Спорт • 22 Сәуір, 2022

Соныға соқпақ салған

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Спорт саласын өзіне тақырып еткен Дендербай Егізов түсірген сурет­терінен көрме өткізгенде, бірінші планға еліміздің ауыр атлет командасын қоятын. Көзің тоятын кілең сом мүсіндердің арасында бойы бәрінен биік ірі тұлғалы Ізбасар Оразбақұлы тұратын. Ол – кәдімгі исі қазақ жастары арасында ауыр салмақта тұңғыш КСРО спорт шебері атанған азамат.

Соныға соқпақ салған

Осы мәртебелі атаққа І.Ораз­бақұлы 1966 жылы қол жеткізді. Олег Чапайкин, Николай Пахутко және Владимир Дрекслер сынды атақ-даңқтары алысқа жайылған саңлақтармен иық тіресе жат­тыққан ол түрлі жарыстарда рес­публика намысын абыроймен қорғады. Душанбе, Ташкент, Киев және басқа қалаларда өткен дүбірлі додаларда елеулі табыс­тарға қол жеткізді. Ол кезде ауыр салмақта күш сынасатын қазақ зілтеміршілері мүлде жоқ еді. Әйгілі Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановқа еліктеген қарадомалақтар негізінен бокс немесе күрес үйірмелеріне баратын. Уақыт оза  Ізбасардың ізімен осы спорт түрін серік еткендердің қатары көбейе бастады.

Орталық Азия мен Қазақстан темір­жолшылары арасында Кеңес Одағының чемпионы атанған Ізба­сар Оразбақұлы спорт пен қызметті қатар алып жүр­ді. Ол бірнеше ерікті спорт қоғамдарында нұсқаушы, жат­тықтырушы, төраға бола жүріп, ара-тұра байрақты бәсекелерде де бақ сынады. Соның бірі – 1990 жылы Марокконың Мехнас қаласында жеңіл атлетикадан ардагерлер арасында өткен әлем біріншілігі. Аталған жарыс­та 100 метрге жүгіру және ядро лақтырудан алдына жан салмаған Ізбасар бас жүлдені олжалады. Осы орайда, кейіпкеріміздің 1991-2006 жылдар аралығында Алматы қала­лық денешынықтыру және спорт басқармасын басқарғанын да айта кеткен абзал.

Аттай 16 жыл бойы қала спор­тының тізгінін ұстаған аза­матқа Алматыдағы «Халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқа­ралық сауықтыру-денешы­нықтыру» клу­бының директоры қызметін атқару пәлендей қиындық туғызған жоқ. Оның үстіне Ізбасар 1992 жылы Бар­селона (Испания), 1996 жылы Атланта (АҚШ), 2000 жылы Сидней (Аустралия) және 2004 жылы Афинада (Грекия) алауы тұтанған Олимпия ойындарының куәсі болып, бес құрлықты армансыз шарлады. Сол жарыс­тарда жинаған мол тәжірибесін жұмыс барысында оңды пайда­ланды. Соның арқасында «Рес­публика мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері», «КСРО денешынықтыру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» және «Жоға­ры дәрежедегі төреші» деген атақ­тарды иеленді.

І.Оразбақұлының елімізде бұ­қаралық спорттың дамуына сіңір­­­­­ген еңбегі зор екенін барша жұрт жақсы біледі. Медеу шат­қалындағы «Баспалдақ» бәсе­кесі, Алматы облысының аума­ғындағы Қыр­ғауылды ауы­лындағы қар үстіндегі қысқы ойын, Жамбыл музейіне шаңғымен екі күндік жорық, Алматы қаласындағы жа­ңа­­жыл­дық түнгі желаяқтар сайыс­ы... осының барлығы аталған азаматтың тың идея­ларының же­місі. Ізбасардың жетек­шілігімен жүзеге асырылған аталған іс-шара­лардың мәні мен маңызы өте зор еді. Мәселен, түнгі жаяу жарыс ұйымдас­тырудағы мақсат  – Жаңа жылды аққайнар атып, арақ-шараппен қарсы алу дәстүрін бұзу. Түнгі сағат 00.00-ге 15 минут қалғанда Абай даңғылымен жүгіру басталады. Оған тоғыз бен 90 жас арасындағы адамдар қатысып, олар Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайының алдында орнатылған зәулім шырша маңына жүгіріп жетуге тиіс. Озғандары жүлде алса, қал­ған­дары ойын-сауық құрып қайтады. Бір сөзбен айтсақ, саламатты өмір салтын насихаттаудың бірден-бір даңғыл жолы.

Ізбасардың осы саладағы көшбасшы­лық бастамалары өз замандастары мен қала тұрғындары арасында өте жоғары бағаланды. Грек-рим күресінен әлем және Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров: «Оның есімі рес­публикада алғаш рет дәстүрлі емес денешынық­тырудың не­гізін қалаушы әрі сауықтыру-бұқа­ралық жұмыстарды өмір­ге енгізуші ретінде тарихта қал­ды», десе журналист-жазу­­шы Несіп Жүнісбайұлы: «Алма­тыда бұқаралық спортты өр­кендету мен саламатты өмір салтын орнықтыруда Ізба­сар Ораз­бақұлының төккен тері Мемле­кеттік сыйлыққа әбден лайық» деген ой айтқан еді. Әрине, одан бері де ықылым уақыт өтті. Дүниені ұйпалаған оқыс оқиғалар небір атпал азаматтарды арадан алып кетті. Сымдай тартылған сымбатты, от жүректі, сом білекті спорт сардары Ізбасар Оразбақұлы да ойда-жоқта о дүниелік болды. Артында мыңдаған жанкүйері мен шәкірттері қалды. Ғалым, Сүйін секілді ұлдары әке аманатын арқа­лап, мемлекет, қоғам алдындағы азамат­тық парыздарын адал атқарып жүр.

Ізбасардың артында қалған ізі көп, сайрап-ақ жатыр. Өзі 63 жыл ауасын жұтқан Алматыда оның атында бір белгі қалуы керек еді ғой. Оған телегей-теңіз төккен тері лайық деп білеміз. Қала­ның әкімдік, оның құзырындағы денешынық­тыру және спорт басқарамасы алдағы уақыт­та Ізбасар Оразбақұлын еске алуға тұ­рар­лық іс-шараны ойластырады деп үміттенеміз.

 

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,

байырғы спорт журналисі