Сырдағы өнер тойы осы ескерткіштің ашылуымен бастау алды. Гранит тұғырға қонған бұлбұл әнші мүсіні қоладан құйылған. Ескерткіш авторлары – Мұрат Сыдықов пен Бауыржан Кененбай. Әншінің сахнаға шығуға дайындалып тұрған сәті бейнеленген жоба талай жұмыстың арасынан таңдалып алыныпты. Оның ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еркелеткен еліне ескерткіш болып оралған бұлбұл әнші есімі туған топырағында үздіксіз ұлықталып келетінін айрықша атап өтті.
– Президент тапсырмасына сәйкес, ән падишасын мәңгі есте қалдыру мақсатында елдік дәрежеде мәдени іс-шаралар басталып кетті. Жуырда Алматы қаласында ескерткіші ашылғанын білесіздер. Бүгін туған жерінде аңыз адамға арналған әсем ескерткіш бой көтеріп отыр. Елі тұрғанда Роза апамыздың есімі ешқашан өшпек емес, – деді облыс әкімі.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал әнші рухына құрмет көрсеткен жерлестеріне алғыс білдірді. Лентасы қиылғаннан-ақ ескерткіштің маңайы гүлге толып сала берді.
Осы күні Н. Бекежанов атындағы драма театрында республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсы басталды. Осыған дейін де талай дарынды жастың тұсауын кесіп, жолын ашқан дәстүрлі байқауға бұл жолы іріктеу турында 200 талапкердің арасынан 15-і таңдалыпты.
Конкурс шартына сәйкес алғашқы кезеңде конкурсанттар Роза Бағланованың репертуарындағы әндерден камералық оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтса, екінші күні ел композиторларының әндерінен біреуін орындады. Олардың өнерін таразылайтын қазылар алқасы құрамында қазақ эстрадасының жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Сейдоллаұлы, Сембек Жұмағалиев, Рамазан Тайманов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Күлән Қалымбетова және Бақтияр Тайлақбаев болды. Театрландырылған қойылым арқылы сандуғаштай сыңғыр үнді әншінің жас кезінің бір үзігін көрермен көз алдына әкелген конкурстың ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгінгі Сыр аспанын тербеген ән мерекесін ұлт руханиятының асқақтаған сәтіне балап, байқауға қатысып отырған жастарға сәттілік тіледі. Ән падишасының ұлы Тәжен мен келіні Маралға қазақы дәстүрге сай сый-сияпат жасады.
Екі күнге созылған конкурста 15 үміткердің өнерін саралаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл облысынан келген Дархан Қабылға бұйырды. Қызылордалық Adajio тобы І орынға лайық деп танылса, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас әнші Қымбат Жамбылбек пен ақтөбелік Әкімжан Шакировтер иемденді. Алматылық өнерпаздар Азамат Бекберген мен Алмагүл Батталиева, Қазалы ауданынан қатысқан Сәкен Кермеш үшінші орын алды. Батысқазақстандық Дәурен Ерман мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ілияс Қадырбай арнайы номинация иеленді. Жалпы, жүлде қорына Қазалы ауданы әкімдігі мен әншінің отбасы қомақты үлес қосты.
Бұлбұл әнші атындағы конкурс гала-концертке ұласып, Сыр аспанын әуелеген ән тербеді.