Ғылым • 19 Мамыр, 2022

Академиктің алгоритмі

311 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Креативті ой-өрісі, ізденістері, алдына қойған қандай да болсын мақсатқа жету қағидасы Оразалы Сәб­деннің күнделікті өмірінің алгоритмі десе болады. 1970 жылы Қазақ химия-технология институтын бітірген жас маман болашақта мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық жаһандық зерттеулер академиясы­ның, Халықаралық жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халық­аралық инженерлік академияның, Ресей жаратылыстану ғылымдары ака­демиясының, Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының акаде­мигі және «Қазақстан ғалымдары ода­ғының» президенті, экономика ғы­лым­дарының докторы, профессор болатынын кім білді.

Академиктің алгоритмі

Сонау жетпісінші жылдар­дың өзінде О.Сәбденнің ғылы­ми мақсаты кәсіп­орын­дарда­ғы желілік жоспарлау мәселеле­рін шешу болатын. Бүгінде жаңа процестерді басқарудың желілік тәсілінің тетігін пайдалана отырып, академик бар­лық мәселенің нәтижесін модель түрінде көрсетіп, шеші­мін таба алды. Бәлкім, технарь әрі спортшы болуы оның экономика тілінде түсіндірілген логикасын күшейткен болар. Жас маман болып қалып­та­суынан бастап, елдің тағ­ды­­рына жанашырлықпен қара­­ған О.Сәбден көкейкесті мәсе­лелерді шешуге тыры­сатын.

Бірнеше спорт түрін мең­­гергенінің нәтижесінде қалып­тасқан кез келген ойға алған істі аяғына дейін жеткізу қабілеті оны ғылым әлемінде ерекшелеп тұрады. Бір таңғаларлығы, мектепте оқып жүрген кездің өзінде спорттың 15 түрі бо­йынша алған бірінші және екін­ші спорттық дәрежелері, университет қабырғасындағы иеленген КСРО спорт шебері, зауыттағы еңбектері өмір өте оның марқасқа ғалым, депутат, қоғам және мемлекет қайраткері ретінде бүкіл қызметінде із қалдырды.

Ғалымның соңғы жылдары әзірлеген жобаларының ішінде ойып орын алатыны – «Түркістан өңірі» жаңа руха­ни-технологиялық кластерін құру – қазақ­стан­дық қоғамды ізгілендіру жолы» тақыры­бын­дағы зерттеуі. Автор Түркістан қаласын рухани астанаға, мә­де­ниет, ғылым мен білім ор­та­лығына айналдыру және оны ХХІ ғасыр талаптарына, Еуразиялық интеграция идеясына сай дамыту мақсатын қояды. Әрине, жоба шеңберінде алты даму кластерін құру көзделген. Әңгіме Кентау экскаватор мен трансформатор зауыттарының өндірістік қуаттарын жаңғырту, «Байқоңыр-Семей» ядролық қарусыз паркін ашу, «Жібек жолы» көліктік-логистикалық орталығы, техно­логиялық колледж және басқа да инфра­құрылым құрылысы жөнінде болмақ. Туризм және жаңа үлгідегі «ауылды» дамыту бо­йынша кластерлер құруға көп кө­ңіл бөлу қажет. Автор ұсынған жаңа жұ­мыс орындарын құру – жастардың қалаға кетуіне кедергі болуға және еліміздің демо­графиялық проблемаларын шешу бағы­тында серпін беретін тың идеялар. Бұл – еуразия­лық мегажоба. Ол оның геосаяси маңызын Қытай, Ресей, Түркия, Әзер­байжан, Орталық Азия және басқа да елдер­ді тарту арқылы жүзеге асыруды көздейді.

2017 жылдың 3 наурызында «Егемен Қазақстан» газе­тінде Түркістанды рухани-ин­новациялық жаңғыртуға байланысты ма­қала шыққанда мил­­лиондаған халықтың жар­қын келешекке үміт артатын мәлімет­ке қол жеткізгені кө­ңілге қоным­ды болды. Осын­­дай кеудеге үміт отын ұялататын жұмыс­­тар бол­маса, халықтың өмір сүруі өте күр­­делі болып кетті. Қайда бар­саң да, ел­дің айта­тыны дағ­да­рыс, теңгенің құлды­рауы, жем­­қорлық, жұмыссыздық және қымбат­шы­лық. Бұл арада О.Сәбденнің оптимизмі бірге істейтін адамдарға ғана емес, тіпті ол сөйлес­кен адамдарға да берілуде.

Ірі және ұсақ зерттеулердің жобалық тәсілі қазіргі таңда еліміз үшін өзекті проб­лема­лардың шешімін табу тетігі болып сана­лады. Осыған байланысты «Адам­заттың ХХІ ғасырдағы өмір сүру страте­гия­сының тұжырымдамасы және азық-түлік қауіпсіздігі» жобасы елімізде ғана емес, Еуропада да сөзсіз ықыласқа ие болды. О.Сәбден осы кітап­тың тұсаукесерін Лон­донда, әлемдегі ең үздік Кембридж универ­ситетінде өткізу үшін Ұлыбританияға шақырту алды. Ағылшындар бұл тұсау­кесер­­ді атаулы оқиға деп атап, оның қызме­тіндегі маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Осы кітапты ағылшын тіліне басып шығарған Hertfordshire Press британ баспа үйінің БАҚ өкілдеріне берген мәліметіне сүйенсек, «Қазақстаннан келген академик Лондонды өзінің ХХІ ғасырдағы адамзаттық өмір сүру стратегиясымен таң­ғалдырды» деп жазады.

Осыған байланысты бұл кітаптың қазір­­дің өзінде Аустралия, Жаңа Зеландия, Ка­нада, Швеция, Нидерланды, Дания, Ұлы­бри­тания, Америка дүкендерінде сатылып жат­қанын мақтанышпен айтуға болады. Әрбір академиктің ең­бектері кітап­тарды сатумен қатар, ақпараттық пор­тал­дар­да жарық көретіндей деңгейде наси­хат­тала бермейтіні бел­гілі. Бұл кітаптың таныстыру рәсімін Осло және Стокгольм қалаларында өткізу көзделіп отыр. Жобаға Вашингтон ҒА ака­демигі, Нобель сыйлығының со-лауреаты С.Тимашев өз пікі­рін берген: «Аталған проблеманы шешкен жағдайда оның авторы О.Сәбден ең жоғарғы бүкіләлемдік марапаттарға ла­йық екеніне сенімім мол».

2018 жылы «Абай, Қазақ­станның бола­шағы және әлем­дік цивилизация» атты бір­неше ғылымды көлемі жағы­нан да, маз­мұны жағынан да түйістірген іргелі кітап үш тілде жарық көрді. Кітап мазмұны­ның ерекшелігі – автор Абай­дың шығармалары мен қара сөз­дерін тәуелсіздік жағда­йын­дағы еліміздің экономика­лық, әлеуметтік және рухани дамуының қазіргі жағдайына шебер бейімдей алғаны. Бұл кітаптың өзі О.Сәбден есімін шыңға шығаруға жеткілікті болар еді. Дегенмен ол осымен тоқтамай, әлі де идеялары мен жобаларын жалғастыру үстінде.

Кітаптың ерекшелігін О.Сәб­ден алғаш рет ойлап тап­қан және өте сәтті іске асыр­ған «Түркі халықтарының та­рихи панорамасы», «Адам­заттың ХХІ ғасырдағы өмір сүру стратегиясының тұжы­рымдамасы», «Түр­кістанды ру­хани жаңғырту ұлттық идея­­­сы» сынды үш мегажоба айқын­дап берді. Бұл кітаптың тұсаукесері Алматы, Нұр-Сұл­тан, Семей, Тараз және Түр­кістан қалаларында ғылыми жұрт­шылық алдында, оқу орындарында өткізілді.

2021 жылы «Өркениет жобалары» атты ел экономикасына серпін беретін жобалар жиынтығы кітап ретінде жарық көрді. Кітапта әлемдік өркениеттің өзгеруі, оның жаңа формацияға өту фазасы сарап­талып, конвергент­ті даму жолы, интегралды қоғам­ды қалыптастыру идеялары айтылады. Био­техноло­гия мен IT-технология арқылы әлем­­нің өзгеруіне байла­ныс­ты келешектің концепциясы бе­ріледі. Бұл – болашақта қоғам­да инновациялық техно­логия­лардың орын алатыны және қоғамның оған бейім­деле алуының маңыздылығы артады деген сөз.

Мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша бас­қару моделі ұсынылады. О.Сәбден бір жүйеде мемлекет, ғылым, биз­нес және қоғам­ның тиімді жұмыс істеуімен бірге рухани­лықтың маңызды орын алатынын ескереді. Бұл ғылыми тұжырымдаманы іске асыру тетігі ретінде автор бірқатар нақ­ты жоба әзірледі. Оның үстіне ол осы ұсыныстарын ел Президентіне, Үкіметке және Парламентке жіберіп, халыққа таратып, БАҚ арқылы жариялап және сөз сөйлеп те үлгерді. Бұл ғылыми тұжырымдама әлемде баламасы жоқ, билік үшін бағдар болып табылады.

Ғалымның ғылыми қызметінің нәти­желілігі туралы сөз қозғасақ, оның еңбек өнім­ділігі туралы айтпасқа болмас. О.Сәб­деннің тек бір көрсеткішінің өзі – еңбек өнімділігінің оқтай озық еке­нінің айғағы. 60 жасына дейінгі және осы жастан кейінгі 15 жыл ішінде ғылыми еңбектерінің арақа­тынасы: 305:400 бірлік. Соңғы 15 жылда 60 жылдық өмірінде жасаған еңбегінен көп жұмыс істеді. Осы мысалға қарап бір ой туады. Ғалым ұл­ғайған жасында да ең жоғарғы ғылыми ізденіс қабілетінде болатынының дәлелі академик О.Сәбденнің ғылыми өмі­рінен көрініп тұр.

1990 жылдан бастап осы­ған дейін нақты және кон­цептуалдық ұсыныстар жа­зыл­ған ғылыми баяндамалар, егемендік алғалы бері Елба­сына, ел Президенті мен Үкі­метіне 50-ге жуық ұсыныс хат жарық көрген. Мұның іске асқандары: шетелдерде кадр­лар мен жас мамандар даярлау (1991); жаңа экономи­ка­лық саясат тұжырымдамасы (1995); ша­ғын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары (1996); экономикалық реформалар­ды жеделдету (1997); Қазақ­стан экономикасы­ның бәсеке­ге қабі­леттілігін қамтамасыз ету (2007) және т.б.

Тәуелсіз жас мемлекетке қосқан заңна­малық үлесін айтпағанда, Мәжіліс депутаты ретінде тек ғылымға қосқан бір үлесін айтсақ, ол ғылым кандидатына (бір ең төменгі айлық мөлшері) және ғылым докторына (ең төменгі екі айлық мөлшері) үстемеақылар тағайындауды ұсынды. Бұл ереже «Ғылым туралы» Заңға енгізілген, осы күнге дейін қолданыста.

Кейінгі 5 жылда еліміздің жоғары бас­шылығына жібе­рілген О.Сәбденнің мем­ле­кеттік басқаруды жетілдіруге қатысты 20-дан аса баяндамалық жаз­басы үлкен маңызға ие. Олар­дың он шақтысы Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевқа жол­дан­ды, атап айт­қанда, Қазақ­станның өз даму жолын таң­дауына, Қазақстан Ғылым ака­демия­сына мемлекеттік мәр­тебе беріп, қай­та құру, Абай атындағы академияның руха­­ния­тын ашуға, ауылдарды дамытуға және қаңтардағы соңғы қайғылы оқиғаларға қатысты мәселелерді қамтиды.

Президент Қ.Тоқаев оның Отанға қызмет етудегі қыз­метіне жоғары баға бере отырып, екі рет Алғыс хатын жолдады. О.Сәбденнің үндеулері еліміздің және халықтың өмі­рін жақ­сартуға бағытталған және көбінесе ұсы­нымдық сипатқа ие. Оның әрбір бастамасынан нарықтық экономика жағдайында әркімнен табыла бермейтін патриотизм эле­мент­терін көреміз.

Ел тәуелсіздігінің О.Сәбден үшін маңызы зор, өйткені бү­кіл қызметінде оны нығайту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Оның пат­риоттық рухы елдің тұрақты дамуына ар­нал­ған: бұл нақты экономика проб­ле­маларын кешенді шешу, халықтың әлеуметтік тір­шілігін қамтамасыз ету, экологиялық қауіп­­сіздік жөніндегі механизм­дерді әзірлеу және т.б.

Осылайша, О.Сәбден қыз­метінің көп­қыр­лылығы арқылы ол әлемдік деңгейде ойлау, талдау және түпкілікті нәтижелер ұсыну алгоритмі қалыптасқан ғұлама ғалым ретінде танылып жатыр. Ол бізге қазіргі мен болашақ қоғам өркениетінің даму үрдістеріне жол ашады.

 

Нұрсәуле БІРІМБЕТОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

Дана КАНГАЛАКОВА,

PhD