Қазақстан • 11 Мамыр, 2022

Қазақстан мен Түркия жүк тасымалдары туралы келісіміне қол қойылды

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қайырбек Өскенбаев Қазақстанның ресми делегациясы құрамында мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның шағын құрамдағы кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Түркия жүк тасымалдары туралы келісіміне қол қойылды

Жиында министр транспорт, өнеркәсіп, құрылыс және әскери техника салаларында жүзеге асырылған және алдағы уақытта іске қосылатын қазақ-түрік бірлескен жобалары туралы маңызды ақпараттармен таныстырды.

Қайырбек Өскенбаев Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ерекше назар аударды. Ол ағымдағы жылдың сәуір айында ТХКБ Халықаралық қауымдастығы құрылғанын атап өтті. Аталған ұйым Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния, Польша және Қытайдың магистральдық инфрақұрылым иелері мен тасымалдаушыларын біріктіреді.

«Жобаға қатысушы мемлекеттердің транспорттық ведомствалары арасындағы кеңейтілген отырыс өтті. Басқосу нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша декларацияға қол қойылды. Құжат бірлескен логистикалық компаниялар құру, бірыңғай логистикалық тізбе қалыптастыру мен тариф бекіту, автокөлік құралдарымен тасымалдаушыларды тарту және т.б. бар. Сонымен қатар декларация шеңберінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы базасында сауда флотын толықтыру мен контейнер хабын құру да жоспарланып отыр. Инвестор ретінде PSA Group, Maersk, MSC сынды әлемдік контейнер операторларын тарту көзделуде»,  деді министр. 

Аталған жобаның дамуына Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісінің тұрақты түрде пайдалануға берілуі де қосымша серпін бермек. Бұл желі Түркияға бағытталған оңтайлы маршрут құруға және еуропалық теміржол желісіне шығуға жол ашады.

«Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісі арқылы қолданыстағы және алдағы уақытта жүзеге асатын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды Қытайдан бастап Каспий теңізі арқылы Түркияға және Оңтүстік Еуропа мемлекеттеріне логистикалық тізбек құруға мүмкіндік береді», деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.

Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстерінің артқанын да баяндады.

«Бүгінде Қазақстанның Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Түркістан және Шымкент қалаларынан Түркияға аптасына 37 жолаушылар рейсі орындалады. Қазақстаннан аптасына Анталия және Стамбұлға 24 әуе тасымалы жүзеге асырылады. Ал биылғы жылдың 13 мамырынан бастап Анталия және Бодрумға тасымал Қазақстанның 10 қаласынан (оның ішінде Қарағанды, Қостанай, Орал және Өскемен) жүзеге асырылып, ұшу саны аптасына 63 рейске артпақ. Нәтижесінде, мемлекеттер арасындағы апталық рейсьердің жалпы саны 124-ке дейін өспек», деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму минитрлігінің ұсынысымен екі елдің авиациялық билігі арасында ұшу географиясын кеңейту және рейстердің санын әрмен қарай көбейту мәселелері жайында келіссөздер өткізу ұсынылғанын айтты. Өзара ынтымақтастықты арттыру бойынша келіссөздерді өткізуге қол жеткізілді. Басқосу биылғы жылдың шілде айында Стамбұл қаласында өтеді.

Әскери-техникалық ынтымақтастық «Aselsan» компаниясымен әріптестік аясында сәтті дамуда. «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС электронды-оптикалық құрылғылар мен радиостанциялардың кең спектрін өндіретін қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны. Кәсіпорын құрылғаннан бері тапсырыс берушілерге құны 160 млн. доллардан асатын 16 мыңнан астам өнім жеткізген.

«Қазақстан тарапы республиканың қарулы күштерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге ниетті. Осыған орай Түркиямен арадағы әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрмен нығайту көзделіп отыр», деді министрлік басшысы.

ҚР Президентінің Түркияға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша 11 екіжақты құжатқа қол қойылды. ИИДМ тарапынан министр Қ. Өскенбаев халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы Үкіметаралық келісімге қол қойды.