгінің кү­шеюі, жерді тартып алу және т.б. Көтерілістің басталуына ресей­лік патшаның 1916 жылғы 25 мау­сымда армияның қара жұмы­сына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.

Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған сти­хиялық бас көтерулер бас­тал­ды. Ол бір­тін­деп ұйым­дас­қан сипат алды.

Өңірде ұлттық мораль мен ұлт­тық рух болғаннан және сақ­талғаннан Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатов, т.б. сияқты тұлғалардың өмірге келуі заңды құбылыс.

Осы орайда экономикалық және демографиялық өлшем­дерді есепке алмағанда, Торғай өңірінің әлеуетін келесі кейстермен негіздеуге әбден болады.

Ұлтты оятудағы Ахмет Байтұрсынұлының кейсі:

Торғайда туған рухани кө­семіміз, Алаш өкіметі ли­дер­­­лерінің бірі, ғалым Ахмет Бай­тұрсынұлы «Қазақ» га­зетінің 1915 жылы шыққан ғылыми талдау еңбектерінде қазақ хал­қының мұң-мұқтажын көтере­ді. Ұлттық мүддеге арнал­ған Ахаңның көзқарастары осы газеттің «Шаруашылықты яғни эко­номиканың өзгеруі» атты ай­дарымен шыққан бір­неше мақалаларда жан-жақ­ты көр­сетіл­ген. Ұлттық мүдде тұр­ғысы­нан Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның пікіріне қарағанда, қоғамның дамуына келесі қоз­ғаушы күштер әсер етеді. Олар:

  1. Табиғи орта;
  2. Халықтың тығыздығы;
  3. Техникалық прогресс;
  4. Басқа елдерді жаулап алу;
  5. Саясат пен құқық;
  6. Дін мен адамгершілік;
  7. Білім мен оның таралуы;
  8. Сыртқы елдердің әсер етуі;

9.Мемлекеттің қойған мақсаты.

Ахаң жасаған тұжырымды ескере отырып, ұлттық қуатты сипаттайтын төмендегі қоры­тын­дыға келуге болады: ұлт­тық мүдде материалдық базис­ті, сол ұлттың жаңа идеялар­ды қа­лыптастыру және қабыл­дау қа­білеттілігін, елдің халық­ара­­лық байланыста атқаратын рө­лін, сондай-ақ мемлекеттің қолын­да бар барлық ресурстың жиынтығы.

Басқа сөзбен айтқанда, Торғай өңірін қайта жаңғыртсақ, болашақта Алаштың жаңа, заманауи қайраткерлер мен пат­риоттардың өмірге келулеріне әкімшілік-аумақтық және әлеу­меттік-экономикалық алғы­шарт­тар жасаймыз.

Торғайдың ғарыштық немесе кванттық толқындар кейсі:

Киелі Торғай өңірінде әлемге әйгілі Үштоғай квадраты яғни шаршысы орналасқан (Torgay geoglyphs. Ushtogay square). Нысанның орналасқан жері: Аман­гелді ауданы Үштоғай ауылынан шығысқа қарай 15 шақырым жерде. Бүкіл әлемдік ғалымдар назарын жұмбақ Торғай геоглифтері – ұшар биіктен яғни ғарыштан ғана көрінеді. Ол геометриялық және пішінді өрнектер. Жалпы, осы аймақта 200-ге жуық осындай таңбалар бар. Нысандар туралы алғашқы рет 2007 жылы қолжетімді Google Earth бағдарламасындағы ғарыштан түсірілген суреттерге зерттеу жүргізген сарапшылар (Д.Дей) нысандар қатарын тапты. «Үштоғай шаршысы» геоглифінің белгіленген диагональдар ұзындығы 406 м. Диаметрі 10-12 м, биіктігі 1 м болатын 101 үйіндіден тұрады. Эзо­териялық ілімді ұстанғандар гео­глифті «күш беретін орын», адам мен ғарыштың энергетикалық байланыс жолы деп есептеуде.

Ең басты ерекшелігі, шар­шы­ның аумағы бойынша ешқандай жануар аяқ баспайды, бармайды, тіпті үстінен құстар да ұшпайды. Бір тылсым күштің бар екені рас. Бір таныс кісі жеңіл машинасын осы шаршы ішіне 20 минутқа қалдырып кеткенде, көліктің аккумуляторы осы уақытта балқып, еріп кеткен.

Шаршының емдік қасиет­тері де жоқ емес, энергетикасы ғажап. Таңғалдыратын құбы­лыс бар: ішінді 20-30 минут болсаңыз, шаршы сыртында 2-3 сағат уақыт зымырап өтіп кетеді. Демек уақыт пен кеңістік айыр­машылығы бар. Сол себеп­тен болар, бұрынғы КСРО (Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, А.Айым­бетовті қоса алғанда), соңы­ра Ресейдің ғарышкерлері үнемі осы өңір арқылы Жерге қонып жатады. Былайша айтқан­да, ғарыш пен осы жердің ортасында бір құпия даңғыл мен дәліздің бар екендігі ақиқат.

Сайып келгенде, жоғарыда кел­тірілген ойлар  мен страте­гия­­лық жағынан маңызды ба­сымдықтарды басшылыққа ала отырып, төмендегі тұжырым­дарды жасауға болады.

Біріншіден, бюджеттік тап­шылық заманында жабылған облыстар мемлекеттік бюджет көлемі ұлғайғасын қайтадан ашылуда. Тізімге енбей қал­ған тек қана Торғай. Демек, дискриминациялық принцип тұрғысынан осы өңірдің құқық­тары тиісті шешімін таппады.

Екіншіден, Торғайдың қайта облыс болмауының негізгі критерийлері (өлшемдері) экономика мен демография болды. Сон­дықтан осы өңірдің әбден тозған барлық саладағы инфра­­құрылымын қайта жаңғырту жөнінде Үкіметтің кешенді бағдарламасын қабылдау керек. Егер ауыл шаруашылығына түбегейлі инвестиция құйылса, өңірдің демографиялық жағ­дайы біртіндеп жақсарады.

Үшіншіден, биыл осы өңірде өмірге келген ұлт ұстазы, рухани көсеміміз, Алаш өкіметі лидерлерінің бірі, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтіледі. Сол себептен және Ахаңның рухына мемлекеттік деңгейде тағзым ету тұрғысынан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев киелі Торғай өңіріне барса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін Президент Әкімшілігі мен Үкімет алдын ала ұйымдастыру жұмыстарын бастағаны жөн.

Төртіншіден, кезінде Ұлы даланың мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ Асан­қайғы (XIV-XV ғасырлар) РФ космодромы орналасқан қасиетті Байқоңырды Жердің кіндігі деп бекер айтпаған. Ғарышкерлердің әуеге тура, шапшаң ұшатын жері Байқоңыр болса, ал олардың әуеден тура, шапшаң қонатын жері Торғай өңірі. Сондықтан ға­рыштық және кванттық бағыт­тарда ұлттық мүдделерді барын­ша қорғап, Қазақстан билігі қа­сиет­ті және киелі екі жерді де өз құзыретіне айналдырған орынды.

Бесіншіден, Торғай өңіріне облыс мәртебесін беру популизм емес. Ол ерте ме, кеш пе түбі шешілетін мәселе. Ұлттық қуат стратегиясының компоненті ұлттық мораль мен ұлттық рухтың бір қайнар көзі осы өңірдің топырағында жатыр. Сонымен қатар облыс жабылғанда осы өңірде тұрған және көшіп кеткен 290 мыңға жуық торғайлық Мемлекет басшысының лайықты шешімін қолдар еді, барша қазақ халқы өз ризашылығын білдіретін болады.

Сөз соңында келесі іріктелген ойды өрбітуге болады. Сонау сақтар мен ғұндар заманынан келе жатқан киелі Торғай топы­рағы ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің территориялық тұтас­тығын сақтап қалу аясында талай пассионарлық дүмпулер мен ұлтжанды азаматтарды сыйлады.

Абайдың әкесі Құнанбайдан қалған ұлағатты сөз бар: «Адам өседі, Жер өспейді». Түбі Торғай жерінде де демография жағынан халық санының өсетініне кәміл сенеміз.

 

Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,

Экономикалық саясат институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі

жоғары кеңестің комитет мүшесі