Қоғам • 25 Мамыр, 2022

Мейірім ордасы

917 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ – әу бастан жетім көрсе жебей жүріп, жесірін елеусіз қалдырмаған текті халық. Қазіргі уақытта ата-анасыз қалған балалар мен әлеуметтік қиындыққа тап болған сәбилер мемлекет қорғауына алынған. Оларға махаббат пен мейірім еккен балалар үйінің бірі – Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйі.

Мейірім ордасы

Бұл мекемеде балалар саны – 88, оның ішінде жетім балалар саны – 14, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 74. Бір қуанарлық жайт, балалар үйіне келетін балалар­дың саны жыл сайын кеміп келеді. Мәселен, 2019 жылы балалар үйіне келіп түскен балалар 83 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 28-ге азайып 55 бала қабылданған, ал 2021 жылы балалар үйіне 43 бала келген.

Мекеме директоры Ботагөз Қаз­бекова балалар үйіндегі бала­лардың дені ата-анасының қам­қо­р­лығынсыз қалғаны үшін осын­да келгенін мәлімдеді. Яғни олар әлеуметтік жетімдер тобына жатады. Неге бұл үрдіс белең алып барады? Ата-аналардың без­бүйрек болып кеткені ме? Әлде маскүнемдікке салыну мен тұрмыс тапшылығы ма? Елі­міздегі мамандардың айтуы бо­йынша, балалар үйіне балалар асы­раушысынан айырылуы, яғни ата-анасының өмірден өтіп, қарау­сыз қалуына байланысты және ата-анасының өз еркімен баладан бас тартуы немесе ата-ана құқы­ғынан шектелуі се­бепті балалар үйіне орналас­ты­рылады. Ал балалардың ата-анасының қам­қорлығын­сыз қалуына әкеліп соғар тағы бір жағдай – кейбір жас аналар өмірдегі қиындықтар­дан қор­­қып баладан теріс айналуы себепті және отбасында мүмкіндігі шектеулі (ерекше ба­ла­­лардың) балалардың қоғам мүшесі болып, болашақта аяққа тұрып кетуіне күмәнмен қарауы сал­дарынан болып отыр.

Ақкөл қалалық балалар үйі­нен шыққан түлектер еліміздің ғана емес, Ресейдің жоғары оқу орын­дарында оқып, білімін жетіл­дірген. Озат түлектің бірі – Майра Давыдова. 1992-2003 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Майра әуелі Томскідегі политехникалық университетте ядролық физика және технология мамандығы бойынша білім алады. 2009 жылы Ресей­дің ғылыми-зерттеу институтының ішіндегі ядролық орталықтың қыз­меткері болып еңбек етеді. 2008 жылы отау құрып, бүгінде үш баланың анасы атанып отыр.

Майра өз сөзінде: «Балалар үйі­нің мейірбан алақанына шек­сіз алғысымды білдіремін. Көп­теген баланың тағдыры – сіз­дердің қолдарыңызда. Тағдыр тәл­кегіне түскен балалардың өмі­рін жеңілдетіп, бақытқа бөлеу үшін өз жүректеріңізден мейірім мен парасаттылық отын ақтара білгендеріңіз үшін алғыс айтамын», деген болатын.

Ал балалар үйінен қанат қа­ғып, жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде екі баланың анасы болып отыр­ған Айгүл Дүйсембаева ағынан жарыла: «Ата-анасыз, туған туыссыз өмір сүрсем де, балалар үйінде бұл олқылықты сезінген емеспін. Балалар үйінде болған әр адамнан сабақ ала біл­дім. Өмірде жетістікке жету үшін көп еңбек ету керек екенін түсіндім. Ешқашан басқа жаннан дайын затты күтуге болмайды. Еңбек, еңбек және еңбек. Қауіпсіздік пен махаббатты сезін­діргені үшін біздің балалар үйінің ұжымына үлкен алғыс айтамын», деді.

Балалар үйінде жеткіншектер болашаққа еркін қанат қағуы үшін барлық жағдай жасалған. Әртүрлі спорттық ойын алаңдары мен балалардың зейіні ашылуы үшін кітапхана қызмет көрсетіп отыр. Әр баланың тағдырына жеке-жеке назар салып, бүгіннен ертеңге жолдама берген мейірім ордасы алдағы уақытта да қажырлы еңбегімен алға адымдай берері сөзсіз.