Қазақстан • 22 Мамыр, 2022

Ulttyq ónim – отандық өндірушілерге ортақ алаң

239 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада отандық өндірушілердің дәстүрлі Ulttyq ónim көрмесі ұйым­дас­тырылды. Екі жылдық үзілістен кейін қайта жалғасқан ауқымды іс-шараға биыл 350-ден астам компания қатысты. Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып, үш күнге жалғасқан дәстүрлі көрмеде бәсекеге қабілетті отандық өнімдер паш етіліп, көпшілік назарына ұсынылды.

Ulttyq ónim – отандық өндірушілерге ортақ алаң

Суреттерді түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ

Көрменің ашылу рәсіміне Премьер-Министр Әлихан Смайылов арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ көрмені аралаған мәртебелі меймандардың қата­рында Премьер-Министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, «Бәйтерек» ұлттық бас­қа­ру­шы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов, «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қорының бас­қар­ма төрайымы Гаухар Бөрібаева, мемлекеттік органдар мен бизнес қоғам­дастықтың өкілдері болғанын атап өткен жөн.

Әлихан Смайылов жиналған жұрт­шы­лық алдында сөйлеген сөзінде Үкі­мет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау іс-шаралары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде кейінгі 5 жылда шағын және орта бизнестің елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайды.

Сонымен қатар Премьер-Министр шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге Мемлекет басшысы енгізген мораторий елімізде бизнес жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті.

– Импортты алмастыру – кәсіп­кер­лер үшін даму әлеуеті зор бағыттардың бірі. Тек өңдеу өнеркәсібіндегі им­порт­тың үлесі өткен жылы 38 млрд долларды құрады. Бұл біздің отандық өнді­ру­шілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне ин­вес­тициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын жасақтады. Олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жоба, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады.

Ә.Смайылов бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік бере­­тін Кәсіпкерлік саласындағы рет­теушілік саясат жөніндегі заң қабыл­дан­ғанын жеткізді.

– Үкімет бизнес жүргізу және нарық­тағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұ­мыстарын жалғастырып жатыр. Отандық компаниялардың квази­мем­лекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуді жеңілдету бағы­тын­да белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негі­зін құрайды. Осы бағытта Үкімет кәсіпкерлерді мем­­лекеттік қолдау шараларының тиім­ділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жұмысты белсенді түр­де жалғастыратын болады, – деді Премьер-Министр.

р

Дәстүрлі көрмені әдеттегідей «Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дин­гіне қарасты «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры ұйымдастырды. Көр­меге қатысқан микро, шағын және орта бизнес субъектілерінің бәрі «Да­му» қоры арқылы мемлекеттің қо­лдауына ие болғандар. Олардың қатарында қызылордалық «Сыр маржаны» компаниясы да бар. Күріш өсірумен һәм өңдеумен айналысатын компания директорының орынбасары Руслан Мнажадинұлының айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсіпорынның жұмысын едәуір ілгерілеткен.

– «Сыр маржаны» «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша 120 млн теңгеге несие алды. Бұл сома компанияның айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды. Соның нәтижесінде компания жұмысы одан әрі жандана түсті. Ішкі нарықтағы белді ойыншылардың бірі ретінде Ulttyq ónim көрмесіне қатысқанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің компания үшін үлкен мәр­тебе. Бәсекеге қабілетті отандық өндіру­ші­лер­дің қатарынан табылу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді Руслан Мнажадинұлы.

Нарықта жиырма жылдан бері же­місті жұмыс істеп келе жатқан «Сыр мар­жаны» серіктестігінде бүгінде 150-ден астам адам еңбек етеді. Компания жыл сайын 2 300 гектарға күріш егеді. Негізінен күріштің «Янтарь», «Лидер», «Кубань», «Ақмаржан», «Новатор» секілді түрлерін өсіруге басымдық берілген. Бұдан бөлек орташа есеппен алғанда күріштің әр гектарынан шамамен 45,2 центнерден өнім жинайды. Серіктестік толық технологиялық циклдан тұрады. Яғни дәнді қабылдап, өңдеп, дайын өнім шығарады. Оның өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Украина елдеріне экспортталады. Нарықта үлкен сұранысқа ие. Компанияның президенттік «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының иесі екенін де атап өткен жөн.

Журналистерге сұхбат берген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас­қарма төрағасы Гаухар Бөрібаева қазақстандық кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары өз жемісін беріп отырғанын баса айтты. Ulttyq ónim көрмесіне қатысып отырған ком­паниялардың жетістігі соның анық дәлелі.

– Отандық өндірушілердің дәстүрлі Ulttyq ónim көрмесінің танымал­ды­лығы артып келеді. Тиісінше, мемле­кет­тік қолдау шаралары да көбею­де. Жаңа өндірістер пайда болып, кәсіпкерлер саны артуда. Ulttyq ónim көр­месі мультипликативтік жақсы әсер етіп, шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына жаңаша серпін берді деп ойлаймын. Шағын және орта бизнес елдегі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді шетелге де шығара алатынын дәлелдеуде, – деді Гаухар Бөрібаева.

Осы орайда көрмені ұйымдастырған «Даму» қоры 2021 жылы жалпы сомасы 2,2 трлн теңге болатын 57,4 мың жобаға қолдау көрсеткенін еске сала кетейік. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда жобалар саны жағынан 74 пайызға артық. Биыл «Даму» қоры субсидиялау және кепілдік беру бойынша 42 мыңға жуық жобаны қолдауды жоспарлап отыр.

– «Даму» қоры 2010 жылдан бері шамамен 160 мың жобаға қолдау көрсетті. Оның көп бөлігі, яғни 92 пайызы микро және шағын бизнеске тиесілі. 2020 жылдан бастап қордың көмегі негізінен микро және шағын кәсіпорындарға бағытталды, – деп нақтылады қордың басшысы.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үш күндік көрмені тамашалап қана қоймай, Made in KZ маркасымен шығатын тауарларды сатып алуға да мүм­кіндік алды. Әсіресе, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдері, жиһаз­дар, ағаштан жасалған тауарлар, зер­гер­лік бұйымдар және тағы басқа­ла­ры келушілер тарапынан жоғары бағаланды.

Бұдан бөлек, келушілер үшін «Ха­лық таңдауы» дегустациялық бай­қауы өт­­кі­зілді. Сондай-ақ қа­зақ­стандық же­тек­­­ші өндіру­шілердің әйелдер мен ер­лер­ге арналған киімдерінің топтама­лары көрсетілді. Билеттер бойын­ша көрме қатысушылары арасында күн­делікті ұтыс ойындары ұйым­дас­ты­рылды.

Сонымен қатар Ulttyq ónim көр­ме­сі қазақстандық кәсіпкерлердің ше­телдік серік­тес­термен және инвес­торлармен кезде­суі үшін тамаша алаң. Көрме аясын­­да кәсіпкерлерге Фран­чайзингтік ком­паниялардың форумы мен түрлі шебер­лік сабақтары ұйым­дастырылды. Онда танымал кәсіп­кер­лер өздерінің пайдалы білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті.

п