Өнер • 04 Мамыр, 2022

«Інжу сырғалы қыз» кім?

1096 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл картинадағы Моно Лиза емес. Алайда ол «солтүстік (немесе голландиялық) Моно Лизаға» айналған кейіпкер. Картинадағы маржаннан сырға таққан қыз образының пайда болғанына бес ғасырға жуықтапты. Бір қызығы, Ян Вермеер шығармашылығында жұлдызды туындыға айналған бұл портреттің салыну тарихында беймәлім сыр көп. Мәселен, автор «Інжу сырғалы қыз» картинасын нақты қай жылы салғанын жазбаған. Ал жалпыға мәлім 1665 жыл деген уақыт болжамдап көрсетілген екен. Әлқисса.

«Інжу сырғалы қыз» кім?

Ян Вермеер Нидерлан­д­та туып, сонда өмір сүр­ді. Голландиялық сурет өне­рінің «алтын ғасырына» жататын ол Рембрандтпен қатар аталады. Жалпы, су­ретшінің өмірі туралы көп дерек жоқ. Дегенмен, Вер­меер шығармашылықта жақсы табысқа жетті, көзі­нің тірісінде еңбегі баға­лан­ды, атақ-абыройға бөленді, портреттері қомақты қар­жы­ға сатылды. Ол жылына кем дегенде екі картинадан сал­ған деседі. Қазіргі таң­да суретшінің 34 түпнұсқа шығар­масы белгілі.

«Інжу сырғалы қыз» кар­тинасының тарихы көпке құпия екенін сөз басында айтып өттік. Зерттеушілер, тіпті суретте кім бейнеленгеніне де нақты жауап бере алмай­ды. Бір болжамға сенсек, Ян Вермеер өзінің қызы Ма­рияны бейнелеуі мүмкін: ол сол кезде шамамен 12 жас­та еді. Өйткені картина­да қыздың еркіндігі, батыл­дығы, өткір көзқарасы анық байқалады дейді.

Ал тағы бір нұсқада порт­реттегі қыз нақты адам емес, суретшінің еркін жұмысы немесе «трони» – анонимді қиял портреті делінеді.

Айта кетейік, автор өз замандастары секілді туындыларына тақырып қойма­ған. Көбінесе суретшілер қай­тыс болған соң мүліктерін түгендеу кезінде орындаушылар мен қызметшілер ойлап табатын болған. Мәселен, Вермеер өмірден өткен соң 1676 жылы жасалған тізімде «түрік стиліндегі екі трони» деп көрсетілген. Соның бірі осы маржан сырға тақ­қан қыз образы болды. Ке­йін бұл картина «Орамал тақ­қан қыз», «Қыздың жүзі» деп те аталды. 1995 жылы Ва­шинг­тондағы көрменің алдында Маурицхёйс музейінің қыз­меткерлері картинаға заманауи ат қоя бастады.

Сондықтан шығармада­ғы кейіпкер образы қиялдан тууы әбден мүмкін.

Бәлки, Вермеер әйелі Ка­­тарина Болнесті бейнеле­ген болар. Ол автордың «Таразы ұстаған әйел» (Vrouw met weegschaal, 1663), «Терезеден хат оқитын қыз» (Brieflezend meisje bij het venster, 1657) картиналарына түскен деп саналады. Алайда «Інжу сыр­ғалы қызға» Катаринаның жасы сәйкес келмейді.

«Інжу сырғалы қыз» ба­рокко стиліне жатады. Бұл порт­реттің қою қанық түстері мен үйлесімінен бай­қалады. Суретші фондағы контрасты-жабық түс арқы­лы кейіпкер терісінің түсін шебер­лікпен шығарған.

Өнертанушылар шығар­ма туралы талқылауларда ке­йіп­кердің әр деталін орта­ға салатын. Әсіресе қыздың сыр­­ға­сының таза інжу-мар­жан екеніне күмәнданды. Олар тастың тым үлкен мөл­шеріне, сондай-ақ оның тө­менгі жағының ерекше жар­қырауына назар аударды. Ал қазір ғалымдар әшекейдің інжу емес, жалатылған шы­­ны екенін алға тартады. Ол кезде көлемі үлкен ін­жу си­рек болды һәм оған тек бай-­бағландардың қолы же­тетін. Сондықтан зергер­лік бұйымдар негізінен Вене­циядан жеткізілді.

XVII ғасырда портретке ерекше құбылыстар қосу стилі танымал болды. Сурет­шілер кейіпкердің сыртқы тү­рі­не-жүзіне, тұрысына не­ме­се киіміне ерекше деталь енгізуге ұмтылды. Ал Вер­меер­дің сырғалы қызында айтыл­ған детальдардың бар­­­лығы бар деуге болады: об­раз­дағы жылы эмоция, тұнық көзқарас, орамал, үлкен сыр­ға, қиғаштап қара­ған тұрыс. Осы­ның бәрі шы­ғар­маның өмі­ріне айтар­лықтай әсер етті.

Мәселен, автордың ойына кейіпкердің басына орамал тағу қайдан келуі мүмкін? Бәлки, оған XVII ғасырда Еуропаны жаулап алған Сұл­тан Сүлейменнің ықпалы себеп болған шығар. Сондай-ақ сол кездегі сәнгерлер экзо­тикалық безендіруге табы­нуды қолдаған еді. Ал кар­тинадағы бояулар үйлесімі клас­сикалық дәстүрден әлде­қайда алшақ. Қалай де­сек те Ян Вермеер сол кезең­дегі суретшілік өнердің сти­лін өзінше жалғастырып, құбы­лыс жасай алды.