Кейде адамның ой кеңістігі жер-әлемнен де үлкен сияқты көрінеді. Мәселен, таңғы кофеңді ішіп отырып, сөредегі гүлге су құю керектігінен бастап қираған Мариупольге дейін ойша бір шолып шығасың: нәзіктік пен қатыгездік.
Тағы не ойладық?...
Астанаға көктем келді
Адамның көңіл күйіне белгілі бір деңгейде ауа райы да әсер етеді. Алты ай қыстан соң астанаға да көктем келді. Көктемнің алғашқы жаңбыры жауды. Арқа төсіндегі халық үшін бұл – үлкен қуаныш. Кешқұрым серуенге шығып, күннің жылығанын сезу, көктемнің иісін иіскеу – болмашы болса да бақыт. Әрине, бұл күйді тек астаналықтар түсінеді. Қазақ өзі кез келген жақсылыққа құтты болсын айтқанды, сүйіншілегенді жақсы көретін халық қой. Ал көктем құтты болсын, астаналықтар.
Қазақша киноны қалай көреміз?
Ресейге қатысты енгізілген санкциялардан кейін еліміздің кинотеатрларында Голливуд фильмдері көрсетілмей қалуы мүмкін. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазір шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Яғни алдағы уақытта шетелдік компаниялар киноөнімдерін Қазақстанға тікелей беретін болады. Осы тақырыптың аясында қоғамда қазақтілді дубляж мәселесі де қозғала бастады. Кинотанушылар мен режиссерлер отандық прокатқа енетін кез келген фильм тек қазақша субтитрмен беріліп қана қоймай, қазақ тілінде дубляждалуын да талап етуде. Құптарлық ой. Алайда оның сапасы сын көтере ме? Мәселен, қазір кинотеатрға барсаңыз, шетелдік фильмнің қазақша субтитрін оқып отырып, күлесің. Қате көп. Ал телеарналарда көрсетілетін қазақ тіліне дубляждалған шетелдік фильмдерді көру тіпті мүмкін емес. Осыдан соң кинотеатрлардағы фильмдер қазақша дыбысталатын болса, ол сеансқа қанша көрермен барады екен?..
Адам да әр нәрсені бір ойлай береді екен ғой. Айтпақшы, Жапонияда сакура гүлдеді...