Атағы Алашқа ортақ батыр қыздың ерлік жолын жеткіншек ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық білім басқармасының қолдауымен өтті. Байқау қорытындысы Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінде шығарылды.
Айта кетейік, «Мәншүк оқуларының» іріктеу туры облыстың барлық аудандарында өткен болатын. Байқауға қатысқан оқушылар 21 жасында қан майданда қаза тапқан қаһарман қыздың өмір жолы, тағдыры, ата-тегі, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасы туралы мәліметтермен танысып, өздері үшін де көп ғибрат алғаны анық. Бұл жерде батырдың рухын жаңғыртып, бүкіл мұрасын сақтап отырған, осы байқауды бастан-аяқ ұйымдастырған Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өту керек.
Байқаудың қорытынды кезеңіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талап Таймасұлы, Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығының қызметкері, танымал айтыс ақыны Айнабек Бисенғалиев, облыстық Халық шығармашылық орталығы ақпарат бөлімінің басшысы Айгүл Орынғалиева, облыстық білім басқармасының бас маманы Альбина Залмұқанова қазылық етті.
Байқау қатысушылары музей ауласындағы «Қайталанбас Мәншүк» ескерткішіне гүл шоғын қойды. Дәл осы ғимаратта Мәншүктің әкесі, Алаш арыстарының бірі, ақын, ұлттық баспасөз қайраткері, дәрігер Ахмет Мамытұлы 1932-1934 жылдары өз отбасымен бірге тұрған екен. Батыр қыздың табаны тиген топырақ байқауға қатысушы өрендерді де ерекше әсерге бөлегені анық.
Сонымен шара екі бағытта өтті. Бірінші кезеңде оқушылар Мәншүк туралы ақындар жазған өлеңдерді мәнерлеп оқып жарысса, екінші кезеңде өз туындыларын ортаға салды.
Өте тартысты өткен сайыста мәнерлеп оқудан жүлделі І орынды Жәнібек ауданындағы Тегісшіл орталау мектебінен келген Дәурен Сәдиев жеңіп алды. Екі екінші орынды Ақсай қаласындағы №4 мектеп оқушысы Жансая Ілияс пен Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның оқушысы Айару Қапиет өзара бөлісті. Ал жүлделі ІІІ орынға облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Ділназ Сағидолла, Бөкей ордасы ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептен келген Еркенұр Ғалымжанова ие болды. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп өкілі Әмина Сейіткереева – «Үкілі үміт» аталымына, Теректі ауданы, Подстепный орта мектебінің оқушысы Дархан Махмедов – «Жас толқын» аталымына лайық деп танылды. Қазақтың батыр қызына өз туындыларын арнаған сайыста қазылар алқасы Орал қаласындағы №50 мектеп оқушысы Инабат Рахаттың өлеңін бірінші орынға лайық деп бағалады. Екінші орын Ақжайық ауданы, Алмалы мектебінен келген Нұрлыбек Төлеуғалиев пен Жәнібек ауданы, Ғ.Қараш атындағы мектеп оқушысы Нұрлы Сабырғалиға бұйырды. Жүлделі үшінші орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептен келген Алтынбек Әлібеков пен Орал қаласы, №50 мектеп өкілі Әлішер Сүндетов бөлісті. «Жас дарын» және «Жас қалам» аталымдары Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицей өкілі Әсемгүл Жұмағазиева мен Теректі ауданы, Подстепный орта мектебінің оқушысы Дархан Махмедовке бұйырды.
Жүлделі орын алған және аталымдарға ие болған оқушылар дипломдармен марапатталса, олардың жетекшілеріне БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың алғысхаты табыс етілді. Сайыс барысында Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейіндегі жәдігерлермен танысып, «Батыр қыздың соңғы шайқасы» атты диорамасын тамашалаған оқушылар ерекше әсерге бөленгендерін айтты.