Медицина • 08 Мамыр, 2022

Аурудың емес, өлімнің көбейгені қауіпті

444 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Онкологиялық орталықтың операция бөлімі. Жұмыс уақыты бастала сала хирургтер білек сыбана ота жасауға кіріскен. Түске дейін операция залдарының бірі де босамайды. Дәрігерлердің айтуынша, тоқсаныншы жылдардың соңында күніне 2-3 операция жасалса, қазіргі кезде 10-12 операцияға дейін жасалады. Бұл дегеніміз – аурудың көбейгендігі емес, скринингтің нәтижесі.

Аурудың емес, өлімнің көбейгені қауіпті

Блоктарда жасалып жатқан операцияларды арнайы рұқсат алып, көзбен көрдік. Біз түсініп болмайтын «LigaSure», «Ультрадыбыс», «Энде­бейнехирургия» сынды заманауи аппараттар, үлкен экран... Экран­нан әлденені тілгілеп жатқан сүйрік­тей құрал жылт-жылт етеді. Ортада қимылсыз пациент жатыр. Шағын экраннан операция үстелінде науқастың жүрек соғысын анестезиолог бақылап отыр. Күнделікті жұ­мыс­тары осы болған соң да еттері әбден үйреніскен, байыпты қимылдайды. Тек хирург маңдайы шып-шып терлеп, экранға тесіле қараған. Қолын­да – адам өмірі, мойнында – үлкен жауап­кершілік. Қателесуге болмайды. Хирургтің жанында ассистент, медбикелер зыр жүгіріп жүр. Әр операция 1,5-2 сағатқа созылады. Кейде одан да ұзақ.

Түске дейін созылған операциялар аяқталған соң онкохирург, «Халық алғысы» медалінің иегері Хусан Өмір­зақовты әңгімеге тарттық. Ол былтыр жыл көлемінде тікесінен тік тұрып, 700-ден астам операция жасаған екен. Демек, 700 адамға қайта өмір сыйлады. Алғысқа әбден лайық.

– Өзіңіз көргендей, күнделікті жұ­­мы­­сымыз операция жасаудан бас­­­та­­лады. Операцияны қуықасты бе­зіне жиі жасаймыз. Байқап отыр­сақ, Шығыста простата аденомасы көп. Ісік қатерлі болсын-болмасын емде­уіміз керек. Айта кетсем, оны емдеуде операцияның үш түрі бар, ашық операция, лапароскапиялық тесу және обыр қатерлі болмаса, кес­пей-ақ, эндоско­пиямен емдейміз. Екінші орында бүйрек тұр. Киста, фиброма, бүйрек обыры секілді аурулар кездеседі. Кей-кейде эхинокок, альвеококқа шалдыққандар тү­се­ді. Біз бәрін емдеуге тырысамыз. Ісік ушы­ғып кеткен жағдайда ғана қуық­ты түп орнымен алып тастауға мәжбүрміз. Ондай жағдайда ішектен қуықтың қабын тігіп, салып береміз, – деп Хусан Тәліпбайұлы қарапайым тілмен түсіндірді.

– Бүйрекке бес түрлі операция жасалады. Ісік қатерлі болмаса, опера­ция­ны ашық немесе лапароскопиялық жолмен жасаймыз. Егер қатерлі ­ісік болса, 90 пайызы лапароско­пия­лық жолмен жасалады. Бүйрек қатер­лі ісікке шалдықса, өте қауіпті. Себе­бі ірі қан тамырлары арқылы жүрекке шабады. Жүректен төмен кез келген тромбты алып шыға аламыз. 2020 жы­лы Қазақстанда біз ғана лапа­рос­копиялық жолмен тромбқа опера­ция жасап, сәтті аяқтадық, – деп ұялы телефонындағы бейнеролик­ті көрсетті.

Осы тұста онкологиялық аурудың алдын алуға болмай ма дейміз ғой. Се­бебі ауруды әбден ушықтырып ба­рып, дәрігерге жүгінетіндер бар. Дәрі­гердің кеңесіне құлақ түрсек, әр адам өзі тіркелген емханада белгілі бір уақыт­та скринингтен өтіп тұруы керек. Отыз­дан асқан әйелдер тоқ ішек­тің, жатыр мойнының, сүт безінің обырына тексерілуі қажет. Сол сияқты ер адамдар да қуықасты безі секілді органдарды тексертіп тұрғандары жөн.

– Мысалы, аты жаман ауру ал­ғаш­қы этапта анықталса, науқасты емдеу­ге бағытталған Үкіметтің шығыны 60-80 мың теңгені құрайды. Ал дерт ушығып кетсе, шығын сомасы мил­лионға барады. Химия, сәулелі терапия, таргетті терапия секілді ем-дом­ның барлығы үлкен қаржыны қа­жет етеді. Бір таргеттің өзі 1 млн тең­ге тұрады. Оның үстіне, ушыққан жағ­дайда ол өмір бойы осы емдерді алып отыруы керек. Шығыннан бұрын, ушыққан ісік соңы өлімге алып баруы мүмкін. Сондықтан да «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде­йік!», деп оқырманға ақыл-кеңесін айтты білікті онкохирург.

– Жоқ дегенде, жылына бір рет ме­ди­циналық диагностикадан өтіп оты­ры­ңыздар. Әр органды УЗИ-ге, кеудені рент­генге түсіріп отырыңыздар. Сон­дай-ақ үш анализ – зәр, жалпы қан ана­лизі және биохимия тапсыру қа­жет. Ал туыстарында онкологиялық ауру бар азаматтар міндетті түрде тексе­рілуі керек, деп қосты ақыл-кеңесіне.

Алайда көпшілік тексеруден өту­ге жүрексінеді. Аты жаман ауру анық­талып, күйзеліп кетем бе деп күдік­тенеді. Дұрысы, ауруды ертең анық­тағаннан гөрі ерте анықтаған тиімді емес пе?! Кейбіреулер ісік барын анық­татып алып, операциядан қашып жүреді екен. Дәрігер түсіндіргендей, ісік ушығып, организмді жеп қояды. Тағы айта кетерлігі, обыр дерті жас-кәріні таңдамайды.

– Өткенде 28 жастағы қызға опе­рация жасадық. Ісік бүйректе, ана­лық безде, құрсақта болған. Лапарос­ко­пиямен әдеттегідей ісікті алып тас­тадық. Операция қиын емес. Айт­па­ғым, жас қыздың бір басында ғана үш ісік болған. Сондықтан ғой, тексеріліп тұру керек дейтініміз. Ең жаманы, адам өзін басқамен салыстырады. «Мен­дегі диагноз анада да бар, жүр әне» деуге болмайды. Ісік әр адамның организмінде әртүрлі өседі, – дейді Хусан Өмірзақов.

Жоғарыда атап өткендей, онколог дәрігерлер күнделікті қауіпті дертке шалдыққандарды емдеп жүргендіктен еттері өліп кеткен. Олар үшін қалыпты жағдай. Бұл – жүректің жоқтығы немесе мейірімсіздік емес. Өз істері­нің шебері болған соң да солай қалып­тасады. Бірақ онкохирургтердің өз­дері таңғалатындай операциялар да болып тұрады екен. 2016 жылы шетелдерден ем таппай келген пациент операция үстеліне таңылып, 12 кило саркома (қатерлі ісіктің бір түрі) алған екен. Түп-тамырымен алып тастаған ісікке былтыр қайта операция жасап 7 килограмм алыпты. Дәрігердің айтуынша, саркома қайталана береді екен.

– Міне, бір шелек шықты, – деп ұялы телефонындағы бейнероликті көрсетті...

Заман өзгерді, технология дамыды. Мамандар да үнемі алыс-жақын шетелдерде біліктіліктерін арттырып отырады. Бұрын бес-алты сағат жасалатын опе­рация бұл күндері аппараттардың кө­мегімен бір-екі сағатқа ғана созылады. Обыр дерті көп анықталғаны­мен, өлім азайды. Ертеректе анықтау мүмкін болмағандықтан, ауруханаға жетпей кеткендер қаншама?! Қазір ауру­дан 98 пайызы аман қалып жатыр. Тіп­ті үшінші дәрежеге өтіп кеткен нау­қастар құлан-таза айығып кетеді. Цифр­мен салыстырар болсақ, 2012 жы­лы скрининг нәтижесінде 205 облыс тұр­ғынынан ауру анықталса, қазір 980 пациент тіркелген. Ақ желең­ді­лер­дің пікіріне қарағанда, аурудың кө­бейгені емес, өлімнің көбейгені қауіпті.

 

Шығыс Қазақстан облысы