Қазақстан • 26 Сәуір, 2022

Дұрыс жазып, түсінікті сөйлейік

437 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Егеменнің» бетінде тіл тазалығы, сөйлеу мәдениеті туралы аз жазылып жүрген жоқ. Олардың, әрине осы бағыттағы олқы­лық­тардың алдын алуға, кемшіліктерді түзетуге көп көмегі де тиіп жатыр. Дегенмен біздің де бұл ретте аздаған айтарымыз болып тұр.

Дұрыс жазып, түсінікті сөйлейік

Әңгімені алдымен жақсы жайдан бастағымыз келеді, мұны сөз еткенде өзіміздің жаңалық ашып отырмағанымызды да білеміз. Жалпы, бүгінде республикалық телеарналар жұмысында үлкен серпіліс бар дер едік. Әсіресе «Қа­зақстан» ұлттық арнасының, «Хабар» агенттігінің, «Балапан» арнасының ізденістері, игі істері айрықша қуантады, ерекше риза етеді. Ал қатарға кейін қосылған «Абай» телеарнасы, шын мәнінде, туған халқымыздың көзайымы­на айналып, ұлттық рухымызды шырқау биікке көтеріп тастаған жоқ па! Қазір «көк жәшікте» таңғы алагеуімнен бастап қалың түн ортасына дейін үздіксіз созылатын түрлі концерт, шоу және т.б. неше түрлі «қызықты» көрсетілімдер­мен (әрине, көрермен үшін бұлар да қажет) қатар, көрген жанның көңіл түкпірінен ойып орын алатын, санасына сәуле құятын, жанын жадырататын, жүрегін шымырлататын ойлы, парасат-пайы­мы жоғары бағдарламалардың, өзекті мәселелерді қамтитын са­раптамалық және талдау сипа­тын­дағы хабарлардың молаюы қуантады. Халыққа жақын, көп­­тің мұңын мұңдап, жоғын жо­қ­тайтын, ел-жұрттың қамын жеген әлеуметтік бағыттағы сапа­лы хабарлар санының артуы да анық аңғарылады. Сонымен бірге бұрынғыдай емес, бүгін­де телевидениедегі жас қызмет­керлер арасында бір шоғыр жаңа­лықты, оқиғаны өрнекті ойы­мен, түсінікті сөзімен жеткізе біле­тін, шешен сөйлейтін тележурна­листер, жүргізушілердің қатары қа­лыптасып қалды. Олардың кей­­бірінің хабарды берудегі, көрсе­тудегі шеберліктері мықты деген алдыңғы толқындағы әріп­тес­терінен де асып түсіп жататыны жалған емес.

Алайда телевидениедегі тіл таза­­лығын жақсартып, сөй­леу мә­дениетін арттыру үшін біз­діңше, әлі де қыруар жұмыс атқару керек. Мұнда сол баяғы шұбар­лан­ған қасаң тіл, ала-құла сөз, сөйлем, жарымжан жарнама «өз биігінен» түскісі келмей тұрған сияқты...

Біз соңғы бір-екі жыл мұғ­да­рында теледидардағы осындай сөздерді түртіп алып жүретінбіз. Бірақ қазір оның бәрін тізіп, тіз­белеп жатудың қажеті шамалы деп есептейміз. Өйткені 2021 жылы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Сөзтүзер».Қате қолданыстар сөздігі» (өз басы­мыз оны әлі көре алған жоқ­пыз) атты аса қажетті жинақ жа­рық көргенінен хабарымыз бар. Сон­да келтірер мысалымыздың бәрі дерлік қамтылған шығар деген ойдамыз. Әйтсе де осы орайда кейбір ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.

...Бірталай жыл өтті-ау дей­міз, өзара әңгімемізде, әсіресе, теле­ди­дардағы хикаяларда «Жаным сол» деген сөз пайда болды. Бұл қай­дан шықты? Негізінде жақсы кө­ре­тін адамдарымызға қарата «Жа­­ным менің!», «Айналайын, жа­ным!» дейтін едік қой. Ал 2020 жылы «Шабдалы, 18» телехи­каясында оны «Алтындарым сол!» әспеттепті. Оның орнына «Ал­­тындарым менің!» деген әде­­мі ғой, дұрысы да осы емес пе? Қате­леспесек, осыдан бір-екі жыл бұрын «Жібек» телесериа­лы бол­ды.Сондағы кейіпкер­­лер бір-біріне қолдарын көтеріп, «Сәт­ті­лік!» дейді. Бұл орыстың «Удача!» деген сөзінің тікелей аудар­масы. Әйтпесе, өзімізше «Сәт­тілік тілеймін!», «Ісің сәтті бол­­сын,сапарың сәтті болсын!» деп айту­дың орнына қысқа қа­йыр­ған түріміз бе бұл?! 2018 жылы қар­жы пирамидасы жөнінде сөз бол­ғанда тележүргізуші әлдекім­ді «Кү­діктелуде» деді. Дұрысы, «күдікке ілінді» емес пе екен. Бір әріп­тесіміз «ЭКСПО-17» көр­ме­­сін­дегі этноауылға келушілер ме­ре­кенің көркін (дұрысы көрігін) қыз­дырды» дегенін де құлағымыз естіді...

Қазір біздің қазақтың көбі, әсі­­ресе, жастар жағы былай деп сөй­­лейтін болды: «Бару керек­піз, алу керекпіз, салу керекпіз...»  Ойбай-ау, турасы: «Баруымыз ке­­рек, алуы­мыз керек, салуымыз керек» қой! ­Мысал, 2020 жыл­ы 4 желтоқсанда, басқа болса бір сәрі,бір белгілі заңгер өзіне жү­гін­ген азаматқа теледидарда «Арыз жазу керексіз...» деп соғып отыр.

Әңгіме аяғында мына жайды да арнайы сөз еткіміз келеді. Орысша «вопрос» деген сөздің қазақша екі мағынасы барын көп­шілігіміз біле бермейтін сияқ­ты­мыз. Бірінші – сұрақ, екінші – мәселе. Қазір ол көп жерде тек сұрақ мағынасында қолданылып жүр – жазбаша да, ауызша да. Мәселен, «Бүгінгі жи­на­лыстың күн тәртібіне екі сұ­рақ қойылды» деп жазады... Айна­лайын-ау, жи­на­лыстың қара­уына сұрақ емес, мәселе қойылады ғой!

Кей­бір үлкенді-кішілі ше­неу­ніктер де халық алдында сөй­ле­генде «бұл сұрақты осылай ше­шеміз» деп ­сайрай жөнеледі...

Қазақ тілінің әлемдегі ең бай, ең құнарлы, ең сұлу, ең әде­мі тіл еке­нін әрдайым мақ­тан етеміз. Сон­дық­тан оның осы керемет қадір-қасие­тін көздің қарашығындай сақ­тау, жас ұрпақтың санасына, бойына бар жақсылығын, тамаша тағылымын сіңіре білу – ұлтын сүйген әр азаматтың асыл парызы. Ендеше, осы мақсат жолында тілдік қорымыздың күш-қуатын, әлеуетін барынша толық пайдаланып, дұрыс жаза білейік, түсінікті сөзімізбен тура, сөйлей білейік. Бұл да, сөз жоқ, мәдениеттілік­тің, білімділіктің белгісі. Ол үшін «Абай» телеарнасындағы «Сөз­таным» сияқты хабарларды, бағ­дарламаларды көбейтіп, басқа да сан түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пай­даланғанымыз жөн. Осы орай­да қазақ тілі мен әдебиетін оқы­татын ұстаздар да ауқымды жұмыс атқара алар еді.

Сонда ғана «жұмыс істеуді» «жұмыс жасаумен» алмастырмай (осылай жазамыз да, айтамыз да...), «Өткінші қар жауады...», «Италияда аптап ыстық орнады...», « Назар бөледі...», «Қыз­мет жасап отыр...» деген тәрізді мүгедек сөй­лем, сөзден арылып қалармыз!

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы