Қазақстан • 25 Сәуір, 2022

Жайылым мәселесі қалай шешіледі?

454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары өңірлерде қосалқы шаруашылықтардың мұқтаждық­­тары үшін жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету мәселесін талқыла­ды. Жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеу үшін депутаттар Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстарына барды.

Жайылым мәселесі қалай шешіледі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мал ұстайтын фермер мен ауыл тұрғындарының жайылым жерлерге қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.

Депутаттар ауыл тұрғындарымен кез­десу­де жайылымдық жерлердің жетіс­пеу­шілігі проблемасы бұрыннан бар екенін атап өтті. Олар 2017 жылы жайылым­дар­дың тапшылығы проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң қабылданғанын, бұл құжаттың жайылым жерлерді ұтымды пайдалануға және жердің тозу процестерін болғызбауға бағытталғанын айтты.

Бұл заңға сәйкес әрбір аудан әкімдігі аудандық маңызы бар қала, ауыл әкімдері­мен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды әзірлеп, оны жергілікті мәслихатпен бекітуге тиіс. Депутаттар өз тарапынан азамат­тар­­дың про­блемаларын жүйелі шешу үшін барлық заңнамалық шараны қарас­тыр­ғанына назар аударды.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, жер­гілікті жерлерде әкімдіктер жайылым­дарды пайдалану мәселелерін реттеу бойынша жұмысты өз деңгейінде атқара алмай отыр. Әкімдіктер жайылымдардың аумақтарын анықтау бойынша жұмысқа кіріспеген.

Депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын, сол жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау, ұтымды пайдалану үшін іздестіру, жобалау жұмыстарын жүргізуі қажет екенін айтып, бұл мәселемен бірде-бір мемлекеттік органның жүйелі түрде айналыспағанын атап өтті.

Түркістан облысының Қазығұрт және Төлеби аудандарының тұрғындары депутат Қайнар Абасовқа жайылымдар мен жер телімдерінің жетіспеушілігі тура­лы баяндап, бұл мәселенің ауыл арасын­да түсінбеушілікке жиі әкелетініне тоқ­талды.

Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылы­ның ақсақалдары «Түркістан» әлеумет­тік-кә­сі­пкерлік корпорациясы» АҚ балан­сын­дағы 15,3 мың гектар аумақ арнайы жер қорына қайтарылуы керек екенін айтты. Талқылауға қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері биыл 44 мың гектар жайылымды қайтару жоспарланып отырғанын айтты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Төлеби ауданының Кавказ ауылдық округіндегі жағдай мүлдем басқаша. 2019 жылы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі­не 1 558 га жер берілді. Жайылым алаңы – бар-жоғы 400 гектар. Тұрғын­дар 1 558 гек­тар жайылым халықтың қа­жеті үшін мемлекет меншігіне қайтарылса деген тілегін білдірді. Ауыл тұрғындары ұлттық саябақтың құрамына кіретін жер учаскесіне арналған қаулы мен мемле­кеттік актіні жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.

Кездесуге қатысқан аудан әкімдігінің өкілдері мен облыстық жер қатынастары бөлі­мінің мамандары жергілікті тұрғын­дардың осы тілектері мен талаптарын тыңдады.

«Мемлекет басшысы ауыл айналасын­дағы жерлер ортақ пайдалануға қайтары­ла­тынын айтты. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер бар? Бұл жөнінде жергілікті атқарушы биліктен ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған аумақтар жеке меншікке ешқашан өтпейді. Ол елге ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер кодексі мен заң нормалары бар. Түркістан облысына қатысты барлық ұсынысты қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесуді жоспарлап отырмын», деді депутат Қайнар Абасов.

Сонымен қатар Қарағанды облысына барған депутаттар Шамиль Осин мен Аманғали Бердалин де жайылымдармен қамтамасыз ету жағдайы мен ауыл тұр­ғындарын толғандыратын бірқатар өзек­ті мәселені талқылады. Осыған байланыс­ты депутаттар Нұра ауданындағы «Шахтер­ский» ЖШС ұжымымен, сондай-ақ Осакаров ауданы тұрғындарымен кездесті.

Ал Мәжіліс депутаттары Асқарбек Үйсімбаев, Ерлан Саиров және Мәди Елюбаев Ақмола облысының Зеренді және Шортанды аудандарында жер қатынастары саласындағы жайттарды талқылап, жайылым мәселесін көтерді.

«Жергілікті атқарушы органдар заңға жеткілікті түрде назар аудару керек. Ауыл тұрғындары арасында түсініспеушілік пен наразылықтар туындауына және жер мәселесі бойынша даулардың көбеюіне жол бермеуге тиіспіз. Бұл мәселені тезде­тіп қолға алмасақ, жер дауы халық арасында бұдан әрі өрши беретіні анық», деді депутат А.Үйсімбаев.