Қоғам • 18 Мамыр, 2022

Саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру жолдары

1691 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақта «білім мен тәрбие – егіз» деген сөз бар. Дана халқымыз жастарға жақсы білім беру үшін тәрбие беру мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін ертеден білген және оны терең түсінген.

Саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру жолдары

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғарыштап даму ғасыры. Әр елдің эко­но­микалық және ғылым-иннова­ция­­лық дамуының түп негізі сол елдің адам ка­пи­­­­­талы деңгейіне, ал адам капиталы дең­­­­­­ге­йі орта білім сапасына байланыс­ты болады.

Қазіргі уақытта оқушылардың білім сапасын анықтайтын бірнеше халықаралық зерттеу бар. Солардың ішінде PISA зерт­теу­і басымдыққа ие. 2003 жылдан бері 3 жылда 1 рет өткізіліп келе жатқан PISA зерттеуінің нәтижелерін мұқият саралап, соңғы 18 жылда оқушылары жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқан елдерді анықтадық. Бұл – Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Сингапур, Канада, Гонконг (Қытай), Макао (Қытай), Тайвань, Эстония, Шанхай (Қытай), Қытай (4 провинциясы), Польша елдері.

Қазақстан PISA зерттеуіне 2009 жылдан бері қатысып келеді. Еліміздің 15 жастағы мектеп оқушылары 2009 жылы 63 елдің оқушыларының арасында 59-орын иеленген болса, 2012 жылы 65 елдің ішінде 49-орын, ал 2018 жылы 79 елдің ішінде 69-орынды иеленді. Бұл – жоғары көрсеткіш емес. Аталған зерттеу­­ге Қазақстан 2015 жылы қатысқанымен, оны жүргізу барысында жіберілген қателіктерге байланысты, оқушылардың жұмыстары бағаланбады.

Осы елдердің білім беру жүйелерінің та­быс­тылығын зерттегенімізде, олар, бі­рін­шіден, өздерінің ұлттық ерекше­лік­тері мен дәстүрлі мәдениетін сақтай отырып, шығармашыл, бірегей ойлайтын, үйлесімді дамыған және рухани бай адам тәрбиелеуді мақсат ететіні және екіншіден, мектептерде кәсіби құзыреті жоғары мұғалімдердің жұмыс істеуіне баса назар аударатыны анықталды. Бұдан жастар тәрбиесін ең басты мақсат ретінде анықтап, соны іске асырып отырған және ұстаздардың кәсіби құзыретінің жоғары болуына қол жеткізген елдердің оқушыларының білім сапасы басқа елдер­дермен салыстырғанда көш ілгері еке­нін көреміз.

Егемендік алған жылдардан бері қа­былданған барлық Заңдар, заңнамалық актілер мен мемлекеттік бағдарламаларда білім беру жүйесін дамыту еліміздің бас­ты ба­ғыттарының бірі ретінде көрсетіл­ген. Мүмкіндігінше қаражат бөлініп, көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Бірақ білім сапасы, оның ішінде орта білім беру сапасы көтерілмей тұр.

Ұрпақ тәрбиесіне қатысты да елі­міз­де көптеген жоба қабылданып, жұ­мыстар істеліп жатыр, бірақ бұл ба­ғыт­та да толымды нәтиже болмай тұр. Дамыған елдерде жас ұрпаққа ғылыми-практикалық тұрғыда тәрбие беру жүйесі жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілген. Бұл жақ­сы нәтиже беріп, соның негізінде білім сапасы көтеріліп отыр. Мысалы, жапон елінің үздіксіз білім беру жүйе­сі қоғамның рухани-адамгершілік құн­дылықтарын көрсететін негізгі 3 өмір­лік ұстанымды насихаттайды және оларды іске асырып келеді. Бұл: ойланып үйрен, өз бетіңмен шешім қабылда, проблемаларды шешудің ең жақсы жолдарын ізде және тап; әдемілікті түсін, өзіңде сұлулық сезімін тәрбиеле, жаның сұлу болсын, мейірімді бол, аяушылық білдіре біл; денің сау, төзімді, күшті бол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Bіlіm jáne Ǵylym! атты 2019 жылы өткізілген тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деп, ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аударды.

Қазіргі уақытта қоғамда ұлттық рух әлсіреп, ана тіліне деген құрмет төмен­деп, перзенттік және азаматтық борыш ұғым­дарының мәні құнсызданып, жас­тар арасында зорлық-зомбылық, суицид және басқа да жағымсыз құбылыстар көбейіп барады. Жастардың бойында рухани-адамгершілік қағидаларының толық сақталмауы, жалпы әдеп негіз­де­рінің жетіспеуі, адал еңбек ету ниет­те­рі мен ерік-жігердің төмендеуі, өмір­лік мақсаттарының айқын еместігі, сабыр­сыз­дық, әлсіздерге күш көрсету сияқты жағымсыз қасиеттердің кең таралуы қо­ғам­да алаңдатушылық туғызуда. Мұн­дай жағдайлардың тамыры тереңге тартуы 
білім беру саласындағы ұрпақ тәр­биесінің дағдарысқа ұшырағанын көр­се­тіп отыр.

Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі – болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Дұрыс ұйымдас­ты­рылған тәрбиенің қуатына тең келетін басқа пәрменді құралды да, рухани күшті де табу өте қиын. Ұрпақ тәрбиесіне жұм­салған күш-жігер, уақыт, еңбек – болашаққа деген ең маңызды инвестиция, ең ұтымды үлес. Сан ғасырлар сынынан өткен ұлттық тәрбие қағидаларын әлемдік озық тәрбие тәжірибелерімен ұш­тас­тыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жетілдіру мақсатында Педагогикалық ғылымдар академиясы 2021 жылы Алматы қаласы білім басқармасының бастамасы негізінде «Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиелеуді ғылыми-практикалық тұрғыдан іске асыру жолдары» жобасын әзірледі. Жобаны іске асыру мақсатында алдымен «Қазіргі мек­тептерде саналы ұрпақ тәрбиесін же­тіл­діру тұжырымдамасы» дайындалып, мақұлданды.

Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің негізгі бағыттары қоғам дамуында кездесіп отырған келеңсіз жағдай­лар­дың алдын алуға, жастарды қоғам талаптары мен сын-қатерлі болашаққа барынша дайындауға және толыққанды азамат ретінде қалыптастыруға байланыс­­ты анықталды.

Тұжырымдама аясында жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарын 6 бағытта жүргізу қарастырылды: Саналы ұрпақ тәр­бие­сіндегі мектептің мәдени-тәрбие­лік ортасы; Саналы ұрпақ тәрбие­сін­дегі отбасылық құндылықтар жүйесі; Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар жүйесі; Саналы ұрпақтың саламатты өмір салты; Саналы ұрпақтың АКТ сауат­ты­лы­ғы; Саналы ұрпақ тәрбие­сін­дегі адал кәсіпкерлік еңбек құнды­лық­тары.

Осы бағыттарда нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған 13 әдістемелік нұсқаулық дайындалды: Саналы ұрпақ тәрбиесі; Ұлт болашағы – саналы ұр­пақ; Ата-ана болу – ұлы міндет; «Мек­теп–ата-ана–оқушы» триадасы; Бала тәр­биесіндегі ұлттық құндылықтар; Ұлт тарихы – ұрпақ мақтанышы; Ұлттың ұлы тұлғаларының даналық сөздері; Өз өмірің өз қолыңда. Суицидтің алдын алу бойынша жасөспірімдерге арналған қойынкітапша; Саламатты өмір салты; Оқушылардың интернетке тәуелділігінің алдын алу; Интернет қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету; Оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыру негіздері. Саналы ұрпақ тәрбие­сіндегі адал кәсіпкерлік еңбек құн­ды­лықтары; Мамандық таңдау – маңыз­ды шешім.

Тұжырымдама мен әдістемелік нұс­қау­лықтарды дайындауға педагог-ға­лымдар, әдіскер-тренерлер, психологтер мен тәжірибелі ұстаздар қатысты. Олар жұмыстың жауапкершілігін түсініп, бір ұжым болып жұмыс істеді. Барлық әдістемелік нұсқаулық бір тұжырымдама негізінде жасалғандықтан, олардың бірін-бірі толықтыруына, қайталаулардың болмауына, мазмұндарының үндестігіне, ұстаздардың сұраныстарына жауап беретін қажетті нұсқаулықтар болуына ерекше көңіл аударылды.

2021 жылдың аяғында құжаттар мол данамен шығарылып, қаланың бар­лық қазақ және аралас мектептеріне берілді. Биыл қала мектептері осы жоба негізінде тәрбие жұмыстарын жүргізе бастады, арнайы тәжірибелік мектептер белгіленді. Мектеп мұғалімдеріне тұжырымдама мен барлық әдістемелік нұсқаулықты кеңінен түсіндіру мақса­тын­да видеодәрістер дайындалды. Осы уақытқа дейін ол дәрістерді қаланың 4 мыңға жуық мұғалімі тыңдады. Мұғалім­дер­мен кері байланыс орнату жолдары да қарастырылды.

Енді мамыр айында тәжірибелік мектеп болып бекітілген М.Мақатаев атын­дағы №140 гимназияда «Ұрпақ тәрбие­сіне жүйелі көзқарас: заман талабы және болашақ» тақырыбында осы жоба аясында атқарылған жұмыстар кең көлемде талқыланатын республикалық ғылыми-практикалық конференция өткі­зі­леді. Конференция нәтижесі мен бар­­лық мектептен келіп түскен ұсы­ныс­тар мен пікірлер ескеріле отырып, жоба тұжырымдамасы мен әдістемелік нұсқаулықтар өңделіп, жетілдіріліп, Білім және ғылым министрлігінің назарына ұсынылады.

Халық даналығы «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» деген. Жас ұрпақ тәрбиесін жетіл­діруде мектептерге үлкен жауапкер­шілік жүктеліп отыр. Әр мектеп оқушы­лар­дың әлеуметтік жетілген тұлғасын қалып­тастыруға үлкен әсер ететін маңыз­ды әлеуметтік институт, ал мұғалім оқу­шы­ларды тәрбиелеудегі жетекші тұлға, мәдениеттің қайнар көзі, ұлттық құнды­лықтардың жанашыр жаршысы болуы керек. Бұл жоба осы мақсаттарға жету үшін дайындалған.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбе­гінде «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» деген болса, Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі» деді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беру ертеңгі сапалы өмір кепілі болмақ. Біз ұрпақ тәрбиесінде біраз уақыт өткізіп алған елміз, соның өкінішті нәтижесін енді көріп отырмыз. Олай болса, қазіргі бас­ты мақсат – ұрпақ тәрбие­сін­дегі бүгінгі мүмкіндіктерді жібе­ріп алмау, кемелденген келешекті тәрбиелеуде уақыттан ұтылмағанымыз абзал.

 

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты