Архив – халық қазынасы. Онда тарихымызға, айтулы тұлғаларға қатысты құнды деректер сақталған. Әсіресе Батыс Қазақстан облыстық архивіндегі 1920 жылы Бөкей Ордадан Мәскеуде жүрген Ахмет Байтұрсынұлына жөнелтілген жеделхаттың сыры бөлек. Қағазы көнеріп, бояуы солғын тартқан хат ешкімді де бейжай қалдырмайды. Сондықтан ұлт ұстазына бөкейліктердің көрсеткен құрметін оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

Облыстық архивте 1920 жылы 17 мамыр күні басталып, 10 күнге созылған Бөкей облыстық Кеңесі 4-съезінің хаттамасы сақталған. Ордада өткізілген алдыңғы үш съезге қарағанда, бұл съездің ерекшелігі Бөкей даласындағы Азамат соғысы өртінің бәсеңдеген тұсында өтуі. Архив қорында сақталған съез хаттамасы бойынша 4-съездің күн тәртібіне халық ағарту, ұлт мәселесі, денсаулық сақтау, қаржы, азық-түлік, ел ішіндегі жұқпалы ауруларға қарсы күрес, съездің құрметті төралқасын сайлау т.б. маңызды мәселелер енгізілген.
Алғашқы мәжіліс жұмысын ашқан съез төрағасы С.Меңдешевтен кейін сөз алған Бөкей облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Милютин съездің құрметті төралқасына революционер тұлғалар В.И. Ленин, Г.Е. Зиновьев, Л.Д.Троцкий, Н.Наримановты қаласа, делегат Жұмағалиев құрметті төралқаға Ахмет Байтұрсынұлын ұсынған.
Аталған адамдардың ішінде А.Байтұрсынұлын ұсыну жөнінде делегаттар арасында дау болады. Делегат Жұмағалиевтің: «А.Байтұрсынов коммунист болмаса да, қырғыз халқы үшін көп еңбек сіңірген, көп зардап шеккен қарт революционер», − деген ұсынысын делегат А.Азербаев қолдады. Ал Атаянц пен Томосов: «Зардап шеккен революционерлер көп, бірақ Ленин, Троцкий т.б. сияқты бізді Қазан төңкерісіне жеткізгендер аз», − деп қарсы шықты. Олардың бұл пікіріне Азербаев: «Байтұрсынов қырғыз халқынан шыққан жалғыз революционер», − деп жауап берген. Қайтадан сөз алған Атаянц: «Байтұрсыновты жақсы білемін, ол бізді бүгінгі жетістікке жеткізгендер қатарынан емес», − деген ойын айтады.
Осы тұста съезд төрағасы С.Меңдешев делегаттардың екіжақты айтысын тоқтатып, Ахмет Байтұрсынұлын дауысқа салуды ұсынады. Төрағаның бұл ұсынысын қолдап, дауысқа салған кезде делегаттардың 89-ы қолдайды, 37-сі қарсы, 2-уі қалыс қалады. Сөйтіп, көпшілік дауыспен алаш ардақтысы Бөкей даласында өткен съездің құрметті төралқасына сайланады.
Делегаттар бұдан кейін де үнсіз қалмаған. 1908 жылдан коммунистік партияның мүшесі, 1918 жылдың сәуір айынан Бөкей облыстық атқару комитетінің төрағасы, делегат С.Милютин: «Шығыс халықтарының кең пейілі, кешірімпаздығы бүгін де дәлелденді. Кешегі жауымыз Алашорданың өкілі, бүгін Кеңес өкіметі жағына шығып отырған А.Байтұрсыновты съездің құрметті төралқасына сайлады», − деп ішкі ызасын жасырмайды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы көктемде Алашорда үкіметінің атынан Кеңес өкіметінің басшыларымен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге келді. Сол жылдың шілдесінен Мәскеуде Қазақ Әскери Революциялық Комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалады. 1920 жылдың сәуір айында коммунистік партия қатарына қабылдау туралы өтінішінде: «Қаншама жыл қиналып келген қазақ халқының бостандығын алу жолын ұзақ уақыт іздегеннен кейін менің мынаған көзім жетті: ...РКП бағдарламасында аймақтағы ұлттық қарым-қатынас жөнінде ұлттың өзін-өзі анықтаудағы ... Ленин жолдастың көзқарасында ... қаналушы ұлт ретінде қырғыз халқының мүддесін толық қамтамасыз етуге мүмкіншілік жасайтындары айтылған. Осындай бағдарламадағы айтылған істерді әсіресе Шығыс істерін жүзеге асыруға көмектесу үшін Ресей коммунистік партиясының құрамына кіруге шешім қабылдадым», − деген болатын.
Съездің 21 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де басталған мәжілісінде съездің құрметті төралқаларына жіберілетін жеделхатқа байланысты тағы да дау шығады. Мәжіліс төрағасы С. Меңдешев құрметті төралқаға сайланған адамдарға 4-съездің атынан жіберілетін жеделхаттың мазмұнымен таныстырған кезде, оңшыл делегат А.Азербаев: «Қырғыз халқына Н.Наримановтың есімі танымал емес, ол қырғыздар үшін еңбек сіңірген жоқ, сондықтан съездің атынан Наримановқа жіберілетін жеделхат қырғыздарға аты әйгілі А. Байтұрсыновқа да жіберілсін», − деді. Ал делегат Мұстафа Көкебаев: «Байтұрсыновтың ақ гвардияшылдар жағында болғаны да шындық. Бірақ ол қырғыз халқының бірден-бір көрнекті көсемі. Қырғыз өлкесінің Қазақ Әскери Революциялық Комитетінің мүшесі. Сондықтан съездің барлық делегаттарының атынан А.Байтұрсыновқа жеделхат жолдансын» деп нақты айтқан пікірін делегат Иванов та қолдады. Осылайша, жақтап сөйлеушілердің пікірлерінен соң съездің өзге құрметті төралқалары В.И. Ленин, Г.Е.Зиновьев, Л.Д.Троцкий, Н.Нариманов, сондай-ақ А.Байтұрсынұлының атына төмендегідей мазмұнда:
«Адрес Москва
ул. Трубниковская 10
Кирпредставительство
Кирревком Байтурсинову
Сіздің Кеңес өкіметі тұсындағы қырғыз халқы үшін сіңірген еңбегіңізді бағалап, Бөкей облыстық кеңестерінің 4-съезі Сізді көпшілік дауыспен съездің құрметті төралқасына сайлады. Езілуші қырғыз халқының жарқын келешегі үшін Сіздің күш-қуатыңызды жұмсап қызмет ететіндігіңізге съезд сенім білдіреді. Съезд Президиумы», − деп жазылған жеделхат жөнелтеді. Ордадан жеделхатты әуелі Орынборға жазып, кейін А.Байтұрсынұлы Мәскеуде екенін анықтап, мекенжайды түзетеді.
Архив деректеріне қарағанда, съездің құрметті төралқаларының әрқайсысына түрліше мазмұнда жазылған жеделхаттар жөнелтілген. Сондай-ақ әзербайжан халқының ағартушысы, драматург, дәрігер, 1911 жылы Бөкейлік қазақ зиялыларын қолдап «Қазақстан» газетінің баспадан шығуына қолұшын берген, мұсылман халықтарының теңдігі үшін күрескен қайраткер Нариман-бек Наримановқа да жеделхат жөнелткен.
Ал РСФСР-дің тұңғыш халық ағарту комиссары А.В. Луначарскийді төралқаға сайлау жөніндегі ұсынысты көпшілік дауыспен делегаттар қабылдамады.
Ұлт ұстазы өміріндегі тағы бір тарихи сәйкестікті айта кетейік. 1920 жылы 17 мамырда Ордада өткен съездің құрметті төралқасына сайланған Ахмет Байтұрсынұлы дәл сол күні Қазақ Әскери Революциялық Комитеті төрағасының орынбасары ретінде В.И.Ленинге хат жолдаған. Белгілі алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев бұл хат жөнінде: «Кеңес үкіметінің ұлт мәселесінде бағдарламалық ұстанымының жоқ екенін сырттай емес, Қазақ революциялық комитетінің қызметіне тікелей араласа жүріп байқаған А.Байтұрсынұлы: «...Ұлттық қанау мен кемсіту көрген қазақтардан асқан бұратана халық болмаған шығар. Ұлттық қанау ұлтшылдық сезім тудырмай қоймайды», − деп Кеңес өкіметінің қазақ қоғамына қатысты жіберіп отырған принциптік кемшіліктеріне тоқталды. Орталық билікке оның қазақ саясатына байланысты кемшілігін көрсетіп, сынаумен шектелмей, бұл күрделі жағдайдан шығуға мүмкіндік беретін өзінің ұсынысын да білдірді», − деген тұжырым жасайды.
Қорыта айтқанда, «А.Байтұрсынұлының қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қайраты, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын болады»,− деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бекер айтпаған. Ұлт мүддесі жолында жан аямай қызмет еткен ұлы тұлғаның есімі халқымен бірге мәңгі жасайды.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты
Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 9,5 миллионнан асты
Коронавирус • Бүгін, 11:03
Түркістан облысында екі шетелдік студент суға батып кетті
Оқиға • Бүгін, 10:50
Соғыста қаза тапқан үш қазақстандық жауынгердің сүйегі елге жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 10:35
Коронавирус жұқтырғандар көбейді
Коронавирус • Бүгін, 10:29
Елге 30 тонна қантты заңсыз кіргізбек болған қазақстандық ұсталды
Әлем • Бүгін, 10:23
Елордадағы Президентік клиникада түркиялық дәрігер шеберлік сағатын өткізеді
Медицина • Бүгін, 10:15
Каспий теңізінде үш адам құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 10:08
Дүйсенбіге арналған ауа райы болжамы
Ауа райы • Бүгін, 09:58
Тоқаев осы аптада қандай іс-шараларға қатысады
Президент • Бүгін, 09:50
Өзбекстанда президент өкілеттігі ұзартылады
Әлем • Бүгін, 09:45
ТЖД алматылықтарға үндеу жасады
Қоғам • Бүгін, 09:37
Алматыда мейрамхана өртеніп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 09:32
Екі өңірде ауа сапасы нашарлайды
Ауа райы • Бүгін, 09:22
Елордада «Қазақстан Барысы» турнирінің финалы өтеді
Күрес • Бүгін, 09:17
Атырау облысында жол апатынан бес адам қайтыс болды
Аймақтар • Бүгін, 09:04
Қазақстан • Бүгін, 08:34
Спорт • Бүгін, 08:33
Спорт • Бүгін, 08:32
Спорт • Бүгін, 08:30
Түркі әлеміне ортақ оқулықтар әзірленді
Білім • Бүгін, 08:28
Қаржы • Бүгін, 08:26
Құқықтық қатынасты нығайтудың тетіктері
Қазақстан • Бүгін, 08:24
Ахмет Байтұрсынұлы • Бүгін, 08:22
Керамикалық кірпіштің келешегі бар ма?
Экономика • Бүгін, 08:20
Әлем • Бүгін, 08:17
БАҚ жөніндегі заң жобасы талқыланды
Қазақстан • Бүгін, 08:15
Демографиялық және гендерлік саясат: Жаңа мүмкіндіктер жасалады
Қазақстан • Бүгін, 08:10
«Қауіпсіз ел» – қуатты армия кепілі
Қазақстан • Бүгін, 08:07
Заңсыз миграция екі елдің проблемасына айналды
Әлем • Кеше
Еуропалық одақтың құрылымы өзгеруі мүмкін
Әлем • Кеше
Импортты алмастыру қалдықты өңдеуден басталады
Экономика • Кеше
Қазақстан • Кеше
Еңбек биржасындағы түйіндемелердің саны азайды
Қоғам • Кеше
Қоғам • Кеше
Банктер экожүйесінің дамуы көңіл көншіте ме?
Қаржы • Кеше
GGG – CANELO: Ер кезегі үшке дейін...
Кәсіпқой бокс • Кеше
Amanat медиа сыйлығы: Кіл мықтыдан кім мықты анықталды
Қазақстан • Кеше
Алаш ардақтысын түркі әлемі ұлықтады
Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар