Медицина • 25 Мамыр, 2022

Жіті ішек ауруларының алдын алуға шақырды

1775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дұрыс сақталмаған, мерзімі өткен, бұзылған азық-түліктен іш ауырып қалса, көпшілігіміз мұны елең қылмай, өз бетімізше емделе беретініміз жасырын емес. Алайда жіті ішек аурулары да – денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесінің бірі. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде 1-1,2 млрд-қа дейін диарея аурулары тіркеліп, 4 млн-ға дейін адам қайтыс болады.

Жіті ішек ауруларының алдын алуға шақырды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алматыда И.Жекенова атындағы қала­лық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының емдеу жұмысы жөнін­дегі бас дәрігерінің орынбасары, инфекционист-дәрігер Тамара Утаганова мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафед­расының профессоры Сәуле Садықова аталған мәселеге байланысты брифинг өткізді.

Тамара Утаганованың айтуынша, жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) – микроорганизмдер (бактериялар мен вирустар) тудыратын жұқпалы аурулар тобы, ас қорыту бұзылыстарымен, дегидратация белгілерімен және жалпы интоксика­ция түрінде көрінеді. Қазіргі уақытта бак­терия­лар, қарапайым жағдайлар мен вирустар тудыратын ЖІИ-дің 30-дан астам түрі бар. Бұл кеселге қажеттісі – пато­ген­нің адамның асқазан-ішек жолына түсуі. Көбінесе ЖІИ қоздырғыштары адам ағзасына ластанған тағам, су, сон­дай-ақ қол гигиенасын сақтамаудан түседі.

«Инфекция қоздырғышы ішке түскен сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 6 сағаттан 7 күнге дейін созылады. Іштің ауыруы, жүрек айну, құсу күніне 3 рет немесе одан да көп қайталанады. Дене қызуы 37°-38°C дейін көтеріліп, іш өтеді (кейде күніне 10-15 рет), диареяның ауыр жағдайында – жас балалар үшін ең қауіптісі интоксика­ция мен дененің құрғауы», дейді Т.Утаганова.

Тым қарапайым жайт сияқты көрін­генімен, спикерлер жіті ішек инфек­цияларының алдын алу шараларына тоқ­тала отырып, біріншіден, қолды сумен, сабынмен ұдайы және мұқият жуу­ды, мүмкіндігінше өзіңмен бірге анти­септикалық сулықтар, лосьондар алып жүруді қаперге салды. Екіншіден, көкөністерді, жемістерді, жидектерді қолданар алдында ағынды сумен жақсы­лап жуу керек, ал кішкентай балалар үшін қайнаған сумен шаю керек. Сондай-ақ сапасы күмәнді, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді сатып алып қоймау үшін, қашанда абай болған жөн. Күнделікті өмірде шикі және дайын тағамдарды кесу үшін бөлек тақталар мен пышақтарды пайдалануды естен шығармау қажет. Ет өнімдерін дайындағанда мұқияттылық таныту да маңызды. Шикі және жеуге дайын тағамды тоңазытқышта бөлек және жеке қаптамада сақтаңыз. Өйткені дұрыс дайындалған тағам шикі тағаммен байланысқанда ластануы мүмкін. Сатып алғаннан кейін жұмыртқаны мұқият жуып, тоңазытқышта сақтау керек.

Демалыс орындарына баратындар да табиғат аясына барған кезде өзімен бірге алдын ала жуылған көкөністер мен жемістерді, сақтау мерзімі ұзақ, сақтау үшін тоңазытқыш жағдайын қажет етпейтін өнімдерді алып жүру керек. Сондай-ақ дәрігерлер азаматтарды арнайы рұқсат берілген жерлерде ғана суға түсуге шақырды. Ал бассейндер мен су қоймаларында шомылу кезінде ауызға судың түсуіне жол бермеңіз.

«Егер сіздің отбасыңызда біреу ішек инфекциясымен ауырып, үйде болса, оны басқа отбасы мүшелерінен оқшаулауға тырысыңыз. Оған бөлек ыдыс-аяқ, төсеніш, сүлгі беріңіз, науқас адамға күтім жасағанда, жеке қорғаныс құралдарын (қолғап, маска) қолданыңыз. Үйде дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы жалпы тазалау жұмыстарын жүргізіп, содан кейін науқас сауығып кеткенше үйді күнделікті сулы шүберекпен тазалап, үй-жайды желдетуді қамтамасыз етіңіз», деді С.Садықова.

Ішек инфекцияларының көпшілігі жеңіл түрде өтетіндіктен, кейбір науқас­тар дәрігерге бармайды, көбінесе өзін өзі емдеумен айналысады және оқу орын­дарына, жұмысқа бара салады. Сон­дықтан дәрігерлер, әрбір науқас адам өзінің айналасындағыларға қауіп төнді­ретінін ұмытпауы керектігін, ішек ауру­ларының алғашқы белгілері пайда болған кезде өзін өзі емдеуге болмайтынын, маман­дардың көмегіне жүгінуі керек екенін ерекше атап өтті.

 

АЛМАТЫ