Қазақстан • 25 Мамыр, 2022

Ел сенімін арқалаған

275 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Асқаралы өмір асуында түрлі адамдармен жүздесіп, солардың бірімен қызметтес, енді бірімен жай ғана таныс, дәмдес боласыз. Олардың кейбірі есіңізде, кейбіреуін, тіпті ұмытып кетесіз. Ал солардың арасында есімі есіңізге түскен сайын жүрегіңізді жылытып, оған құрметпен қарап, жадыңызда сақтап жүретін азаматтар болады. Азаматтығы мен адами қасиетін өзім үлгі тұтатын, сондай тұлғаның бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, экономист-ғалым Бөрібай Биқожаұлы Жексембин.

Ел сенімін арқалаған

1999 жылы ардақты азамат туған жері Жамбылға – облыс әкімінің ауылшаруашылық саласы бойынша орынбасары болып келді. Мен онда Жуалы ауданы Астық қабылдау кәсіпорнының директорымын. Шілде айы, жиын-терім мезгілі. Дала төсінде егін жинау науқаны қазандай қайнап жатты. Осы кезде Астық қабылдау кәсіпорындары мен мемлекеттік тапсырыс есеп-­қо­рына, астық өткізген шару­шы­лықтар арасындағы есеп-қи­сапта түсінбестік орын алған. Жалпы, мұндай жағдай арагідік болып тұрады. Осыған байланысты жаңадан тағайындалған облыс әкімінің орынбасары өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындарының басшыларымен жиын өткізді. Ондағы басты мәселе – аталған түсінбестіктің неден туғанын талқылап, со­ның шешілуі сөз болды. Алды­мен Бөрібай Биқожаұлы кәсіп­орын басшыларымен танысып, жылы әңгімелесті. Егін науқанының барысына тоқталып, оны дер кезінде жинап алуды міндеттеді. Әр басшының аталған проблемаға қатысты жеке пікірін сұрады. Кезек маған келгенде: «Абдалы, сен астығы мол Торғай облысында қызмет істепсің, сондықтан бұл жайды жақсы білесің деп ойлаймын, не себепті астық өткізетін шаруашылықтар шағымданды?» деп сұрады. Мен Жуалы ауда­нына 1989 жылы келдім. Оған дейін жоғары оқу орнын бітір­геннен кейін жолдамамен бұ­рынғы Торғай облысының ас­тық­ты аудандарында еңбек етіп, үлкен элеватордың дирек­торлык қызметін атқарған едім. Бөрібай Биқожаұлы со­ны меңзеп айтып отырса керек. «Әр ауданға бекітілген құ­­зыр­лы органдардың арнаулы астық инспекторларының құзы­реттері күшейтіліп, олар бізге төреші болуы керек» деп ойым­ды жеткіздім. Ол кісі үнсіз ғана жымиды да: «Астық жинау кезінде осындай проблема кездеседі, бірақ оны ушықтырмай уақытында шешкен дұрыс» деп жиынды өзі қорытындылады. Мен сол сәтте Б.Биқожаұлының ауыл шаруашылығы саласын­да тәжірибесі мол, астық өндірісінің түйткілді мәселелерін жете мең­герген маман және осы са­ла­ны бүге-шүгесіне дейін біле­тін басшылық қызметте болған­дығын аңғардым.

2004 жыл мамыр айында Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов Ауыл шаруашылығы министрі болып ауысты да, оның орнына Бөрібай Жексембин тағайындалды. Мен сол кезде Байзақ ауданының әкімі едім, осы қызметті бес жылға жуық атқардым. Сосын Б.Жексембин бұйрығымен Тұрар Рысқұлов ауданына әкім болып ауыстым. Осы қызметте жүргенде оны барынша жақын таныдым. Өңір басшысы ретінде аудан-ауылдарды аралап, жұртшылықпен жиі кездесті. Кез келген мәселені ұзатпай, сол жерде шешуге тырысты. Елдің жағдайына алаңдап жүреді. Жамбыл облысын ол кісі алты жылға жуық басқарды. Осы жылдар ішінде өңірдің эко­номикалық-әлеуметтік жағ­­дайы айтарлықтай дамыды. Ауылшаруашылық саласы да жаңаша қарқын алды. Ол кісі облыс экономикасын үлкен ыж­дағаттылықпен зерттеп-зерделеп отыратын. Сондықтан да облыстың даму көрсеткіштері цифрларын жатқа айтатын. Біз облыс әкімінің қабылдауына кіруге мұқият дайындаламыз. Аймақ басшысының алдында ұятқа қалмау үшін ауданның экономикалық көрсеткіштерін республика көрсеткіштерімен саралап, анализ жасап, нақты іске асқан жұмысты көрсетеміз. Осының бәрін мен сол кісіден үйрендім. Тәжірибе алдым. Өте білімді, білікті, интеллектісі жо­ғары азамат. Ешқашан дауыс көте­ріп сөйлемейді. Айтатын жер­де кесіп сөйлейді. Бөрібай аға­мен қызмет істеген жылдарымды тағдырымның бір сыйы ретінде көремін. Шын мәнінде, ол кісімен бірге жұмыс істеу қызық, адамды ынталандырып, талпындырып отырады.

* * *

Жалпы Бөрібай Биқожаұлы Жексембин Жамбыл облысы Шу ауданында туғанымен, жалынды жастық шағы Арқа жерінде – Жезқазған облысында өтті. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітір­гесін жолдамамен сол кездегі Жезқазған облысы Ағадыр ауда­ны «Қарабұлақ» совхозының бас зоотехнигі болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Осы шаруашылықта бес жыл жұмыс істеп, өз мамандығының қыр-сырын меңгерді. Тәжірибе жинады. Ел адамдарымен табысып, олармен жақын туыстай аралас­ты. Одан соң Жезқазған облысы Приозерск аудандық ауыл шарушылығы басқармасының бас зоотехнигіне көтеріліп, содан кейін сол кездегі КОКП XXII партсъез атындағы сов­хоз­дың директоры болды. Бұл жерде де талапты жас басшы өз іскерлігін көрсетіп, ша­руа­шылықты алға сүйреді. Совхоз­дың экономикалық көрсеткіші артып, аудандағы алдыңғы шаруашылықтардың біріне айналды. Білікті жас директордың қарым-қабілетін байқаған облыс басшылығы оны халық депутаттарының Приозерный аудандық кеңесінің атқару комитеті төрағасының бірін­ші орынбасарылығына тағайын­дады. Осылай ағамыздың қыз­ме­ті сатылап өсе бастады. Ал­дымен Жезқазған облы­сы Приозерный аудандық агро­өнер­кәсіптік бірлестігі кеңесінің төрағасы, одан соң облыстық агроөнеркәсіптік одағының төрағалығына сайланды. Еліміз егемендік алған жылдары Жез­қаз­ған облыстық әкімшілігі бас­шысының бірінші орынбаса­ры – ауыл шаруашылығы және нан ресурстары облыстық депар­таментінің басшысы қызметін атқарды. Ал 1995-1996 жылдары Жезқазған облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Жезқазған облысында онымен бірге қоян-қолтық қызмет істеген Қабдрахман Сәдуақасов сол күрделі жылдары Бөрібай ағамыздың шешімтал мінезін танытқан бір оқиғаны айтты.

«1995 жылы Жезқазған облысында екі айға жететін ұн қалды. Облыс әкімі Қажымұрат Нағманов үкімет басшысы Сер­гей Терещенкоға шықса, ол: «Әр облыс күндеріңді өздерің көріңдер, біз көмектесе алмаймыз» деп жауап берген. Содан облыс әкімінің орынбасары Бөрібай Биқожаұлы Қостанай және бұрынғы Көкшетау облысына барып, екі аймақтан 6 мың тонна бидай алып келді. Біз осы бидаймен нан мәселесін шештік. Одан кейін егін егу науқаны жақындап қалды. Егін егейін десе, шаруа қожалықтарында тұқым мен жанар-жағармай жоқ. Сондықтан 3 мың бидай­­ды тұқымдыққа бөлді. Қызыл­ордадағы «Құмкөл» мұнай-газ кен орны, негізінен Жезқазған облысының жері, сон­дықтан оны пайдаланып отыр­ған инвесторлар жалға алу ақысы мен жер салығын төлеу керек. Олар оны 4-5 жылдан бері төлемеген. Облыс басшысы инвесторларға соны айтып еді, олар соның ақы­­сына жанар-жағармай берді. Сөй­­тіп, 1996-1997 жылдары шаруа қожалықтары егін салып, бір қиындықтан шықты. Осы ша­руа­ның басы-қасында Бөрі­бай Жексембин жүрді», деді ол.

Қабдрахман ағамыз Б.Биқо­жаұлымен аталған облыста ұзақ жыл бірге қызмет істеп, өмірдің ыстық-суығын бірге көрген. Сондықтан сыйлас әріптесінің азаматтығын, адамгершілігін, бірбеткейлігін, уәдеге беріктігін жоғары бағалайды.

* * *

Бөрібай Жексембин Жамбыл облысы әкімі қызметіне 2004 жылы келіп, оны 2009 жылға дейін атқарды. Осы бес жыл ішінде өңірде жаңаша жобалар қолға алынып, жүзеге асты. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша күш жұмсалды. Алдымен кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген Тараз, Шу және Қаратау қалаларының жылу жүйелері жаңғыртылды. Тараз шаһарының шағын аудан­дарындағы көпқабатты үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ қаржы тапшы­лығына қарамастан Шу, Қаратау, Жаңа­тас қалаларының жылу орта­лықтарындағы ескі су, бу қазан­дықтары ауыстырылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Ауыз суға ай­­рықша көңіл бөлді. Тараз шаһа­ры тұрғындарын ауыз сумен толық қамту үшін магистралды су жүйесін салу мен қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Сонымен қоса 2003 жылдан бастап, үкімет та­ра­пынан да қаржы бөлініп, «Ауыл­дық аймақтарды дамыту» мем­лекеттік бағдарламасымен «Таза су» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы басталды. Сол кездегі тәртіп бойынша егер облыс қанша елді мекенге сумен қамтамасыз етуге жобалау сметалық құжаттарды дайындап және оны облыстық бюджеттен қаржыландырса, үкі­мет сонша жобаны іске асы­ру­ға республикалық бюджеттен қар­жы бөлді. Осы бағытта Жам­был облысында сол кезде жыл сайын 8-10 жоба іске асты. Ауыл шаруа­шылық саласы да жаңа өріс алды.

Сондай-ақ халықтың әлеу­мет­тік жағдайын жақсарту − ешқа­шан назардан тыс қалған емес. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жанданды. Облыс орталығынан көпқабатты тұрғын үйлер салынып, әсем шағын аудандар бой көтерді. Өңірдегі барлық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Тараз қаласы мен аудан орталықтарында емхана, аурухана жобалау және салу жұмыстары басталып, олар толық іске ас­ты. Мектеп салу жұмыстары об­лыст­ық, республикалық бюд­жет­тен қаржыландырылды. Әсі­ресе кейбір ауылдардағы ескі, құ­ла­ғалы тұрған мектептердің ор­ны­на жаңа білім ордасы бой көтер­ді. Үш ауысымдық мек­теп­тер­дің де мәселесі шешімін тапты.

2007 жылы облыс орталы­ғынан «Һибатулла Тарази» ме­шіті ашылды. Қасиетті Алланың үйі шаһардың қай тұсынан қа­ра­саңызда да көзге алыстан мен мұндалап тұрады. 1500 адам намаз оқи алатын, биік те, зәулім ғимарат. Мұнарасының биіктігі 35 метр, ал күмбезінің биіктігі 27,8 метр, шеңбері 7,8 метр. Ғибадат үйінің ені 32,4 метр, ұзындығы 40,1 метр, қабыр­ғасының биіктігі 11 метр. Ғи­бадатханада 100 орындық, ау­ма­ғы 108,6 шаршы метрлік ерлерге және әйел, қыздарға арнал­ған сауат ашу курсының болуы да ескерілген. Дін ордасына Тараздан шыққан ғұлама, заманында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс медресесінде ұстаздық еткен, бірқатар аса бағалы еңбектердің авторы Һибатулла Тарази (1271-1330) есімі берілді.

Жол – қашанда экономика­ның негізгі өзегі. Жамбыл облы­сындағы аудан аралық және елді мекендерге баратын тас жолдарды жөндеуге тек облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Соған қарамастан 2010 жылға дейін өңірдің 90 пайызға жуық жолы қайта жөнделді.

Бөрібай Биқожаұлының бас­тамасымен 2004-2009 жылдары облыс, қала бюджетіне сәйкес сол кезеңге арналған даму, өркен­деу іс-шара жоспары жасалды. Соның негізінде Тараз қаласында бірінші Президент атындағы саябақ салынды, сонымен қоса, көне шаһардың ажа­рын ашып тұрған Шымкент қаласына шыға берістегі шағын ауданда мектеп, емхана салынып, оларды жылу, сумен қамтамасыз ету 2008-2009 жылдары жобаланып, құрылыс жұмыстары бастау алды.

Сонымен қатар облыс басшысы «Қазфосфат» компаниясы отандық инвестордың меншігіне ауысқаннан кейін, оның директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровпен бірлесіп, ел игілігіне біраз жобаларды қолға алды. 2007 жылы Тұңғыш Президенттің қатысуымен, тиіс­ті салалық министрліктердің қаты­суымен Қазақстанда химия өнеркәсібінің дамытуға арналған республикалық кеңес өтті. Сол кеңесте білікті басшы химия өнеркәсібінің еліміздегі қазіргі жағдайы, өркендеу жолы, химия өнімдерін экспорттау мәсе­леріне талдау жасады. Зауыттың технологиялық жабдық құрал­да­рын жаңарту, жаңғырту мәсе­леріне арнайы тоқтап, зауыттың өз инвестициясымен күкірт қыш­­қылын шығаратын зауыт салу мәселесін көтерді. Осы жоба­ның бәрі жүзеге асты. Облыс экономи­касын көтеруге, халықты жұмыспен қамтуға оң ықпалын тигізді.

Қазақстан-Қытай магистралды газ құбырының Тараздан-Алматыға дейін өтетін газ құбы­рының тармағы, алғашқы жоба бойынша Тараз-Мерке-Қордай арқылы іске аспақ бол­ды. Оған Б.Жексембин қарсы­лық білдіріп, газ құбырын Та­раз-Луговой-Шу-Отар ар­қы­­лы Алматыға жеткізуін қол­дады. Оның ойынша, келешек­те компрессорлық қондырғы стан­салары салынып, Шу, Мойынқұм ауданы елді мекен­дерін табиғи газбен қамтамасыз ету еді. Бөрібай ағамыздың талабы орындалып, қазір газ құбыры осы бағытпен жобаланып, салынуда. Әрине, бұл үшін ол кісіге тиісті жоғары орган мамандарымен мәмілеге келу оңай болған жоқ. Біраз оған күш-жігерін жұмсады.

Аймаққа тартылған ірі инвес­тициялық жобалардың бірі ретінде Мойынқұм ауданындағы Мыңарал елді мекенінде Фран­цияның инвестициялық қаржы­сымен ірі цемент зауыты салынды. 2006 жылы қазығы қағылған зауыттың алғашқы өнімі 2010 жылы шықты.

Әрине, тіршілік дамуы шексіз. Сондықтан экономиканың қай саласы болмасын өз кезеңі мен уақытына сай алға жылжиды. Оған сол кездегі ғылымның дамуы, технология, мемлекеттің қолдауы және инвестиция да әсер етеді. Сонымен бірге еңбек адамының біліктілігі, іскерлігі де керек. Ол облысқа басшылық жасаған жылдары шешімін тапқан мәселелер де, шешімін таппаған да мәселелер болды. Алайда Б.Биқожаұлы Жамбыл облысын бес жылдан аса жемісті басқарды деп айтуға толық негіз бар. Оны облыс тұрғындары да жылылықпен айтып жүреді.

Одан кейін қарымды қайрат­кер Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Мұнда да туысқан екі ел арасындағы экономикалық-әлеуметтік және мәдени-рухани байланыстарды нығайтуға күш салды. Ол қоғамдық қызметтен әлі қол үзген емес. «Ауыл» пар­тиясының хатшысы ретінде де ел дамуына өз үлесін қосып келеді.

* * *

Қорыта айтқанда, Бөрібай ағамыздың жүріп өткен жолын бір мақалаға толық сиғызу мүмкін емес. Танымал тұлғаның отбасы да тамырын тереңге жі­берген мәуелі бәйтерек, сол қара шаңырақтың төрінде Зәһәрә апай екеуі немере-шөберенің қызығына бөленіп отырған ар­дақ­ты ата мен әже. «Жақсы ту­­­ған жігітке, бүкіл ел таласар» дейді бабаларымыз. Ол Та­раз бен Арқаға ғана емес, жал­пақ қазаққа ортақ азамат. Ала­қандай ауылдан қанат қаққан қайраткердің өнегелі өмір жолы кейінгі жас­тарға үлгі. «Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», деген даңықты тұл­ға Бауыржан Мо­мышұлы атамыз­дың сөзі ел сенімін арқалаған Бөрібай Биқожаұлы Жексембин секілді атпал азаматқа арнап айтылғандай көрінеді.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Парламент Сенатының депутаты