Қоғам • 18 Мамыр, 2022

Күйзелген әйелдер демеу күтеді

345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мешіт құлшылық жасайтын орын ғана емес. Ол қоғаммен тығыз байланыса отырып, болашақ келін, ананы тәрбиелейді. Дегенмен соңғы жылдары тағдырдың тауқыметімен күйзеліске ұшыраған әйелдер Алматы мешіттерін жиі паналайтын болған.

Күйзелген әйелдер демеу күтеді

Әйелдер қауымының мешітке жиі келуі қуантарлық жағдай болса да, оның ойландырарлық екінші тұсы бар көрінеді. Бірінші жағдайда мешіт рухани, діни біліміңізді арттырып, көкірек көзіңізді ашады. Яғни ағартушы қызметін атқарады. Осы тұрғыдан алғанда қыз-келіншектердің мешітке келіп білім алғаны абзалырақ әрі қауіпсіз көрінеді. Неге десеңіз, мешіттегі ұстаздардан сабақ алған қыз-келіншектер жат ағымның арбауынан сақтанады, оларға мешіт дәстүрлі исламды үйреткен соң оларда белгілі бір иммунитет қалыптасады. Егер сіз адамның дінді оқуы мен меңгеруіне тыйым салсаңыз, ол бәрібір оны басқа жақтан, ең қолжетімдісі интернеттен іздеп табуы әбден мүмкін. Қазір арам пиғылды көздейтін жат ағымдар жұмысын осы интернет арқылы жүр­гі­зіп отырғанын есепке алсақ, онда қауіп қайдан келер дейсің деп немқұрайдылық та­нытуға болмас. Себебі біздің бір күн­дік уақытымыздың басым бөлігі қазір онлайнда өтеді. Осы тұрғыдан ал­ған­да қаладағы мешіттердің жанынан білім алу сенімді. Мешітте рухани білім берумен қатар аналар және әжелер мектебі жұмыс істейді.

«Мәселенің екінші бір тұсы әр аудандағы мешіттер ай сайын өздерінде тіркелген мұқтаж отбасыларға азық-тү­лік үлестіріп көмектеседі. Киім-ке­шек те береді. Содан болар, бәлкім, жұрт мешітті тек қайырымдылықпен ғана айналысатын жер деп қабыл­дай­ды. Керісінше, мешіттің өзі қайырымдылыққа мұқтаж. Өйткені мүлде қаржыландырылмайды. Бұған қоса кейінгі кезде жауапкершілікті сезінбейтін жастардың қатары артып келеді. Оларға отбасын асырап, бағу жүктелген міндет екенін білмейді. Құмар ойынға кіріп кету, ішкілікке салынудың кесірінен пәтерақы төлеу тұрмақ, бала-шағасының киер киімі, ішер асы жоқ. Әйелге қол көтеру, соқ­қыға жығу сияқты жағдайлар да көбейген. Соның кесірінен күйзеліске түскен әйелдер мешітке көмек сұрап, жиі келетін болды. Бұл біздің отбасы­лар­дың әлеуметтік мәселесі шешілмей жатқанын көрсетсе керек», дейді ҚМДБ жанындағы әйел-қыздар бөлімінің Алматы қаласы бойынша жауапты ұстазы Гүлмира Ілесбайқызы.

Бүгінде Алматы қаласында 52-ге жуық мешіт болса, онда әйел-қыздар секторы жұмыс істейді. Онда 25-ке жуық әйел ұстаз бар. Бұл сектор діни сауат ашуға, қайырымдылық жасауға ден қояды. Үгіт-насихат, ихсан ілімі, яғни көркем мінез, қоғамдық, мәдени іс-шаралар, діни оңалту бөлімі, дін мен дәстүр бөлімдері жұмыс істейді. Діни сауат ашу курсы үш ай жүреді. Сол уақыт ішінде шәкірттер қалай дәрет алу, ғұсыл алу, намаз оқуды үйренеді, тәжуид ережелерін меңгереді, ораза ұстау жайлы да білім беріледі. Фикх, иман негіздері сабақтары болады.

Орталық мешітте қазір 150-дей шәкірт білім алып жүр. Рамазан айында олардың саны 200-ге жететін көрінеді. Себебі қасиетті айда әйелдердің көбісі намаз оқып үйренгісі келеді. Сондықтан мешіт тарапынан осындай курстар саны көбейтіледі екен. Орыстілді топтар да жұмыс істейді. Онда орыстілді қазақтармен қоса, өзге ұлт өкілдері бар. Дүнген, ұйғыр, түрік, ислам қабылдаған корей қыз-келіншектері де дәріс алады.

Мешіттегі дәрістерге тұрақты әрі белсенді түрде келетін әжелер де бар. Олар біраз жылдан бері сабақ алып, Құран үйренген. Биыл Рамазан айында қала бойынша бірнеше белсенді әжелер тобы Құран хатым жасаған. Күнде Құран аударып, сәресі уақытынан бұ­рын тахаджуд намазында Құран ха­тым­ның дұғасын жасап, еліміз бен жері­міздің, ұрпағымыздың амандығын сұраған. Г.Ілесбайқызының айтуынша, Рамазан айында ғана оқылатын тарауих намазына сексен жеті жастағы апаларымыз да үзбей қатысқан көрінеді.

«Өткен айда сегіз аудандағы мешіт­тер­дің шәкірттері, жамағатымен бірге 300 адамға Наурыз мейрамын өткіздік. Онда «Әжелер мектебі» қойдың етін қалай мүшелеп бөлу керек, оның әрбір мүшесін белгілі бір адамдарға тарту жолы мен мәнісін түсіндірді. «Аналар мектебі» жас келіндермен тәжірибесін бөлісу, ақылдарын айту үшін көрініс қойды. Құрақ көрпенің, ою оюдың түрлері, кимешек тігуден, наурыз көже, бауырсақты дұрыс пісіруден шеберлік сабақтары өтті. Әртүрлі жастағы қыз-келін­шек әр өңірде жасына қарай қан­дай кимешек, қыз баланың қандай тақия кигені көрсетілді. Міне, осылай ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу арқылы біз қыздарымызға тәрбие беріп келеміз. Адам не нәрсені де көзбен көріп, қол­мен істеп көргенде ғана оны өмірлік дағдысына енгізіп, қолданатыны анық. Сол кезде ол ұлттық дәстүрдің қаді­рі­не жетіп, бағалайды. Сол үшін біз қыздарымыздың аналар мен әжелер мектебін көріп, солардан үйренуіне күш салып келеміз», деді Г.Ілесбайқызы.

Мешіт қоғаммен жұмыс істейтін көпшіліктің ортасы болғандықтан мұнда неше түрлі тағдырды, небір қиын жағдайда отырған отбасыларды да көресіз. Маманның айтуынша, соңғы кездері сал ауруымен ауыратын балалар саны артқан. Оған қоса балалардың арасында аутизм кең таралуда. Бұл ретте аурушаң балаларға көрсетілетін көмек әлі де болса жеткіліксіз.

Жалпы, бүкіл қиындықпен жалғыз өзі қалған, жоқшылық пен таршылықтан қиналып, баласын уайымдаған, күйзеліс жанын жегідей жеген әйелдер мешітке көп келуде. Бұл бізді ойлантуы керек.

 

Әсел ДАҒЖАН

Соңғы жаңалықтар