Экономика • 18 Мамыр, 2022

Азық-түлік инфляциясы қашанғы құбыла береді?

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде азық-түлік бағасының өсуі азаматтарымыз үшін басты мәселеге айналды. Көптеген отбасы барлық кірісін тек тамақтануға жұмсай отырып, айлығын шайлығына әрең жеткізуде.

Азық-түлік инфляциясы қашанғы құбыла береді?

Әрине, барлығымыз азық-түлік нарығындағы қалыптасқан ахуалдың күрделілігін түсінеміз және Үкіметтің уақ­тылы іс-қимылын қолдаймыз. Дегенмен қоғамда «ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрін экспорттаушы мемлекеттердің бірінші ондығына кіре отырып, неге біз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көршілес көптеген елден алда келеміз?» деген орынды сұрақ туындайды.

Қазіргі жағдаймен сипаттасақ, мем­ле­кет­тік органдар өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың іс-қи­мылы алдын алу сипатындағы шара­ларды қолдануға емес, аяқасты туын­даған жағдайға жауап қайтаруға ғана ба­ғытталған. Ауыл шаруашылығы та­уарларын экспорттауға тыйым салу және экспорттық квоталарды енгізу оңай, бірақ ондай шектеулер фермерлерді бан­крот­тыққа, ал отандық агроөнеркәсіп кеше­нінің дамуын тежеуі әбден мүмкін.

Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­ле­лерінде жүйелілік жоқ. Біріншіден, бізге заңнамалық деңгейде «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын дәл анықтау қажет. Өйт­кені қазіргі тұжырымдама нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Мысалы, кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі тұтынудың физиологиялық нормаларының негізінде есептелген ішкі нарық­тың қажеттілігінен асып кетеді, яғни қағаз жүзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етіп отырмыз. Ал шын мәнінде, бұл өнім­дер бойынша біз импортқа әлі де тәу­елдіміз. Басқаша айтқанда, халық­тың азық-түлік тауарларының тұтыну нормаларын анықтауда шынайы әрі объективті тәсілдерге ауысуымыз қажет.

Екіншіден, бізде азық-түлік қауіп­сіз­дігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшем­шарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуға тиіс. Егер әлі күнге дейін оны мониторингтеудің толыққанды әдістемесі болмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін қалай басқаруға болады?

Дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақмерзімді экономикалық байланыс­ты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шеші­мін тапқан. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей құбыла бермейді.

Ал біз осындай жүйені жасай аламыз ба? Меніңше, толық мүмкіндігіміз бар. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия ала отырып, ішкі азық-түлік нарығының жай-күйіне, азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қатысты ешқандай жауапкершілік алмайды. Ашығын айту керек, көптеген бағыт бойынша субсидиялау жүйесі бюджет ақшасын жай ғана тарату рәсіміне айналды.

Бүгінде ауылдағы тауар өндірушілердің басым бөлігі нарықтың құбылмалы жағдайында жұмыс істеп келеді. Олардың өнімді белгіленген бағамен өткізетін тұ­рақ­т­ы орындары жоқ. Сол себепті де біздің фер­мерлердің негізгі ұстанымы жоғары ба­ғаны күту және кездейсоқ сатып алушыларды табу болып отыр. Ал мұндай жағ­дайда ішкі азық-түлік нарығының тұ­рақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес.

Бұл проблеманы шешу үшін субсидия­лау мүмкіндіктерін пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі кластерлерді дамытуға экономикалық жағдайлар жасау керек. Атап айтқанда, өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгі­лен­ген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгі­зу қа­жет. Бұл ретте форвардтық келісім­шарт­тар­ға аванс беру есебінен ауылдағы та­уар өн­діру­шілердің айналым қаражатын толық­тыру мәселелері де бір мезгілде шешіледі.

Мұндай жағдай жоғарыда айтылған экспорттық шектеулерді қолданудан бас тартуға және сол арқылы экспортқа бағ­дар­ланған отандық агробизнестің тиім­ділігін арттыруға, яғни мемлекеттің аграр­лық саясатын тұрақты жүргізуге мүм­­кіндік береді. Бұл жүйелі өзгерістерді іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Сенат депутаты