Елордадағы Футбол үйінде өткен жиында ҚФФ президенті қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесіп, ресми түрде Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкерін таныстырды. Әділет Бәрменқұлов Магомед Мусаевичтің ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына тағайындалуына байланысты пікір білдірді.
«Халықаралық күнтізбенің ерекшелігін жақсы білесіздер. Он бір күнде төрт матч өткізу қиын болады. Біз жеткілікті түрде күйзеліске, яғни стрестік жағдайға түсетініміз анық. Сондықтан неге мұндай шешім қабылдағанымызды түсіндіргім келеді. Қазір бізге жаттықтырушылықтан бөлек, басқарушылық құзырет те өте маңызды болып тұр. Мен бұл қиын жағдайдан абыроймен шығу керек екенін түсінемін. Адиевтің алдындағы бірінші міндет – футбол ойнауға қолайлы жағдай жасау. Таңдау неге дәл Магомед Мусаевичке түсті деген сұраққа жауап берер болсам, бізде Адиевтен бөлек, тағы бірнеше кандидат төбе көрсетті. Олардың ішінде ресейлік ЦСКА клубының бапкерлер құрамындағы отандасымыз Григорий Бабаян да бар болатын. Онымен де сөйлесіп көрдік. Бірақ жасыратыны жоқ, мен кейінгі екі жылда Магомед Мусаевичпен бірге жұмыс істедім, оның басқарушылық құзыретке ие екенін жақсы білемін. Тағы да қайталап айтамын, қазіргі стрестік жағдайда дәл осы таңдауды жасау керек болды», деді Бәрменқұлов.
44 жастағы Магомед Адиев ұлттық құрама тізгінін ұстағанға дейін Қарағандының «Шахтерін» баптаған еді. Ал Федерация басшысы ҚФФ президенттігіне сайланғанға дейін «Шахтер» клубында директорлар кеңесінің төрағасы болған. Ал Адиев былтырдан бері «кеншілер» клубын жаттықтырып келді. Сондықтан екеуі жақсы таныс. Оның үстіне, Магомедтің Қарағанды клубында жұмыс істеуіне Әділет Бәрменқұловтың тікелей қатысы бар екенін ұмытпауымыз қажет.
Сондай-ақ Федерация басшысы жиын барысында наурыз айында ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарған Андрей Карповичке жұмысы үшін алғысын білдіріп, ҚФФ оның кәсіби дамуына жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. Ал өз кезегінде Магомед Адиев ұлттық құрама жанкүйерлерге қандай футбол ұсынатыны туралы ойын ортаға салды.
«Алдымен Қазақстан футбол федерациясына сенім артқаны үшін алғыс айтқым келеді. Жауапкершілігі мол, қыруар жұмыс күтіп тұрғанын жақсы түсінемін. Қысқа мерзім ішінде бірнеше ойын өткіземіз. Сол себепті барлық ойынға кешенді дайындық жүргізу керек. Мәселен, Әзербайжанға дайындалып, Словакияны да ұмытпаған абзал. Сондықтан нақты құрылымды анықтап, төрт ойынға тиянақты дайындық жүргіземіз. Уақыт аз. Ойыншыларды алмастырып отыруға тура келеді. Он бір күннің ішінде төрт матч өтеді. Бапкерлермен сөйлесіп, ақыл-кеңес алып, барлық мәселені талқылап отырамыз. Жаңа тәжірибенің жақсы жаңалық екенін де айта кеткен жөн. Федерация тарапынан маған қандай міндеттер айтылды? Ең бастысы – құрамаға тек дайын жігіттерді ғана шақырып қоймай, жас футболшыларды да тартып, оларды ересектер ойынына бейімдеу. Содан кейін команданың ішінде дұрыс қарым-қатынас орнату. Болашақтың негізін бүгіннен бастау шарт. Команданың қатарына жаңа ойыншылар шақырылуы ықтимал. Қысқа мерзім ішінде қаралатын бірнеше үміткер бар. Содан соң оларды шақыру туралы шешім қабылдаймыз», деді Магомед Мусаевич.
Осы орайда оқырмандардың «Магомед Адиев кім? ұлттық құрамаға жетекшілік ететіндей қандай жетістігі бар?» деген сұрақтарына аз-кем жауап беріп көрейік. 1978 жылы Чешенстан астанасы – Грозныйда дүниеге келген Магомед Адиев 16 жасында алғаш рет «Ингушетия» клубымен кәсіби келісімшарт жасасып, үлкен футболға қадам басты. Кейіннен Ресейдің төменгі лигаларында өнер көрсететін «Анжи», «Спартак-2», «Сокол», «Терек», «Нижний Новгород» және Украинаның «Кривбасс» клубтарында доп тепті. Тіпті ол 2003 жылы елордалық «Жеңіс» сапында да бір жыл ойнап, 11 ойында 5 гол соқты. Футболшы карьерасында айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алмаған М.Адиев 2009 жылы футболшы ретінде кәсібін доғарып, бапкерлік жұмысқа бет бұрды.
Ойыншы ретінде биік белестерді бағындыра алмаған футболшылардың бапкерлік өнерде бағы жанып жататын жайттарды жиі кездестіреміз. Бірақ 2010 жылдан бастап бапкерлікке бет бұрған Адиевке әзірге мұндай бақ қона қойған жоқ. Ресейдің «Нижний Новгород», «Волга», «Анжи», «Ахмат» секілді клубтарында қызмет еткен ол былтыр Қарағандының «Шахтер» клубының тізгінін ұстап, «кеншілер» командасын бір жылдың ішінде жоғары орындарға жетеледі. Яғни Конференция лигасының плей-офф кезеңіне дейін алып шықты. Енді Ұлттар лигасында өнер көрсететін Қазақстан ұлттық құрамасын қандай биіктерге жеткізе алар екен?