Әлем • 29 Сәуір, 2022

Скандинавия түбегіндегі Жерұйық

313 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның әлем елдеріндегі тұрғын­дардың бақыт деңгейін анықтайтын World Happiness Report деген баяндамасы бар. Аталған құжат шартарап­тың түкпір-түкпірін мекендеген халық­тардың өз елін қаншалықты Жерұйық деп есептейтінін зерделеп отырады. Биылғы зерттеуде тағы да Финляндия бақытты халықтар мекені саналды. Осылайша, Скандинавия түбегіндегі алақандай ел қатарынан бесінші мәрте бірлігі жарасқан, бақыты мен дәулеті тасыған миллет атанды.

Скандинавия түбегіндегі Жерұйық

Аумағы біздің Ақтөбе облысынан сәл ғана асатын Финлян­дияны 5,5 миллионға жуық ха­лық мекендейді. Солтүстікте ор­на­­ласқан, табиғаты қатал бол­ғанымен, ынтымағы жарасқан қоғамның арқасында онда өмір сүру жанға жайлы. Мәселен, Фи­н­ляндия – әлемдегі ең тұрақ­ты, ең қауіпсіз және ең тиімді бас­қарылатын мемлекет.

Бұл аз десеңіз, скандинавиялық мемле­кеттің байлығы да мол. Жан басына шаққан­дағы ішкі жалпы өнім көлемі 49 мың долларды құрайды. Жемқорлықты да жеңіп, қазіргі таңда Transparency International рейтингінде топ бастап тұр. Былайша айтқанда, әлемде пара көрсе төбе шашы тік тұратын бір халық болса, олар – финдер десек қателеспейміз.

Финляндияның сот жүйесі әлемдегі ең тәуелсіз, полициясы өз ісіне мығым, банктері ең се­нім­ді, компаниялары әдептілігі бо­­йынша екінші, сайлаудың әділ­дігі жөнінен екінші орында тұр. Азаматтардың жеке еркін­дігі, таңдауы және әл-ауқаты ең жоға­ры деңгейге ие.

Финляндияның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Сойли Мякеляйнен-Бу­ханист ханымның айтуынша, фин қоғамының бақытты болуы ел басқарудың скандинавия­лық моделінде жатыр. Өйткені он­да демократияға, теңдікке және жеке бостандыққа баса назар аударады.

«Бұл біздің қоғамның жеке адам­дардың бақытты болуын қолдайтынын көрсетеді. Фин­ляндия қоғамы үшін бақыт – жоғары деңгейдегі жеке бас бос­тандығы бар адамдардан құ­рал­ған, институттарға және бір-біріне сенетін тең құқылы және жақсы басқарылатын қоғамның нәтижесі.

Финляндия халқының бақы­ты мынандай әлеуметтік фак­тор­ларларға байланысты. The Legatum Prosperity индексіне сүйенсек, басқару деңгейі бойынша Финляндия әлем бойынша бірінші орында тұр. Freedom House индексінде Финляндия саяси және азаматтық бостандық­тар жөнінен көш бастап тұр. Bertelsmann Stiftung тізімінде әлем­дегі үшінші әлеуметтік әді­лет­ті мемлекет», дейді Сойли Мя­келяйнен-Буханист.

Тарихқа көз жүгіртсек, фин қоғамы сенім мен жауап­кер­шіліктің үйлесімі негізінде құрылған. Сенім ашықтық пен айқындылыққа негізделген. Сондықтан шығар финдер үшін ашықтық ақпарат пен коммуникация еркіндігінің баламасы іспетті. Тұрғындар мен азаматтық қоғам кез келген іске бел шешіп кірісіп, ортақ шешім арқылы жұмыс істейді.

«Сенімнің артында жауапкер­шілікті терең сезіну жатыр. Фин қоғамы бүкіл адам күш біріктіріп, ережелерге бағынған жағдайда ғана жетістікке жететініне сенеді. Тұрғындардың бәріне қолдан кел­генін істеуге мүмкіндік бері­леді. Бұл тең мүмкіндіктер тең жауапкершіліктермен тең­дес­тіріл­ген қоғамда ғана болуы мүм­кін. Цифрландыру жақсы мем­лекеттік басқарудың дамуымен қатар жүреді. Бұл мемлекеттік бас­қару міндеттерін орындау және мемлекеттік қызметтерді көр­­сетумен бірге тиімді ақпарат­тық басқаруға жол ашады», дейді финляндиялық елші өз елінің әлеуеті туралы.

Скандинавиядағы алақандай ел сонымен қатар гендерлік тең­дік бойынша алдыңғы қатар­да жүреді. Әйелдерді кемсіту деген мұнда жоқ десек қателеспейміз. Кез келген адам қалаған қыз­меті­не бара алады. Бұдан бөлек, жастардың томағасын сыпырып, ел тізгінін сеніп тапсыру да дәстүрге айналған.

Мәселен, Финляндияның қазір­гі премьер-министрі Сан­на Марин – өте жас дипло­мат. Сондай-ақ министрлер ка­би­­нетінде де жас лауазымды тұлғалар жетерлік. Санна Ма­риннің Үкімет басшысы атануы ерекшелік емес. Керісінше, бұл Финляндияда жынысқа, жас­қа немесе тегіне қарап баға­ламайтынының мысалы.

Финляндияда шешім қабыл­дау­ға жастар­дың араласуы өте ма­ңызды деп есептейді. Сол се­бепті бастамашылық танытып, идея­лары мен белсенділіктерін алға тартқан жастарды әрдайым қолдап, демеп отырады. Осы­ның арқасында қоғам көптеген жетістікке жетті.

Ел жастарының муници­пал­дық шешім­дер қабылдауға қатысу құқығы заңмен бекітіл­ген. Финляндияның кез кел­ген муни­ципалитетінде 18 жасқа толмаған адам­дар үшін жастар кеңесі немесе оған теңес­тірілген орган болуы керек. Олардың өмі­ріне әсер ететін барлық мәсе­лелерде, соның ішінде білім беру, қоршаған орта, тұрғын үй және қоғамдық көліктерде жас­тар­дың көзқарасы тыңдалып, қарас­тырылуға тиіс.

Жастар кеңестері – финдік жастардың ше­шім қабылдауға қатысудың жалғыз әдісі емес. Мектепте, университетте олар сту­­­дент­тік кеңестер мен кәсіп­одақ­тарға қаты­са алады. Сондай-ақ жас­тардың өздері басқа­ратын көптеген жергілікті, аймақтық және жалпыұлттық бірлестіктері бар.

Финляндияда адамдар жал­пыға қолжетім­ді ақпаратқа қол жет­кізуге құқылы. Демек саясат­керлердің жалақысы мен олардың шығындары көпшілікке жарияланады. Ал адамдар мен баспасөз бұл мәселелерді талқылай алады. Бұл мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттырады. Халықтың елдегі әрбір мәселеге байыппен қарайтынын мынадан-ақ байқауға болады. Былтыр фин қоғамы премьер-министрі Санна Мариннің таңғы асқа жұмсайтын қаражатын қызу талқылады.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарында Санна Марин таңғы асқа айына 850 еуро жұмсайтыны туралы ақпарат тарады. Бұл шамамен 445 мың теңгеге жуық. Бұған дейін резиденциядағы таңғы ас шығыны шамамен айына 300 еуро болған. Журналистер шығынның мұншалықты өсіп кеткеніне таңғалып, Санна ханымның әрекеті қаншалықты заңға сай деген сауал тастайды.

Кейіннен ақпаратты премьер-министрдің кеңсесі де рас­тады. Соған сәйкес 2020 жыл­ғы қаңтардан 2021 мамыр аралы­ғында ресми резиденцияға түне­генде С.Маринді бір рет тамақ­тандыруға жұмсалған қаражат 14 363 еуро 20 центті құраған. Осылайша, айына шамамен 845 еуро кеткен екен. Премьер-министр кеңсесі таратқан мәлім­деге сүйенсек, бұған таңғы ас пен тіскебасар берілген.

Таңғы астан туындаған дау жөнінде оқып отырып таңға­ласың. Былай қарасаң, премьер-министр «түйені түгімен» жұтқан жоқ. Заң аясында қарастырылған таңғы асын ғана ішеді. Бюджет қаражатын босқа шашпаған. Бірақ биліктің жұмсаған әр тиынынан хабардар Финляндия қоғамы үшін бұл маңызды. Өйт­кені бүгін 5 еуро жымқырған шенеу­ніктің ертең «түйені түгі­мен» жұтпасына ешкім кепіл бол­майды. Әрбір фин үшін елдегі бүкіл оқиғаның маңызы зор. Сон­дықтан Финляндия азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы диалогты тиімді жолға қоя білген.

Финлияндия бақытының тағы бір құпиясы – білім сала­сында жатыр. Қазіргі таңда фин өрендері үнемі әлемдегі ең үз­дік­тер қатарынан көрінеді. Сарап­шылардың пайымдауынша, елдегі тегін ұлттық білім беру жүйесінің жетістікке жетуі қо­ғам­дағы теңдікке тікелей байланысты.

Бір қызығы, ойшылдар, ға­лымдар мен профессорлар оқу орындарын ғана жағалап жүр­ген жоқ. Мемлекеттің іргетасын нығайтуға тікелей атсалысты. Мысалы, тәуелсіздік алғаннан бері Финляндиядағы мемлекет және үкімет басшыларының 30 пайызға жуығында профессор деген атағы болған. Олар ел басқара жүріп, білім ордаларында жастарға дәріс те оқыған.

Жергілікті халық өздерінің әлемдегі ең сауатты ел саналуына XIX ғасырдағы мына оқиға әсер еткен деп есептейді. Сол кезеңде шіркеуде некеге тұрмас бұрын міндетті түрде оқу сынағын тапсыратын болған. Әліпті таяқ деп білмейтіндерге шаңырақ көтеруге рұқсат етілмейтін жарлық қабылданған екен. Сарапшылардың пайымдауынша, осы оқиға тұрғындардың сауатын ашуға көп көмектескен.

Қорыта айтқанда, қоғамының бірлігін жарастыра білген Финляндия бүгінде жер-жаһанның Жерұйығы саналады. Халқы бақытты, әл-ауқаты жақсы мемлекеттке таңдана да, тамсана да қарайтындар өте көп. Теңдікті тірек еткен ел осылайша бақыт мекеніне айналып отыр.