«Биылғы 4 айда 4,4 трлн теңгеге жуық сомаға мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 13 967 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90%-ін орындады. 739-дан астам аудиторлық шаралар өткізілді», деді Қаржы министрі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, шамамен 1,7 трлн теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды. Жалпы сомасы 75 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
«Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 65 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 600-ден астам ұсыным берілді», деді Е. Жамаубаев.
Бұған дейін Қаржы министрі жыл басынан бері республикалық бюджеттен 5,6 трлн теңге жұмсалғанын және 8 млрд теңге үнемделгенін айтқан еді.
Сондай-ақ биылғы 4 айда мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге кіріс түскен және жоспар 108,6%-ке орындалған.
Аяна Тоғанбек