Экология • 18 Мамыр, 2022

Теңіз жайлы болса, жануарлар неге тұншығады?

445 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің тағдыры, тазалығы – еліміздің шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де аса маңызды мәселе. Теңізді сақтау, флора-фаунасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өткізілетін басқосулар да, қабылданатын құжаттар да көп.

Теңіз жайлы болса, жануарлар неге тұншығады?

Бірақ кейінгі кездері Каспиймен шектес өзге елдерді білмеймін, алақандай Ақтаудың өзінен теңізге белгісіз ағын сулардың құйылуы, су жануарларының қырылуы сынды тосын жағдайлар көбейіп кетті. Желілерде бірінен соң бірі бұрқ ете қалатын мұндай ақпараттар мәселенің бар екеніне сендіреді.

Қазір теңіз жағалауы жайдақ емес, сығылыса орналасқан түрлі демалыс орны, кә­сіпкерлік және өндірістік ны­сандар. Олар­дың қоқыс қал­дық­та­ры немесе қандай да бір лас сулары те­ңізге құйылатынына да сенгің келмейді.

Жуырда Каспий теңізіне қара сұ­йық­тықты төгу дерегі қоғам­ды дүр сіл­кін­дірді. Оқи­ғаға орай «МАЭК-Қаз­атом­­­өнеркәсіп» ЖШС-на тиесілі ЖЭО-1 аумағына шолу жүр­гізген Маң­ғыс­тау облысы бойын­ша экология де­пар­таменті қыз­мет­керлері атмосфе­ра­лық ауа мен су жинау каналы суы­нан сынамалар алды. Сондай-ақ «МАЭК-Қаз­атомөнеркәсіп» ЖШС өкілдері аталған мәселе бо­йынша түсініктеме берді.

Кәсіпорын түсіндірмесіне сәйкес ЖЭО-1 су тарту арна­сы ЖЭО-1 тех­но­ло­­гиялық қажет­ті­ліктеріне теңіз суын беруге және бастапқы су ретінде «Кас­пий» тұщытқыш зауыты» ЖШС-да ауыз су дайындауға арналған. Яғни олардың түсіндіруінше, Каспий теңізі­нің күрт таяздануынан су алу кана­лын­дағы су деңгейі де төмендеп, кей жерлерде құрлық аралдары пайда болған. Арнадағы теңіз суының қа­жетті деңгейін ұстап тұру, ЖЭО-1 жә­не «Каспий» тұщытқыш зауыты» ЖШС жұмысын тоқтатпау үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭО-1 су тарту арна­сы­ның түбін терең­дету жұмыс­тарын жүргізеді. Түбін те­реңдету жұмыстары жер снаря­­ды­ның көмегімен механикалық жол­мен жүргізілетін бол­ған­дықтан, арна­дан сорылатын су қоспасыз теңіз суы екен.

Аталған серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіз­дігіне әсер етпейді. Аталған жұмыстар жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарапынан су тарту каналында канал толық тазаланбайынша әлі де жалғасады. Маңғыстау өңірінің су тапшылығын және тұрғындар теңіз суын тұшытып ішетінін ескере отыра, аталған жұмыстар жасалмаса, халықты сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмайтынын ЖШС мамандары атап көрсетіп отыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің шолу барысында алынған ауа сынамалары бойынша шамадан тыс арту анықталмады және су сынамасының зертханалық талдау нәтижелері бойынша да шамадан тыс артулар тіркелмеген.

Жағдайды «МАЭК-Қазатомөнер­кәсіп» ЖШС осылайша түсіндіріп берді. Артынша Каспий теңізі жағалауына ағынды суларды ағызу дерегі киліге кет­ті. Биыл 16 мамырда жергілікті бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарының бірі­­не қала тұрғынының Каспий теңізі­не қыз­ғылт-сары түсті белгісіз сұйықтық­тың төгілгенін айтқан видеосы жарияланды.

Аталған орынға Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақылау және зертханалық-талдамалы бөлімдерінің мамандарымен оперативті қарау ұйымдастырылған. Нәтижесінде, №13 өрт сөндіру бекетінің техникалық цистернасы тесілгендігіне байланысты цистерна ішіндегі, өрт сөндіру гидранттарынан алынған 500 литр көлеміндегі су теңізге төгілгенін анықтады. Шолу жүргізу барысында теңіз суының сынамалары алынды. Сондай-ақ №13 өрт сөндіру бекетінің өкілдері аталған мәселе бойынша түсініктеме берді, ал экология департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайтын болды.

Көп ұзамай теңіз жағалауынан та­ғы шу шықты. Жергілікті интернет-ресурс­тың бірінде қала тұрғыны құ­быр­дан теңіз жағалауына ағынды су­дың төгіліп, кіші көлге айналғаны тура­лы видеоны жариялады. Аталған құбыр­ға Маңғыстау облысы экология департаментінің экологиялық бақы­лау және зертханалық-талдамалы бөлімдерінің мамандары барып, ағынды судан алынған сына­ма химиялық талдаулар жүргізу мақ­са­тында департамент зертханасына жеткізілді және құбырдың иесі шақыр­тылып түсініктеме алынды.

Маңғыстау облысы экология департа­ментінің ақпаратынан белгілі болғандай, құбырдағы ағынды су «Қайсар Сервис» ЖШС мекемесіне қарасты «Сая» демалыс үйі бассейндерінің суы екені анықталды. Демалыс үйі басшысының айтуынша, аталған су жер ұңғымасынан шығып жатқан минералды ыстық су, ешқандай тазалаудан өтпестен тікелей жағалауға төгіліп әрі қарай Қаракөл көліне құйылады. Сонымен қатар демалыс үйі басшылығы өз уәждерін дәлелдей түсу үшін Ақтау қаласы «Золотые пески» №53 учаскесіндегі демалыс базасының ауданындағы құдық суын емдік мақсатта пайдалану мүмкіндігі туралы Ресей Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінен алынған медициналық қорытындыны және «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының су үлгілерінің зерттеу хаттамаларын көрсеткен.

– Аталған орынға осыған дейін де бірнеше рет шолу жұмыстары жүргізі­ліп, нақты иесі анықталып, жерас­ты суының құрамындағы химиялық элементтердің нақты концентрация көлемі шығарылған еді. Қазіргі таңда кіші кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты, тексеріс тағайындау үшін жоғары тұрған мемлекеттік мекемелерге хат жолданып, департамент тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта департамент қолданыстағы заңнамаларға сәйкес шаралар қабылдайды, – дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің бөлім басшысы Г.Лұқпанова.

Теңіздің суы да, тірлігі де тыныш емес. Теңізге қара, түрлі түсті сулардың құйылуы тұрғындарды алаңдатады, Кас­пийдің суын ауызсу ретінде тұ­шы­тып қолданатын тұрғындардың алаң­дауы тү­сінікті. Ал «ағын судың» авторлары айылын жимайды және өздерінің әре­­кеттерін мінсіз етіп дәлелдеуге шебер.

Теңіз тіршілігі демекші, Каспийде тіршілік ететін су жануарларының қырылуы соңғы кезде жиі ұшырасып, тұрақты қайталанатын жағдайға айналды. Биыл сәуір айының соңында Каспий теңізінің жағалауында, нақтырақ айтсақ Түпқараған ауданында өлі итбалықтардың 97 ұшасы табылған еді. Ғылыми ведомстволар қызметкерлерінің ақпаратынан зерттеу нәтижелері, яғни жануарлар өлімінің болжамды себептері зерттеу жүргізілгеннен кейін бір ай ішінде жарияланатынын білдік.

а

Алайда алдыңғы оқиғаның нәтиже­сін естімей жатып екінші оқиға орын алды. 2022 жылғы 14 мамырда Маң­ғыс­тау облысы бойынша Жайық-Кас­пий облысаралық бассейндік ба­лық шаруашылығы инспекциясының балық инспекциясы басқармасының қызмет­керлерімен Форт-Шевченко теңіз пор­ты­ның жағалау аймағында «Үр­дек» мүйісінен «Баутин қосасы» же­рі­не дейін­гі аумақта 64 өлі итбалық пен 5 бе­кіре тұқымдас балығының өлек­се­сі табылған. Тиісті орындар қыз­меткер­лерінің айтуынша, теңіз жануарлары мен бекіре балықтарының ұшалары қат­ты ыдырау күйінде болған­дықтан зерт­теу жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмаған. Сол себепті мамандар бұлар қыста өлген деген болжам айтады. Әйтсе де мамандар теңіз жануарлары мен балықтардың өлімтіктері табылған жерден су мен ауа сынамаларын алған. Маңғыстау облысы бойынша балық инс­пекциясы басқармасының инспекторлары Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелеріне мониторинг жүргізуде.

Теңізде тәртіп қашан орнайды? Жағалаудағы түрлі мақсаттағы нысандар өз қалдықтарын қанша жерден мақтаулы, экологиялық зиянсыз болса да теңізге емес, өз күштерімен басқа жерге бағыттап төгуіне болмай ма, әлде бұл қосымша шығын қажет ететін болғандықтан ең оңай жолды таңдап отыр ма? Облыстағы экология департаменті мамандары шетін дерек анықталған жерге барудан қағыс қалып жатқан жоқ, бірақ мәселенің біржолата тоқтауы, жазықтылардың жазалануы сирек. Әр мекемелердегі заңгерлер мен экологтердің белсенділігі, басшылардың бұлтаруы көп нәрсенің бетін ашуға кедергі болып келе жатқан тәрізді. Сонымен «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» дегендей, теңіз жайлы болса төлдері неге тұншығып өледі?

 

Маңғыстау облысы