«Жыл сайын жол апатынан 200-ге жуық бала көз жұмып, 3 мыңнан астамы әртүрлі дене жарақатын алады. Өткен жылдан бастап мектеп оқушыларына жолда қауіпсіз жүріп-тұруды түсіндіру сабақтары өткізілген жоқ. Бұл қазірдің өзінде жалпы жағдайға кері әсер етіп отыр», деді Жандос Мұратәлиев ведомствода өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шегетін балалардың басым бөлігі көлік ішінде болады.
«Көп жағдайда ересектер көлікте тасымалдау ережесін сақтамай, яғни балаларды арнайы құралсыз немесе белбеумен бекітпей тасымалдайды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі - жол белгісі жоқ жерден кесіп өту немесе бағдаршамның қызыл түсін елемеу. Жыл басынан бері ел аумағында 92 кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кету дерегі тіркелді. Оның ішінде 5 бала қаза тауып, 97-сі жарақат алған», дейді ол.