Саясат • 04 Мамыр, 2022

Стратегиялық әріптестік тереңдей түседі

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартомен кездесті. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін ведомство басшылары журналистерге сұхбат берді.

Стратегиялық әріптестік тереңдей түседі

«Мажар достарымыздың елімізге сапары Қазақстан мен Мажарстан ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Мажарстан – тәуелсіздігімізді алғаш  таныған әлемдегі алғашқы 10 ел­дің бірі. 1992 жылы 2 сәуірде мемле­кет­теріміз дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қазіргі таңда Мажарстан – еліміздің жақын одақтасы, Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі елдер ішінде бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан бірден-бір мемлекет. Мажар халқының бізбен бауырлас екені, мажар даласы қыпшақтарға құтты мекен болғаны баршаңызға мәлім», деді М.Тілеуберді.

Сыртқы істер министрі өз сөзінде келіс­сөздер барысында ашықтық пен өзара түсіністік орнағанын атап өтті. Сау­да-экономикалық және мәдени-гума­нитарлық салалардағы Қазақстан-Ма­жарстан байланыстары талқыланғанын жеткізді. Жаһандық және өңірлік күн тәртібінің көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасқанына екпін берді.

Қазақстанның Мажарстанға экспортын әртараптандыру мақсатында мұнай-газ өңдеу, металлургия, химия, құрылыс және азық-түлік өнеркәсібі өнімдерімен қамтамасыз етуге дайын екенімізді білдірдік. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Мажарстаннан 269 млн доллар көлемінде тікелей инвестициялар тартылды және бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Отандық нарықта MOL, Gedeon Richter, Egi және тағы да басқа ірі мажар компаниялары жұмыс істейді», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, инвестициялық жобалар энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, көлік пен логистика сияқты маңызды салаларда іске асырылып келеді. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында өз өкілдіктерін ашу мүмкіндігін қарастырып отырған Мажарстан компанияларының саны артып отыр.

«Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды элементтерінің бірі – білім саласы. Қазіргі таңда Мажарстанда еліміздің бір мыңға жуық студенті білім алады. Бұл мақсатта достас мемлекет жыл сайын
250 грант бөліп отыр. Мажар тілінде білім алуға қызығушылық танытатын студенттердің саны артып келеді. Мажар жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйреніп жүрген мажар студенттеріне де ризамыз. Бұл жастардың келешекте елдерімізді байланыстыратын «жанды көпірге» айналатынына күмән жоқ», деп сөзін түйін­деді М.Тілеуберді.

Өз сөзінде Петер Сийарто Мажар­станның Қазақстаннан импорттайтын мұнай көлемі артқанына назар аударды. Оның айтуынша, елдегі «қара алтынға» қажеттіліктің 65 пайызы Ресейден келеді. Мұның басты себебі шетелден мұнай сатып алудың жалғыз жолы екенінде жатыр.

Кейінгі кезде Қазақстаннан мұнай сатып алу көлемін де көбейттік. Қазіргі таңда біз тұтынатын мұнайдың 16 пайызы Қазақстаннан келеді. Бұл көлем де Ресей арқылы біріктірілген мұнай құбырымен жетеді. Бұл мәселе түбегейлі ұлттық мүддемізге сай қаралып жатқанын атап өткім келеді. Бұл туралы Батыстың немесе Шығыстың не ойлайтыны маңызды емес. Біз үшін жалғыз мәселе маңызды, ол – Мажарстанды энергиямен қамтамасыз ету», деді Петер Сийарто.