Әдебиет • 25 Мамыр, 2022

Әуезов жапон жазушыларына не айтты?

1122 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Биыл 125 жылдығы аталып өтіп отыр­ған ұлтымыздың ұлы жазушысы, әлемге әйгілі әдебиет алыбы Мұхтар Әуе­зов­тің Жапонияға жасаған сапары ба­ры­сында жапондық әріптестерімен өткіз­ген кездесулері мен сұхбаттары жай­лы, жапондарға не айтып, жапондардың ол туралы не жаз­ғаны жайлы мұрағаттан табылған тың деректі алғаш рет жариялап отырмыз.

Әуезов жапон жазушыларына не айтты?

Сөзімізді бастамас бұрын айтпағы­мызға арқау ету үшін сәл ғана өткенге көз жүгіртсек. 2009 жылдың 29 тамызындағы санында «Әуезов жапон жерінде не айтты?» атты мақаламыз жарияланған болатын. Сол мақалада жазушының сонау 1957 жылдың жазында кеңестік делегация мүшесі ретінде Атом және сутегі бомбасына тыйым салуға бағытталған бүкіләлемдік кон­­фе­рен­цияға қатысу мақсатымен Жа­по­нияға шеккен сапары және шара ая­сында жапондық жастар алдында сөйлеген сөзінің жапон тіліндегі қыс­қа нұсқасын алғаш рет архивтен тапқа­нымыз жайлы айтылған еді. Ол кезде Әуезовтің Жапонияға сапарына қатысты сол қысқаша сөзінен артық ақпарат таба алмағандықтан қаламгердің жапон жерінде тағы қайда барып, кіммен кездескені, не айтып, не естігені жайлы көп нәрсе жаза алмай, «мұрағат сөрелері талай сырды жасырып жатқаны сөзсіз...» деумен шектелген едік. Жапон тілінен қазақ тіліне аударылған Әуезовтің сол сөзін жазушының өзі жазып қалдырған естелік жазбаларымен салыстырып, лингвис­тикалық сараптама жасап көруді жапонтанушы зерттеушілердің үлесіне қалдырсақ дейміз.

Араға біраз жыл салып жапон еліне қайта оралып, оның үстіне «Егемен Қазақстанның» басшысы Дархан Қы­дыр­әлінің «Әуезовтің биыл­ғы 125 жылдығына қосарың болсын» дегенінен жігерленіп, жапондық архив­терді қайта ақтарып көрдім. Алай­да бұ­ған дейін әлеуметтік желіде жария­лаға­­нымыздай, сөз зергерінің сол ха­лық­ара­лық шарада шетелдік делегация өкіл­дері арасында тұрған бір суре­тінен басқа тың дерек бірден табыла қой­ма­ды. Қарт мұрағат қашанда сараң, көңі­лін таппасаң қойнауында жатқанын қолыңа оңай ұстата қоймайды. Дегенмен атомға қарсы сөз сөйлеу өз алдына, ал енді жаһанға аты әйгілі жазушы жапон жеріне келе тұра бұл елдің жазушыларымен жүздеспей кетуі әсте мүмкін емес деген оймен әдебиет алыбы Әуезовтің атын жапонның әдебиет әлемінен іздеп көрдім.

Екінші дүниежүзілік соғыс біте сала, сол жылдың соңында құрылып, алпыс жыл ақын-жазушылардың басын қо­сып келген «Жаңа жапон әдебиеті қауым­дастығы» («Шин-нихон бунгаку-кай») деп аталатын ұйым болған. Жазушы­лары­ның жоқтығынан емес, сол заманғы клас­сиктердің қатары кемігеннен бе екен, қаржы жарықтықтың жетпегенінен бе екен, бұл ұйым жаңа ғасырдың басында жабылып қалған. Ал өткен ғасырда ал­дымен ресейлік, сосын советтік әде­би шығар­маларды жапон тіліне ау­дарып, жапон жұртына жариялап жүр­ген жапондық ақын-жазушылардың көбісі кезінде ірге­тасын пролетариат әдебиетінің өкілдері қалаған осы ұйымның беделді де белсенді мүшесі болған. Демек, Жапонияға жолы түскен Әуезов әдебиет саласындағы сол әріптес­терімен әңгімелесіп, сұхбаттасуға асыққан болса, жапондық зиялылар да советтік азиат жазушымен кездесуге ынтық болған болар.

Аталған қауымдастықтың бастамасымен демократиялық даму жолына түс­кен жаңа жапон елінің ақындары мен жазушыларының жазғандарын жариялап тұруды басты мақсат тұтқан «Жаңа жапон әдебиеті» («Шин-нихон бун­гаку») атты тұрақты түрде шығып тұр­ған журнал болған. Әлемдегі ең ірі және технологиялық тұрғыдан ең заманауи кітап­ханалардың бірі Жапон ұлттық пар­ламенттік кітапханасының мұра­ғатында сақталған осы журналдың сол жылғы, яғни 1957 жылғы қазан айының бірінші жұлдызында шыққан кезекті нөмірінде Шёджи Учияма есімді жапон жазушысы «Совет жазушыларын арамызға алып» ат­ты мақала жариялаған екен (166-167 беттер).

Мақалада жоғарыда аталған совет делегациясының екі мүшесі 1957 жылдың 23 тамыз күні түстен кейін Токионың Шинд­­жюку ауданында Жаңа жапон әде­биеті қауымдастығының бедел­ді мүше­лерімен арнайы кездескені жайында жа­зыл­ған. Ол екеуінің бірі – Мұхтар Әуе­зов еді. Олай болса, «Жаңа жапон әдебиеті» жур­налының осы тарихи нөміріндегі Әуезовке тікелей қатысы бар тұс­та­рын жапон тілінен қазақшаға аударып көрелік:

«Қол шапалақтадық. Екі ер кісі іш­ке кіріп келді. Біреуінің түр-әлпеті мен те­рі­сінің түсі жапонға ұқсаған. Ёкод­зуна сияқты қарны шыққан, галс­тугі сол қар­нына жайғасыпты. Бұл кісі Әуе­зов мыр­за еді. Екіншісі аузы-мұрны тұсы­нан водканың иісі сезілетін, вестерн
жан­рын­­дағы ковбойға келеді. Жалпақ қал­пақ кигізіп, екі жанына револьвер іліп қойса, тура өзі. Бұл кісінің де комусуби дең­гейінде қарны бар. Бұл Кудреватых мырза еді. («Ёкодзуна» – жапондық ұлт­тық сумо палуанына берілетін биік дәре­же­лі, ал «комубиси» – орта дәрежелі атақ - Б.Қ.).

Жиынымыз ұйымдастырушы топ атынан сөйлеген Шигехару Накано мырзаның қарсы алу сөзінен басталды да, артынан бірден Мицуру Иноуэ мыр­заның энциклопедиясынан алынған екі кісінің өмірбаяны таныстырылды. (М.Иноуэ орыс және совет әдебиетіне қатысты энциклопедия құ­­рас­­тырған әйгілі советолог жазушы – Б.Қ.).

в

Әуезов мырза 1897 жылы туған. Роман, пьеса, сценарий, опера сияқты жанрлар бойынша бүгінде реализмнің ең биігінде жүрген қазақтың жазушысы. Сондай-ақ қазақтың әдебиеттанушысы, лингвист ғалымы және қазіргі кезде «Иностранная литература» журналының редакция алқасының мүшесі екен.

Кудреватых мырза ресейлік очеркист жазушы, соғыстан кейін Симонов мырзалармен бірге Жапонияға келгені бар, қазір «Огонёк» журналы бас редак­торының орынбасары екен. Ку мырза­ның (Кудреватыхтың есімі осылай қыс­қартылып жазылған) өмірбаяны қысқаша болғаны энциклопедия беттері әлі «К» әрпіне жетпегендіктен болар».

Басқосуда советтік делегация тарапынан кімнің басты рөлде болғанын меңзеумен басталатын мақала әрі қарай былай жалғасады:

«Әуезов орнынан тұрды. «Мына жерде жасы үлкені мен сияқтымын, сондықтан мен бір ауыз айтайын... Жаңа мені таныстырғанда «Абай» бойынша Сталин сыйлығын алғаным туралы айтылмай қалғанын есептемегенде, басқа аталмай қалғаны жоқ сияқты. Бірақ менің айтайын дегенім, бүгін мына жерде абыройлы аудармашылар қатысып отыр екен, менің де тәжірибем болғандықтан осы аударма ісі жайында айтсам деймін. Аударма ісі мәдени байланыстарға тікелей нақты әсер етеді. Совет әдебиеті алпыс жылдық тарихы бар көпұлтты әдебиет болғандықтан Совет Одағында аударма ісіне көп көңіл бөлінеді және Жазушылар одағында сол үшін арнайы бөлім ашылған. Жапонияда совет шығармалары көптеп таныстырылып отырған сияқты, бұл тұрғыда біз сіздерге қарыз болып қалыппыз. Бұдан былай біз де жапон шығармаларын таныстырып, сол қарызымызды қайтарсақ дейміз».

Осылай Әуезов жапондық беделді жазушылар арасында аударма ісінің маңыздылығы туралы сөз қозғап, бұл әңгімеге әріптестері қосылады да, бұған дейін кім кімді аударды, қай автордың қай туындысы аударылды, бұдан кейін кімді аударамыз деген сарында әңгіме болады. Осыған байланысты мақала авторы сөзін төмендегідей жалғастырады:

«Қолына берілген тізімге қарап отырып Әуезов мырза сөз алды. «Ресейлік туындылар расымен кеңінен аударылған екен, ал басқа ұлттардың әдебиеті аздап болсын аударылмағаны неліктен? Бүгінде ұлттық әдебиетсіз совет әдебиеті жайлы айту мүмкін емес. Ұлттық әде­биет­­те көптеген мықты туындылар бар. Мая­ковскийдің туындыларынан кем емес туындылар да бар. Сосын, жалпы поэ­зия­ның аз аударылып отырғаны неліктен?».

Орыс ұлтының ақын-жазушыларын ғана емес, советтер еліндегі басқа да ұлттардың әдебиетін жапон тіліне аудару­дың қажет екеніне жапондық аты бар ақын-жазушылардың назарын аудартып, аудармашылардан соны талап етіп отырған Әуезовтің ол сөзіне қасындағы орыс ұлтының өкілі Кудреватыхтың өзі келіскен кейіп танытады. Оны Әуезовтің жаңағы сұрағына жапондардың: «Ұлт­тық әдебиет өкілдерінің аты белгісіз болғандықтан жапондық коммерциялық баспаларда ондай туындыларды басып шығару қиынға соғады, оның себебі сол» деген жауабына Кудреватыхтың: «Мүмкін солай да шығар. Дегенмен аударылып барып бір-ақ танылады емес пе, сондықтан алдымен аударған абзал болар» дегенінен анық байқауға болады.

Ұлттық поэзияны жапон тіліне ауда­рудың да қиыншылықтарына қатысты жапон жазушылары айтқан кейбір уәж­дерімен Әуезов оңай келісе қоймай: «Мая­ков­скийді аудара алған екенсіздер, демек, гәп басқада болуы керек» деп сөзіне зіл қоса сөйлейді. Әуезовтің мұны­сына Ш.Накано аудармашылардың еңбек ақысын төлей алмайтындарын алға тартқанымен, «Жаңа жапон әдебиеті» журналында советтік ұлттық поэзия туындылары үшін арнайы орын бөліп отыруды уәде етеді.

Ал Ёшитаро Ёкэмура есімді жапон­дық тағы бір жазушы аталған журналда жариялаған «Советтердің ұлттық әдебиеті жайында» атты мақаласында былай дейді: «Совет жазушылары Әуе­зов және Кудреватыхпен өткен жиында белгілі болғандай, жапон зерттеушілері мен аудармашылары тек ресейлік жазушы­лардың туындыларымен ғана айналысып келгендіктен советтік жазушылар одағы мүшелерінің жартысы­на жуығын құрап отырған өзге ұлт жазушыларының шығармалары ілеу­де біреу болмаса негізінен зерттелмей, аударылмай отыр. Олай болса Жапо­ния­да тұтастай совет әдебиеті жайлы толық­қанды сөз қозғау мүмкін емес» (125-бет).

Автор сонымен қатар сөзін былай жалғастырады: «Повесть пен өлең сияқ­ты әдеби туындылар өзің бала кезден бас­тап сөйлеп келген тілде жазғанда ға­на нағыз мықты туынды шығады», деді Әуезов мырза. Бұл кісі өзі орыс тілін­де өте еркін сөйлегенімен әдеби сын неме­се зерттеу жұмыстары жайлы жаз­ған­да ғана орыс тілін пайдаланып, ал әде­би шығармаларды ылғи өзінің ана ті­лінде, яғни қазақ тілінде жазады екен» деп атамыздың ана тіліне байланыс­ты айт­қанын да арнайы атап өтіпті (126-бет).

Саясаттың жетегінде кеткен совет әде­биетін әбден сынап жазған жапон жазу­шысы Таку Эгава Әуезов жайлы «Қазақстанның ақсақал жазушысы Әуе­зов мырза» деп жылы сөйлеп, «совет елін­де де мықты жазушының тұғыры нық еке­нін», «саяси модаға» еріп оңды-солды аласұрмайтынын», «жақсыны жақсы деп, кемшілікті кем деп дұрыс бағалай біле­тінін» алға тартып, Мұхаңның сол мінезі жапондарға ұнағанын айтады (156-бет).

Әуезовтің жапон жазушыларымен өткізген сол тарихи басқосуы одан кейін­­гі кезеңде советтер елі мен жапон елі ара­­сындағы әдебиет саласындағы бай­­ла­ныстарға зор әсер еткені анық. Олай дей­тініміз, мысалы, Шюничиро Аки­куса есім­ді Жапон университетінің доценті 2020 жы­лы жариялаған «Совет Ода­ғынан махаб­батпен. Қырғи қабақ соғыс кезеңіндегі Жапониядағы мәдени бай­ланыстар мен жұмсақ күш» атты мақа­ласында біз сөз қылып отырған жиыннан кейінгі жылдары жапон тіліне Совет Одағынан тек орыс классиктері ғана емес, ұлттық әдебиет туын­­ды­лары да аударыла бастағанын айтады.

Өзі де орыс әдебиетінің маманы ре­тінде белгілі ғалым жапон аудармашылары ресейлік классикалық шығармаларды аударғандай өзге ұлттардың әдебиетін аударуға асықпағанын, ол кезде оларда ондай құлшыныстың болмағанын және жалпы орыс ұлтынан өзгелердің әдебиетімен жіті таныс жапондық мамандардың көп болмағанын атап өткенімен, түпнұсқадан емес, орыс тілі­нен аударылса да, Әуезовтің жапон жазушыларымен өткізген сол кездесуінен кейін өзге ұлттардың да әде­биеті жапон тіліне аударыла бастағаны ақиқат.

«Тарихи жиын» деп отырғанымыз да сондықтан. Жиырма жасында «Япония» атты мақала жазып жүрген Мұхаң алпыс жасында алып жазушы ретінде алғаш рет Күншығыс еліне шеккен сапары барысында жапондық ақын-жазушыларға олардың тіліне орыс классиктерін ғана емес, басқа да ұлттардың әдебиетін ауда­ру­дың маңызды екенін айтып, ашық талап еткен алғашқы тұлға деуге әбден болады.

Бәлкім, ол жапондарға орыстан өзге ұлттардың әдебиеті жайында сөз қыл­ғанда қазақ әдебиеті жайында да айт­қан болар, ол жағы әзірге беймәлім. Ал әзірге мәлім болған бір дүние – ол Әуезовтің Жапонияға шеккен сол сапарынан кейін он жылдан астам уақыт өткенде ұлы жазушының әйгілі әңгімесі «Көксерек» жапон тілінде жарық көрген екен. Жапондық совет әдебиеттанушысы Мичия Наказата «Серый лютый» деп аударылған әңгімені орыс тілінен жапон тіліне аударып, 1968 жылы «Дзенрёу» журналының сәуір айы мен шілде айлары арасындағы басылымдарында жа­рия­лаған екен. Жоғарыда аты аталған Акикуса мырзаның көмегімен табылған жапон тіліндегі «Көксеректің» аудармасын Әуезовтің ана тілімен салыс­тыра отырып жапондық әріптестермен және Қазақстан жапонтанушылар қоғамы мүшелерімен арнайы талқыласақ деген ниеттеміз.

Әуезов жайлы жазған Учияма мырза мақаласының соңында: «Бұдан басқа да түрлі тақырыпта әңгіме қылдық, олардың бәрін жазуға мына жерде орын жетпес» десе, мақаланың басында сол жиынға жапон тарапынан жоғарыда аттары аталған Шигэхару Накано мен Мицуру Иноуэден басқа Масао Ёнэкава, Цуруджиро Кубокава, Тацукиши Ни­ши­но, Шёджи Нишио, Шигэджи Цубой, Ёшитаро Ёкэмура, Дарусу Ким (жапондық корей), Тацуо Курода, Таку Эгава сияқты белгілі жазушылар мен әйгілі ақындар қатысқаны айтылған. Бұл есімдерді тізіп жазып отырғаным, бәлкім, сол жапонның ақындары мен жазушылары одан кейін өз еңбектерінде немесе мақалаларында, естелік күнде­лік­терінде түрі мен терісінің түсі жа­пон­ға ұқсайтын қазақтың жазушысы Әуезовпен кездескені жайлы жазып қалдырған болар. Қазақстан жапонтанушылар қоғамы бұл тақырыпты да жұмыс жоспарына қосып, әріптестер әлі талай тың дүниелер таба жатар деп үміт артамыз. Ал әзірге айтарымыз, Әуезов Жапонияға жасаған жалғыз сапары барысында үнсіз қалмаған екен, сөзсіз қалмаған екен, сөзі ізсіз қалмаған екен.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

PhD, Қазақстан жапонтанушылар қоғамының төрағасы