Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Үйінен қонақ арылмайтын келін

815 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы Людмила Боброва ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанады. Оның бес ағасы қазақтың қызына үйленген. Ал өзі қазақ халқының салт-дәстүрі мен жоралғысын жеңгелерінен үйренген.

Үйінен қонақ  арылмайтын келін

Махамбет ауданында Сары­тоғай аталатын ауыл бар. Мұнда қазақпен бірге өзге этнос­тың өкілдері де тұра­ды. Со­лардың бірі – Бобровтар отбасы.

– Әкем Семён Сарыто­ғай­дан қо­ныс аударған жоқ. Шешем Розаның ата-анасы Тәжікстаннан көшіп келген. Сарытоғайдағы орта мектепті бітірген соң Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау универ­си­тетіне ағылшын тілі­нің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Мектепте орысша оқы­сам да қазақ тілін жетік білетін едім. Бұған мектептегі ұстазым Ізғали Қа­шау­­баев­тың қолдауымен қазақ тілі пәні­нен олимпиадаларға қа­тысып, жүлделі орындар­ды иеленгенім себеп болғанын жасырмаймын. Мектепте музы­кадан дәріс берген жер­гілікті композитор Қайыржан Ихсанов қа­зақтың халық әндерін орындауыма септігін тигізді. Қазақша әндерді әлі де айтып жүрмін, – дейді Людмила Боброва.

Оның айтуынша, үлкен ағасы қазақ қызына үйленгенде ата-анасы құда түсу, сырға салу жоралғысын жасаған. Бұл кейінгі ағалары үйлен­ген­де де жалғасын тапқан. Өзі он бес жасқа толғанда тағы бір ағасы Жан­сұлу есімді қазақ қызына үйле­ніп­ті. Сол кезде жеңгесінің жасы 18-де екен. Жеңгелері қазақ халқының салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын үйренуіне ықпал еткен. Әсіресе, Жан­сұлу жеңгесі Көрісу күні – 14 наурыз бен Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда ұлттық тағамдарды пісіріп, ерекше дастарқан да­йындайды екен.

Людмила Боброва 18 жыл бұрын қазақ жігіті Ғалымжан Жиенқұловқа тұрмысқа шық­қан. Қазір Талдыкөл ауылында тұратын Ғалымжан мен Людмиланың бір қызы, төрт ұлы бар. Балаларының үлкені колледж­де оқиды. Күйеуі «Қаз­Сушар» РМК-ның Атырау филиалында жұмыс істейді. Ал Людмила – мектеп мұғалімі.

– Бала күнімнен қазақ балаларымен бірге ойнадым. Бірақ отбасылық өмірімді қазақ жігітімен байланыс­тырамын деп ойламаппын. Ғалымжан­мен шаңырақ көте­руге сөз бай­ласқанда, бұған әке-ше­шем де, аға­ларым да қарсы бол­мады. Сөйтіп, қазақ отба­сының табал­дырығын аттадым. Ата-енем мені өз қы­зын­дай бауырына тартты. Олар – өте мейірімді, адал, сабырлы, ауылдастарымыз сыйлайтын қарапайым жандар. Менің жақсылығымды асырып, білмегенімді үйретіп, қолдау көрсеткенін жадымнан шығармай келемін, – деп ағынан жарыла әңгімелеуден жалықпайды ол.

Үлкен енесінің көп жыл құла­ғы­на таққан сыр­ға­сын беріп, үнемі жақ­сылық тіле­генін ешқашан ұмыт­пай­ды. Кіші енесінен де көп нәрсені үйренген. Енелері ұдайы батасын беріп отырады екен. Ата-енесі – жеті бала тәрбиелеген көпбалалы отбасы. Қазір қазақ жігітінен бақытын тапқан ол татулығы жа­расқан үлкен әулеттің шыра­ғын маздатып отыр.

– Жаңа түскен келінге құрмет көр­сетіп, келін шайға ша­қыратын жо­ралғы қазақтан басқа ұлтта жоқ. Қазақ хал­қының әр салт-дәстүрі мен жоралғысының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Енемнің өмірден өткені өкі­нішті-ақ. Қазір атамызбен бір үйде тұрамыз. Үйімізден әлі күнге қонақ үзілген емес. Ұлыстың ұлы күнінде ағайын-туысқа Көрісу шайын бердім, – дейді Людмила Боброва.