Қазақстан • 22 Сәуір, 2022

Ширек ғасырға толған шежіре

218 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық реформаларды жүргізу барысында құқықтық статистиканың бірыңғай органын құру қажеттігі туындады. Ол кезде статистиканы әр орган өздері қалыптастыратын, араларында ешқандай жүйе болмаған. Бұл еліміздегі қылмыстылықтың жағдайына дұрыс және толық баға беруге мүмкіндік бермеді.

Ширек ғасырға толған шежіре

1997 жылғы 22 сәуірде Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты ше­шім қабылдады. Ішкі істер, Әділет министрліктерінің және бұрынғы Мем­лекеттік тергеу комитеті Кри­ми­налдық ақпарат орталығының статис­тикалық қызметтерінің базасында Бас прокуратураның жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды.

Осылайша, өз тарихында алғаш рет құқықтық статистика қадағалау орга­нының қарамағына берілді. Бұл саланы мұндай қайта құру ол кезде тек Қазақстанда ғана болды. Қазірдің өзінде ТМД елдерінің арасында бақылау-қа­дағалау функциялары бар біздің ко­митетке ұқсас мекеме жоқ. Бұл – қа­зақстандық прокуратураның және жал­пы еліміздің құқықтық жүйесінің ай­рықша ерекшеліктерінің бірі.

Бастапқыда құқықтық статистика органдарының міндеттері шектеулі еді. Бірақ мемлекетіміздің дамуы және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау міндеттерінің кеңеюі комитеттің жұмысын көркейтіп, прокурорлық қа­дағалау мен IT технологияларды үй­лес­тіре отыра, заманауи ақпараттық орган­дардың біріне айналды.

Сапалы басқару шешімдерін қабыл­дау үшін, комитет қылмыстың жай-күйі, құқық қорғау органдары мен сот­тардың қызметі туралы құқықтық ақ­паратты қалыптастырудың бірыңғай тетігін ұйымдастырды. Арнайы есепке алуды жүргізу, анықтамалық және мұрағаттық жұмыс ретке келтірілді, са­ла­лық заңнаманың негізгі нормалары қабылданды. Қазіргі таңда комитет қылмыстық, азаматтық және әкім­шілік салаларда 23 статистикалық және талдамалық есеп қалыптастыруды қам­тамасыз етіп отыр. Соттылығы туралы, теріс себептермен жұмыстан шы­ға­рылған, іздестіріліп жатқан қылмыс­керлер, борышкерлер, хабар-ошарсыз кеткен және т.б. мәліметтер бо­йынша арнайы есепке алудың 24 түрі жүргізіледі.

Ақпараттық жүйелердің көмегімен қазір соттылығы және қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтердің барлығын жедел алуға болады. Бұл өз кезегінде жаңа құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу, сондай-ақ күдіктілердің іс-қимылына және олардың мүлкіне шектеу қою бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Құқықтық ақпарат азаматтар мен заңды тұлғалар үшін ашық және қолжетімді.

Бүгінде қылмыстық процес­те аза­мат­тардың конституциялық құқықта­рын қорғау, сондай-ақ есептен жасырыл­ған қылмыстарды анықтау комитет жұ­­мы­сының басым мақсаттарының бірі­­не айналды. Бұл бағыттағы жұмыс­ты қамтамасыз ету үшін заманауи ақпа­рат­тық жүйелерді қолдана отырып, ақ­парат­тық-статистикалық жүйе дамытылды.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тергеу және прокуратура органдары кезең-кезеңмен қылмыстық іс бойынша негізгі шешімдерді электронды түрде реттеп отыруға көшті. Енді күдікті деп тану, оның іс-әрекетінің және қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ айыптау актісі прокурордың ке­лі­сімінсіз заңсыз деп есептеледі. Бұл өз­герістер күдіктілердің де, жәбірле­ну­шілердің де конституциялық құ­қық­тарын қорғап, тергеудің объек­тивтілігі мен тергеушілердің уақы­тын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ электронды келісім тергеу органдарының басшылығы мен қада­ғалаушы прокурор қылмыстық істердің тергеу барысын онлайн режімінде бақылай алады.

Сонымен қатар биылдан бастап қыл­мыстық процестің үш буынды моде­лінің екінші кезеңі енгізілді, онда тергеушілерге сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептерді және прокурорларға аса ауыр істер бойынша айыптау актілерін енгізуге өкілеттіктер берілді. Бұл ретте құқықтық статистиканың дәйектілігін қадағалауды қашықтан жүзеге асыру және уәкілетті мемлекеттік органдарды, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушыларды объективті құқықтық ақпаратпен қам­тамасыз ету процесі дамуда.

Соңғы бес жыл ішінде комитет басқа органдармен бірлесіп, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бес жобаны енгізді. Олар: электронды қылмыстық іс, әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі, тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі, электронды өтініштер және талдау орталығы.

Электронды қылмыстық іс жо­ба­сы­­-
ның шеңберінде сот ісін жүргізу элек­­тронды форматқа ауыстырылды, бұл істерді тергеп-тексеруге және оларды цифрлы жүйелер арқылы сотта қарауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны енгізу сотқа дейінгі тергеу органдарының және қылмыстық процестің барлық қатысушысының жұмысын оң­тай­-
­ландырды. Осы­ның арқасында қыл­­­­мыстық процес­тің ашықтығы қамта­ма­­сыз еті­ліп, іс материалдарына онлайн қол­же­тімділік, sms хабарламалар арқы­лы сотқа шақырту алу мүмкіндігі пайда болды.

Қылмыстық процестің барлық қаты­сушысы, оның ішінде адвокаттар, элек­тронды қылмыстық істердің мате­риалдарына Сотқа дейінгі тергеп-тек­серудің бірыңғай тізілімінің (СДТБТ) «Жария секторы» арқылы он­лайн қол жеткізе алады. Ол үшін qamqor.gov.kz порталында электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен авторлану жет­кілікті. Онда іс жүргізу құжат­тарының көшірмелерін көруге, өтініш беріп және оған жауап алуға болады.

Өткен жылы комитеттің ақпараттық жүйелерін Жоғарғы соттың «Төрелік» бағдарламасымен біріктірілді. Осының арқасында қылмыстық істер материалдары мен санкциялар сотқа электронды форматта жолданатын болды. Осыған ұқсас жұмыс Әділет министрлігінің «Е-Заң көмегі» және «Е-Сараптама» жүйелерінде де жүргізілді. Нәтижесінде, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде адвокаттарды және сот сараптамаларын тағайындау автоматты түрде жүргізіле бастады.

Қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу күннен-күнге ұлғайып келеді. Бүгінгі күні электронды форматта қаралған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 88 пайыздан асты.

Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі жүйесі де сәтті іске асырылуда. Бұл жүйеде құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, ол бойынша шара қолданып, жазаны орындаумен аяқталатын әкімшілік іс жүргізудің бүкіл процесі автоматтандырылды.

Бұл жедел әрі ашық процесті, аза­маттарға айыппұлдарды тез және ың­ғай­­лы төлеуді, сондай-ақ адами фак­торды болдырмай, процессуалдық қате­­лік­­тер­­­ге жол бермеуге мүмкіндік мол. Цифр­­­­ландырудың арқасында мем­ле­­кет­­тік органдар қызметкерлерінің де, аза­маттардың да уақыты едәуір үнем­делді.

Бұрын полиция қызметкеріне қағаз хаттаманы жасауға 20-30 минут қажет болса, қазір он есе аз уақыт жұмсалады. Іс бойынша мән-жайлар планшетте толтырылады, ал құқық бұзушыға айыппұлды бірден, 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік беріледі. Айта кетерлігі, егер 2010 жылы айыппұлды төрт құқық бұзушының біреуі ғана төлесе, ал қазір төрт құқық бұзушының үшеуі өтейді.

Осы әкімшілік жүйеге қосылған бейнетіркеу құралдарын жаппай енгізу «жазаның бұлтартпастығы» қағидатын сақтаудың тиімді құралдарының біріне айналды. Барлық бұзушылықтар «Про­цессинг» орталығында тіркеледі, ал оларды жасаған азаматтар қысқартылған өндіріс тәртібімен әкімшілік айыппұл төлеу қажеттігі туралы sms хабарламаны автоматты түрде алады. Айыппұлды төлеу Қазпошта немесе 20-ға жуық банктің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда әкімшілік хаттамалардың 88 пайызы электронды форматта жасалады.

Прокуратураның тағы бір басым міндеттерінің бірі – бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау. Осы бағытта комитет арнайы Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесін жүзеге асырып, кәсіпкерлерді бақылаушылар тарапынан негізсіз қысымнан қорғаудың құралын жасады. Бұл жүйеге тексерулерді та­ғайындау туралы актілер, олардың мерзімдерін ұзарту туралы құжаттар және электронды форматтағы тексеру нәтижелері енгізілген.

Комитет әзірлеген Qamqor мо­бильді қосымшасы арқылы кәсіпкер тексерудің заңдылығын, оның мәні мен мерзімін біле алады, сондай-ақ тексерушілер туралы мәліметтерді көреді. Егер кәсіпкер тексеру барысымен келіспесе, ол прокуратураға онлайн шағым жібере алады, оған арнайы мобильді топтар жауап береді. Қосымшаны қазірдің өзінде 110 мың­нан астам кәсіпкер пайдаланды.

Келесі жоба – прокуратура орган­дары мен мемлекеттік органдар­дың міндеттерін шешу үшін көпфунк­ционалды талдау құралы ретінде әзір­лен­ген Талдау орталығы. Әкімшілік, азаматтық және қылмыстық құқықтық салалардағы барлық ақпарат бірыңғай платформаға шоғырландырылған. Осы орталық арқылы белгілі бір уақыт аралығында, аумақтар, талдау түрлері мен объектілері бойынша құқықтық статистиканы бақылауға және салыстыруға болады. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жедел қабылдауға, елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Комитет 2021 жылғы 1 шілдеден бас­тап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігімен бірге «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін іске қосты. Бүгінде бұл жүйені барлық мемлекеттік орган мен 180 мыңнан астам адам пайдаланады. Бірыңғай платформа өтінішті тіркеуден бастап, жауап жолдауға және оны қарау сапасын бағалауға дейінгі бүкіл процесті автоматтандырады. Оны мобильді қосымша немесе ақпараттық жүйенің жеке кабинеті арқылы көруге болады. Барлық жоба 2021 жылдың соңында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.

Президент азаматтардың проблемаларын уақтылы шешу және дұрыс құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында талдау құралдарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Біздің тәжірибемізді кейбір шетелдік әріптестер назарға алып, қазақстандық үлгі бойынша өздерінің цифрлы жүйелерін құруда.

БҰҰ сарапшыларының айтуынша, Қазақстанның бірыңғай құқықтық статистикасы қылмысты бақылаудың тиімді құралына айналды. Ресей Ішкі істер министрлігінің Бас ақпараттық-талдау орталығының мемлекетаралық ақпараттық банкімен, Еуростатпен және АҚШ Әділет министрлігінің Статистика бюросымен тығыз өзара іс-қимыл жүргізілуде.

Қазіргі таңда БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында комитет қылмыстарды жіктеудің халықаралық тәжірибесін енгізуде. Бұл Қазақстандағы қылмыс туралы статистикалық дерек­терді басқа елдермен жүйелеуге және салыстыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек комитет балаларға қатысты зорлық-зомбылықты өлшеуге арналған талдамалық құралды әзірлеу жөніндегі халықаралық сараптамалық жұмыс тобына кірді. Топ құрамында әлемнің 107 елінің өкілдері бар.

Бүгінгі күні комитет басқа да көптеген маңызды жұмысты қолға алып келеді. Біздің жетістіктеріміз – барлық құқық қорғау органымен өзара іс-қимыл жасай отырып, құқықтық статистиканы қалыптастыратын ведомствоның әр қызметкерінің нәтижелі жұмысы. Комитет қызметкерлері уақыт талабына сәйкес құқықтық статистика жүйесін цифрландырудың бастамашысы болды деп айтуға толық негіз бар. 25 жылдығымыз қарсаңында құқықтық статистика органдарының ардагерлері мен барлық қызметкерін құттықтаймын.

 

Сәбит НҰРЛЫБАЙ,

Бас Прокуратураның

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы