Қазақстан • 04 Мамыр, 2022

Армия сарбазын қалай қорғайды?!

1671 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде әскерге кеткен соқталдай сарбаздардың, өндірдей өрімдердің айдың-күннің аманында өмірмен қош айтысып, үйіне мүрдесі оралатыны неліктен? Бұл – ұзақ жылдар бойы жауабы таптырмай келе жатқан сұрақ және әлі нақты тосқауыл қойылмаған қасірет.

Армия сарбазын  қалай қорғайды?!

Әлібек Қал­бай­дың әскерде оқыстан ажал құшуы бүкіл Қазақстанды, әсіресе туған жері – күллі Маңғыстау даласын, Маңғыстау хал­қын күңірентіп жіберді.

«Қажет сараптамалар алынды. Оқиға орнын қарағанда, құқық қорғау орын­да­рының ресми қорытындылары бо­йынша сондай-ақ мәйітке сот-меди­ци­налық сараптауды жүргізуде қаза болғанға де­йін жарақаттары мен көгеру анық­тал­маған» деп мәлімдеді оқиға туралы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары С.Боранбаев. Тіпті сарбаз өліміне қа­тыс­ты «тамақтан уланған болуы мүм­кін» деген пікір де айтылды. Ал әскери бөлімдегілердің айтуынша, жауынгер сапта тұрған жерінен басы айналып, құлап қалған.

22 сәуірде рота таңғы астан келгенде казарма алдында болған. Сол кезде Әлібек ең соңғы қатарда тұрған. Басы ай­налып артқа қарай құлап түсті. Ал­ғаш­қы дәрігерлік көмек көр­се­тіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Ба­сының неден айналғанын білмеймін, кү­ніне 2-3 сарбаз басы айналып құлайды, деп 30212 әскери бөлі­мінің командирі Алмас Доспаевтың «Хабар 24-ке» берген сұхбаты желіде жүр. Неге күніне бірнеше сарбаздың басы айналады, бұл – бейжай қарайтын нәрсе емес, үлкен мәселе. Отанды қор­ғай­тын сарбаздар сапта тұра алмайтын сыр­қат немесе әлжуаз болса... Бұл жақсы емес!

Елді дүрліктірген оқиғаға назар аудар­ған Мемлекет басшысы Қ.То­қаев «Бейбіт күнде әскердегі сар­баз қаза болмауға тиіс. Ата-ана бала­сын әскерге жібергенде оның қауіп­сіздігі үшін алаңдамауы ке­рек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына ал­ған мін­деті», деп, Бас прокуратура мен Қор­­ғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатыс­ты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Әскерде неге сарбаздар ажал құша­ды?  Әлібек Қалбайдың ажалы  мұндай қасі­реттің басы емес, соңы бола ала ма? Бел­гісіз! Басы емес дейтініміз – әскер­де­гі сарбаздар өлімі үздіксіз жалғасып келеді, өкініштісі – тоқтау болатын емес. Тә­уел­сіздік алған соң Қазақстан әскерінде зор­лық-зомбылық, қоқан-лоқы көрсету қалыпты жағдайға айналып кетті ме деген күмәнді қорқыныш бар. 1993-2000 жылдары мерзімді әскери борышын өтеу кезінде алған соққыдан мүгедек бо­лып оралған, соңы қайғылы жағдайда аяқталған, әскерден темір табытпен мүр­де­сі келген жігіттерге қатысты мысалдар көз алдымызда және мұндай мысалдар елі­міздің әр түкпірінен табылатыны анық.  Мысалы, 2015 жылы Жаңаөзенде әс­кери бөлімнің жуынатын бөлмесінде кел­геніне бес ай болған сарбаздың бел­ді­гіне асылып қалған денесі табылса,  2016 жылы әскерге шақырылғанына екі ай болған маңғыстаулық сарбаз Сарыөзекте қайтыс болды.  2021 жылы Қарағандыда түркістандық 17 жастағы сарбаз өмірмен қош айтысса,  одан екі жыл бұрын осы әскери бөлімде Тал­ғардан келген сарбаз өзіне оқ атты де­лінеді. Жуырда Меркідегі ше­кара заставасында борышын өтеп жүріп ха­барсыз кеткен сарбаздың бір айдан астам уақыттан соң денесі Қыр­ғыз­стан шекарасы маңынан табылды. Тәуел­сіздік алғаннан бері әскери бөлімдерде белгісіз жағдайда қанша сарбаз қайтыс болды екен?!

Бірақ сарбаздар қайтыс болған әске­ри бөлімдердің жауабы үнемі «өзіне-өзі қол жұмсаған, есінен танған, соққы іздері байқалмады» болып келеді. Әбден жауыр бол­ған бұл жауапқа халық сенуден қал­ған.  Әскерде әлімжеттік бар ма? Бар! Оны бүркемелеу әскери бөлімдер бас­шы­лары үшін қажет бо­лар, бірақ тәуелсіз Қазақстанның әске­рін дамыту үшін, сар­баздардың қауіп­сіздігін сақтау үшін, ата-аналарды аңырат­пау үшін қажет емес, «жабу­лы қазан­ның жабулы күйінде қал­­уы» жағ­дай­дың өзгеріссіз жалғаса бе­руі­не жол ашып тұр.

Қазіргі Қазақстан әскеріне үлкен өзгеріс, тың серпін, темірдей тәртіп қажет. Кәсіби әбжілдігін айтпай-ақ қоя­йық, сарбаздардың қауіпсіздігі қатаң сақ­талуға тиіс! Қазақ әскерінде Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең істің бәрі бос», ақын С.Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» ниеті ұстаным болып, офицерлер мен сарбаздардың сана­сына сіңірілуі керек.  Әскерге және әскери қызметшілерге шені мен қыз­метіне қарамай баяғы ұсталып, айдау­да кетіп бара жатқан он қазақ жігітіне «бұл он жігіттің белінде он-оннан жүз қазақ кетіп бара жатыр» деп өкіне аяу­шы­лық білдіретін Мақаш прави­тель­дің ұлтжандылығы керек! Отан деген – ел-жер, оның байлығы, сарбаз сол бай­лық­тың бірі емес пе?! Бірін-бірі өлтірсе, қазақ әскері кімді қорғайды? Қазақ әскері неге қатыгез, неге тәртіпсіз, қазақ әскерінде елге, жерге жанашырлық бар ма?! Қазақ әскерінде трайбализм жоқ деп сеніммен айта аламыз ба? Бұлар – ауыр да болса жанды сұрақтар!

Егер әскерге барғанына он күн бол­май жатып «құлап түсетін» сарбаз ден­сау­лығында кінәрат болса дәрігерлік комиссия жұмысы неге тексерілмейді, олар неге әрбір өлімге дәлелмен жауап бермейді?! Бір қызығы, әскерде қайтыс болған сарбаздардың өліміне әскери бөлім тарапынан «денсаулығы нашар» деген желеу айтылса да,  «жоқ, олай емес, ол мықты, дені сау жігіт еді» деп жауап қатқан бірде-бір дә­рі­герлік комиссия мүшелерін байқамадық.

Жалпы, мәселенің бір жағы жергі­лік­ті әскери бөлімдерде, дәрігерлік ко­миссияда екендігін жоққа шығара ал­май­мыз. Әскерге шақырушылар орнын-санын толтыру үшін көшеден тарпа бас салып алып кету, айыппұлмен немесе түрмемен қорқыту, денсаулығы жоқ жігіт­терді бас-көзге қарамай әскерге аттан­дырып жіберу фактілері туралы желілерде ашық айтылып жатыр. «Мен Маңғыстау әскери комиссариатында екі рет денсаулығы жарамсыз балалар­ды әскерге жарамды етіп жібер­ген медкомиссия дәрігерлерімен шайқас­қан­мын. Медкомиссия мүшелері – жас­тары 70-тен асқан ағайлар мен апай­лар. Олардың әрекетіне қарап әскерге алынатындар қатарын толтыру үшін бай-бағландардың балаларының орны­на денсаулығы жарамсыз болса да қор­ғаны жоқ жастарды салып жібе­ріп отыр деген күдікті ой еріксіз келеді. Қорғаныс министрлігіне хабар­ласып, барлық дәрігерлік құжат­тармен әзер дәлелдегенмін. Маң­ғыс­тау­дың медкомиссиясы және әскери ко­миссариат қызметкерлеріне де өз­геріс, темірдей тәртіп пен талап керек. Қара халықтың, қарапайым от­ба­сы­ның ұлдарын еріксіз 3 миллион теңге айыппұлмен қорқытып әс­кер­ге зорлықпен жіберу дұрыс емес, енді мұндай озбырлыққа жол беру­ге болмайды! Әскерге арнайы дайын­дал­ған, денсаулығы жарамды жастар өз ерік­терімен бару керек» дейді желі қол­да­нушысы, қоғам белсендісі С.Меңдібай.

Мақала дайындау барысында С.Мең­­ді­б­аймен жолығып, «екі рет ден­сау­лы­ғы жарамсыз балаларды әскерге жа­рамды етіп жіберген медкомиссия дәрі­гер­лерімен шайқасы» туралы сұрап, біраз жайға қанықтық. Расында, бұл сала­ға үлкен өзгеріс керек, бұл – уақыт және халық талабы!

Сондай-ақ мектептер мен ер бала­­лардың көбі 9-сыныптан соң ба­ратын болғандықтан, колледждерде «Бас­­тапқы әскери дайындық» пәнін өткізу­ді міндеттеу керек. Бозбала атал­ған пәнді оқу арқылы әскери өмірге сауа­ты ашылады, қызығушылығы пайда бо­ла­ды және арнайы алаңда жат­ты­ғып-шынығады. Олар әскер қата­ры­­на бесаспап шебер болмағанмен, әс­ке­ри өмір әліппесінің бетін ашқан, жауынгерлік дәстүрден хабары бар сарбаз болып барады.

Бүгінгі сарбаз – ертеңгі ел ағасы, бір шаңырақтың иесі, Мақаш правитель сөзімен айтқанда, білдей әулеттің атасы болатын байлығымыз. Біз сол байлықты өз қолымызбен баудай түсіріп, сарбаздар сапын селдіретіп келеміз. Ел басына күн тумасын, туса әр сарбаздың орны ойсырап тұратыны анық. Ал қазақ әскеріндегі темірдей тәртіп, қауіпсіздік, әр сарбаздың амандығы – Үкіметке, Қорғаныс министрлігіне міндет! Сарбаздар Отанын қорғайды, Отаны сарбазын қашан қорғайды?! Жағдай бұлай жалғаса беретін болса, ата-аналар қандай жазаға тартса да сүйікті ұлдарын әскер қатарына жіберуден үзілді-кесілді бас тартатынын ашық айта бастады. Үкіметке ұлын әскерге емес, соғысқа шығарып салғандай қайғыдан қан ішіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын ата-ана, туыс-туғанның жан дүниесін түсінетін кез келді!

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00