Қазақстан • 26 Сәуір, 2022

Ауылды дамытуға көңіл бөлінеді

552 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма бергені белгілі. Жиын барысында салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Ауылды дамытуға көңіл бөлінеді

Палата Төрағасының орынбасары Павел Казанцев кейінгі үш жылда республикалық бюджеттен 206 млрд теңге қаражат бөлініп, 2,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл 250 тұрғын үй-коммуналдық нысанды, 676 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысанын жаңғыртуға мүмкіндік берген.

Парламенттегі бұл жиында депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» жобасын орындау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Бүкіл ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалды. Оларда ауыл тұрғындарының 89 пайызы тұрады. Осы 3,5 мың ауылдың 1 171-і тірек ауыл және 2 368-і олардың айналасына жақын орналасқан серіктес ауыл. Бұл ауылдарды дамыту аталған жоба аясында бірінші кезектегі мәселе ретінде жүзеге асырылады», деді Ә.Қуантыров.

Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар. Ондағы халық саны 7,7 миллионнан асады. Министрдің айтуынша, 4 429 ауылға орталықтандырылған су барған. Аудан орталығына дейін асфальтталған жол салынған ауылдар саны 5 535-ке жеткен.

«2021 жылы жобаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Ауыл – ел бесігі» жобасына енген ауылдарға инвестиция тартудың тиімділігіне талдау жасадық. Мысалы, 2019-2020 жылдары Павлодар облысының Ертіс ауданындағы 2 ауыл жобаға енді. Оны жүзеге асыру нәтижесінде ауылдарға 2,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылды», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Қазанқа, Саржансай, Жайсаң, Сарыжар ауылдарында 2021 жылы 5,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражат 50 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады. 2022 жылы даму әлеуеті бар 492 ауылда 914 жобаны іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді.

«Бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 95 жобаны, 313 әлеуметтік инфрақұрылымды іске асыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 123 білім беру жобасын, 51 денсаулық, 62 мәдениет және 77 спорт жобасы бар. Сонымен қатар 506 көлік инфрақұрылымы жобасы жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» аясында батыс және оңтүстік облыстарға 20 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жос­парланып отыр. Бұл қаржы халықты әлеуметтік-мәдени, спорт және білім беру инфрақұрылымын дамытуға арналады. Бөлінетін қаражат мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, спорт нысандарын салу, қайта жаңғырту және жөндеу бойынша жобаларға жұмсалады», деді Ә.Қуантыров.

Бұдан кейін Мәжілістің Экономи­калық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау жоба барысында жіберілген кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, жоба ауыл­дық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беруге, бірінші кезекте, ауыл халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға арналған.

«Іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың 665-ін ғана қамтыған. Яғни үш жылда 18 пайыз ғана ілгерілеу болған. Алдағы төрт жылда жоба 2 870 ауылды немесе 82 пайызын қамтуға тиіс. Ұлттық жоба параметрлерінің орындалмау қаупі бар», деді А.Рау.

Сондай-ақ депутат мемлекеттік органдардың «жаңғыртылған ауыл» ұғымы түсінігі өзгеше екеніне тоқталды. Мысалы, егер бір ауылда жоба жүзеге асырылса, оған мемлекеттік органдар жақын арада қайта тоқталмайтын көрінеді.

«Жаңғыртылған ауыл деген осы ма? Барлық стандарттар орындалған, басқаша айтқанда, барлық проблемалар шешілген ауылды ғана «жаңғыртылған ауыл» деп атау керек. Алдағы екі жылда «Толық аяқталған ауыл» қағидаты бойынша тірек ауылдарды жобалармен толық қамту қажет. Әйтпесе, бұл бюджет қаржысын босқа шашу.

Екінші мәселе – атқарылған жобалардың сапасына емес, санына ұмтылу. Мәселен, аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты жүзеге асқан жобалардың санын көбейту үшін басқа жобаларға жұмсалғаны анықталды. Депутаттар анықтаған тағы бір мәселе, экономикалық әлеуеті, дамыған инфрақұрылымы бар перспективалы ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Неге десеңіздер, бұл елді мекен «тірек» ауылдан 18 шақырым қашықта орналасқан, ал бағдарлама бойынша 15 шақырымнан аспау керек. Ауылдардың тағдыры осындай қағазбастылықпен шешіліп жатыр. Ауылдарды даму әлеуеті бойынша саралау сәтінен бастап үш жыл өтті. Мүмкін болатын өзгерістерді ескеріп, қолда бар тізбені, ең алдымен, ауылдық жерлердің экономикалық әлеуеті мен даму перспективаларына сүйене отырып, стандарттарды өзгерту қажет», деді А.Рау.

Сондай-ақ депутат бюджет қаража­тының жүйесіз бөлінгеніне алаңдау­шылық білдірді. Мысалы, 2021 жылы әр облыста бір тұрғынға арнап бөлінген қаражат 10 мыңнан 33 мыңға дейін жеткен. Яғни айырмашылық 3 есені құраған.

«Өңірлерде қаржы бөлуде де жүйелілік жоқ. Облыстың бір ауданында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатқанда, басқалары мүлдем ұмыт қалатыны түсініксіз. Әлі күнге дейін сусыз қалған ауылдар көп. Бұл – кез келген ауыл үшін басты мәселе.

Сондай-ақ қандай жобаларды рес­публикадан түсетін трансферттер арқылы жүзеге асыру керек екені, қандай жобаларды жергілікті бюджеттен қаржыландырылуға тиіс екені мүлде анықталмаған. Тек республикалық бюджеттен бөлінген ақшаға ғана сүйенсе, онда тәуелділік туады. Сондай-ақ бизнестің немен айналысатынын сипаттау қажет. Өйткені бірқатар стандарт бюджетке сай емес», деді А.Рау.

Депутат осы орайда жобаларды жүйе­сіз қаржыландыру бюджет қаражатының жымқырылуына әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын жұмыс­пен қамту мәселесіне де тоқтал­ды. Мәселен, 2020 жылы ондағы жұ­мыс­сыздар саны 4,8 пайызды құраған. Бұдан бөлек ауылдардағы жастардың мәсе­лесіне де ерекше тоқталды. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, ондағы жастар арасындағы жұмыссыздық қалалық жерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары.

Бұдан кейін депутаттар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуына жауапты мекемелер басшыларына сауалдарын қойды. Сұрақ-жауап барысында көптеген мәселелер көтерілді. Мәселен, депутаттар бірдей нысандардың құрылысына неліктен түрлі көлемде қаражат бөлінетініне наразылық білдірді.

«Бірдей қуаты бар жобаларға қаражат бөлу ондаған немесе одан да көп айырмашылықты құрап отыр. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Шалқия кентіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы 50 млн теңгені құраса, дәл сол 150 орынға арналған клубтың Алматы облысы Алакөл ауданы Ақтүбек ауылындағы құрылысына 518 млн теңге жұмсалған. Айырмашылық 10 есеге жеткен.

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында 160 орындық денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы 255 млн теңге болса, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде екі есе үлкен 320 орындық кешеннің құрылысына 89 млн теңге жұмсалған. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Не себепті министрлік қуатты­лығы бірдей нысандар құны бойынша елеулі айырмашылыққа жол берген?», деді депутат Мәди Ахметов.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мұндай жағдайлардың кездескенін мойындап, бұл мәселеге қатысты стандарттың қайта пысық­та­ла­тынын атап өтті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев еліміз­де нысандарға қатысты типтік жобалар әзірленгенін атап өтіп, құндағы айыр­машылық тапсырыс берушіге байланыс­ты екенін жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев пікір білдірді. Оның айтуынша, бірдей нысандар құрылысында құны бойынша еселенген айырмашылық фактілері тексерілуге тиіс. «Осындай 10 есе айырмашылыққа негіз бар ма? Ауылда қандай ерекше жабдықтар қойып жатыр? Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарау керек», деді П. Казанцев.

Бұдан кейін де депутаттар «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысында жіберілген кемшіліктерге тоқталды. Мәселен, Екатерина Смыш­ляева ауылдардағы ауруханалар мен медициналық орталықтардың мәселесін көтерді. Әмірхан Рахымжанов жоба қамтыған ауылдарда шын мәнінде оңды тірлік істелмегенін айтып, Ұлттық экономика министрін сынға алды. Оның айтуынша, көп ауылды қамту мақсатында бөлінген қаражат болмашы дүниеге ғана жұмсалған.

Талқылау барысында депутаттар ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасына, жергілікті жерлерде жайылымдық жерлерді қайтаруға, ауылдан қалаға қоныс аударған азаматтарға, тұрғын үй құрылысына, жұмыспен қам­туға, халықтың табысын арттыруға, ауыз су, жол, интернет, экологияға қатысты өзекті мәселелерге назар аударды.

Ұсынылған мәліметке сүйенсек, алдағы төрт жылда ауылдық елді мекен­дердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге тағы 670 миллиард теңге қажет, ол 7 миллионға жуық ауыл тұрғынының өмір сапасын арттыруға жол ашады. Отырыс соңында талқыланған тақырып бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді.