Өнердің өлшемі – талант. Екібастан. Дегенмен кейде көркем туындының сәтті шығуына таланттың тағдыры да әсер етіп жатады. Жалпы, өнердегі мұндай оқиғалар туралы мың сан мысал келтіруге болады. Мәселен, кез келген атақты суретшінің есімі оның шығармашылығымен ғана байланысты сияқты. Ақиқатында, ол картиналардың қатпарында автордың қилы тағдыры мен күйі, жан тебіренісі мен толқынысы жатыр. Иә, әр көркем туындының астарында өз тарихы, өз әуені, өз сезімі, өз мұңы бар. Бәлки, Чак Паланиктің «Өнер тек мұңнан туады» дегені де рас шығар. Әлқисса.
Адамдар әрдайым аспанға қол созады. Ұмтылады. Ең жақсы тілегін аспанға қарап айтады. Бар арман-тілегін аспанға жолдайды. Сол үшін де біз аспанды жақсы көреміз. Ал жұлдызды аспанның әсері тым бөлек. Қап-қара түнге түймедей болып қадалған сары алтындар әр жанның жүрек сөзін айтатындай жарқырайды. Табиғаттың тамашасы ма дерсің... Жұлдызды аспан – ғажайып күй. Суретші Винсент Ван Гог та әйгілі картинасын дәл осы көріністен соң салды. Бұл 1889 жылғы жұлдызды түн болатын.
Нидерландық суретші Винсент Ван Гог өте сезімтал һәм тұйық бала болып өсті. Жеті жасынан ағасының фирмасында картина сатумен айналысып, сурет салуға қызықты. Дегенмен коммерция мен өнерді бір жолға сыйғыза алмаған ол әке жолын қууға бекінеді. Дінтануды оқуға неше мәрте талпынса да суретші бойындағы сұлулық сезімі мен әділдігінен адамдармен тіл табыса алмайды. Кейін шығармашылыққа ден қойып, Поль Гогенмен бірге шеберхана ашпақшы болады. Алайда қоғамдағы түрлі әділетсіздік, адамдар арасындағы түсінбеушіліктер оның ішкі күйіне әсер етіп, бұл жоспары да орындалмады. Құлағын кесіп тастайтын оқиғасы да осы тұста болған еді. Нәтижесінде, 1889 жылы суретші Арле қаласындағы психиатриялық ауруханаға түседі. Ондағы бір жылда Ван Гог, тек шығармашылықпен айналысып, негізгі картиналарын сол ауруханада салды.
Автордың экспрессивті һәм динамикалық шығармасы «Жұлдызды түн» картинасы да осы аурухана палатасында салынған еді. Яғни онда аурухана терезесінен қараған көрініс бейнеленеді. Картинаның (сол жақ) алдыңғы бөлігінде биік ағаштар (кипаристер) аспанмен таласа мойындарын созып тұр. Жердегі тіршіліктен алшақтап, Ай мен жұлдыздардың әдемі биіне қосылғысы келетіндей. Ал оң жақта – тау бөктеріндегі қалың ұйқыға батқан ауыл. Екі әлем – екі кеңістік.
Картинадағы экспозициялар, негізінен ойдан шығарылған. Ақиқатында, суретші терезеден тек бидай алқабы мен аспанды ғана көрген екен. Постимпрессионист Ван Гог терезеден көрген сол бидайдың сары даласы мен сол аспанды неге салмады? Суретте ешбір қоспасыз, қиялсыз өмірдің өзін бейнелеуді ұстанатын Ван Гог бұл жолы неге ойша елестеткенін салды? Мүмкін сол сәттегі шынайы өмір тым қатал болғандықтан болар: ол сыртқа шыға алмады, сурет салуға да тыйым салды. «Жұлдызды түн» – автордың шын мәнінде көргенін емес, не көргісі келгенін бейнелейді. «Жұлдызды түн» – Ван Гогтың аурухана палатасынан жұлдыздарға қашуы.
Постимпрессионист бағытындағы суретшілер заттардың дәл бейнесіне, сондай-ақ сәттің импрессионистік нәтижесіне мән бермеді. Олар, ең алдымен, түс пен формаға назар аударды. Сол арқылы негізгі идеяны беруге тырысты. Алайда Ван Гог «Жұлдызды түн» картинасының идеясын түсіндіре алған жоқ. Өнертанушылар үлкен құйынды жұлдыздар діни сезімдерге алып келеді дейді: болмыстың соңы, мәңгілік туралы ойлар. Картинадағы қанық бояулар мен құйынды детальдар суретшінің сол сәттегі алақұйын көңілін меңзейтін шығар, бәлки (еске салсақ, «құлақ кесу шабуылы» осы уақытта болған еді).
Бұл картина автордың әйгілі туындыларының бірі болса да, ол суретші Эмиль Бернарға жазған хаттарында оны «сәтсіздік» деп атайды. Өйткені Ван Гог жаратылыстың нақ өзін салуға һәм жұлдыздардың жарқырауы сынды абстрактілі дүниелерден аулақ болуға тырысты.
Картинадағы алып ағаштың оң жағында ең жарық жұлдыз – Венераны байқаймыз. Зерттеушілердің айтуынша, Венера сол уақытта шынында да Прованста осылай көрінген. Сәйкестік. Айта кетейік, бұл туынды 1941 жылдан бері Нью-Йорк заманауи өнер мұражайында сақтаулы тұр.
Суретші картинаны аяқтаған соң ағасына хат жазады. «Неге аспандағы жарық жұлдыздар Франция картасындағы қара нүктелерден маңызды бола алмайды? Біз Тарасконға немесе Руанға жету үшін пойызға отыратынымыз сияқты, жұлдыздарға жету үшін өлеміз».
Бір жылдан кейін нидерландық суретші өз кеудесіне өзі оқ атты. Жұлдыздарға жетті…