Референдум-2022 • 25 Мамыр, 2022

Демократиялық реформалардың тиімді құралы

271 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмыла кіріскен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы ауқымды мемлекеттік құрылыс процесі жүзеге асырылуда. Жаңа Қазақстанды құру мақсаттары – айқын. Бұл дегеніңіз құқық және заң үстемдігі қағидатын жаппай енгізу негізінде қазақстандықтардың өмірін сапалы өзгерту үшін жағдай жасау деген сөз.

Демократиялық реформалардың тиімді құралы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мамыр айының алғашқы онкүндігінде Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көшпелі отырыс өткізді. Онда заң білімінің сапасын арттыру мәселелерімен қатар елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы қадамдар да талқыланды. Сонымен қатар депутаттар Алматы қаласы заң консультанттары палаталарының өкіл­де­рімен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында тіпті кәсіби заң қауымдастығында, ғалымдар мен іс мамандары арасында Конституцияға енгізілетін түзетулерге байланысты түсіндіруді қажет ететін кейбір мәселелер туындағандығына көз жеткіздік. Мысалы, түзетулерді әзір­леу, талқылау неліктен осындай «жедел­детілген» режімде өтіп жатыр? Неліктен түзетулер тек осы мәселелермен ғана шек­теледі? Бұл түзетулер елдің саяси жү­йесін реформалау жолындағы про­б­лемаларды шешу үшін жеткілікті ме? «Заң шығару» жобасындағы Үкіметтің кеңей­тілген өкілеттіктері туралы мәселе өткір қойылды.

Маңызды және терең мағынасы бар мұндай сұрақтар жүргізіліп жатқан рефор­ма­лардың мәнін түсіну үшін нақты жа­уапты талап етеді.

Бірінші. Біз «тарихи уақыттың» жеделдету дәуірінде өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Бұл жеделдету барған сайын қарқын алып барады. Оған жаһандық әлемдегі жағдайдың күрделенуі, барлық дерлік мемлекет бастан кешіп отырған бірқатар геосаяси және экономикалық сын-қатердің бой көтеруі ықпал етуде. Барлық мәселе табыстар мен жетістіктерді былай қойғанда, мемлекеттерде тұрақтылықты, тығырықтан шығу жолдарын айқындауға тіреліп тұр. Біздің еліміз жаһандық проблемалармен бірге, қаңтардағы қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырған бірқатар ішкі проблеманы бастан кешуде.

Осындай түйінді мәселелерге қайтары­ла­тын жауапты кейінге қалдыру мүмкін емес. Оның бәріне ден қою, түйіндерді шешу неғұрлым шұғыл сипат алуға тиіс. Ел басшысының бұл бағытта алға ұм­ты­лу­д­ағы қатаң талаптары бар болғаны екі ай ішінде атқарылған аса маңызды істерден көрініс тапты. Әлбетте, заңнамалардың бұрмалануына жол беріліп жатқан жоқ. Мемлекет түзетулерді кеңінен талқылау, оларды түсіндіру үшін барлық қажетті шараны қабылдады және оларды қабылдау рәсімі қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді.

Екінші. Конституцияға енгізілетін түзету­лер топтамасын нақты нормалардың маз­мұны мен олардың шеңбері тұрғы­сы­нан ғана емес, сонымен бірге оның мәні, осы түзетулердің елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңғыртудың жал­пы процесінде атқаратын рөлі тұрғы­сынан да қарау керек.

Конституцияның мемлекеттің негізгі заңы ретіндегі ережелері тікелей қолда­ныс­та болса да, ең бастысы мемле­кеттік құрылыстың негізін анықтайды, оның іргетасы ретінде қызмет етеді, негізгі идея­лары мен қағидаттарын қалыптастырады. Содан кейін конституциялық ережелер конституциялық заңдарда және басқа да заңнамалық актілерде, заңға тәуелді актілерде, мемлекеттік органдардың, лауа­зымды адамдардың, азаматтар мен ұйым­дардың қызметінде іске асырылады. Рефе­рен­думда біз дауыс беретін құжат алдағы саяси өзгерістердің болашағын белгілейді және негізін қалайды.

Осындай ауқымды реформалардың да өзіндік даму қисыны бар. Бұл – жүйелілік және кезеңділік. Мұндағы ерекшелік – бұра тартуға жол бермейді, қолдағы бар тәжірибеге сүйене отырып, оңтайлы жолдарды іздестіруге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні аталған өзгерістер мен толық­тыруларды қабылдау ең басты болып табылғанымен ол Қазақстанда мем­лекеттік құрылысты жалғастырудың ірге­тасын қалаушы реформаның алғашқы сатысы ғана. Сол арқылы келесі сатыларға аяқ басатын боламыз.

Бірақ саяси трансформацияның жалпы векторына сәйкес, бұл бірінші кезеңнің өзіндік мақсаттары мен міндеттері бар.

Біріншіден, бұл дегеніміз, одан әрі және тиімді демократияландыру, яғни мемлекеттік мәселелер мен проб­лема­лардың кең ауқымын шешуде жұртшы­лық­тың белсенділігін арттыру, қоғам мүшелерін, әрбір азаматты саяси өмірге қаты­судың алуан түрлі нысандары – пар­тиялардың, басқа да үкіметтік емес ұйым­дардың жұмысына, жергілікті және орта­лық органдарға сайлауға, мемлекет қабыл­дай­тын шешімдерді талқылауға тарту.

Екінші бағыт – мемлекеттің өзін, мемлекеттік аппаратты реформалау, оның ішінде оны бюрократиядан арылту. Мұн­дағы мәселе жекелеген мемлекеттік орган­дардың атаулары мен қызметін өзгерту ғана емес, жекелеген мемлекеттік органның, әр мемлекеттік қызметшінің өз қызметіне деген көзқарасын түбегейлі өзгерту болып табылады. Бұл реформа заңнама мен мемлекеттік органдар жүйесін өзгертуді ғана талап етпейтіні түсінікті. Ол әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір азаматтың психологиясын өзгертуді талап етеді. «Азаматтар үшін мемлекет» қағидаты басқаша емес, жалпыға ортақ болуға тиіс. Қазақстан ғылымының патриархы, ел тәуелсіздігінің алғашқы қар­лы­ғаштарының бірі академик Салық Зиманов құқықтық реттеудің негізгі мақ­саты адамның тұтыну қажеттіліктері, құқықтары мен бостандығы болуға тиіс екенін бірнеше рет айтқан болатын.

Конституциялық реформаның кейбір қарсыластары Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотпен алмастыру кеңсе маңдайшасын ауыстыру ғана деп түсінеді. Сот – бұл нақты дауларды қарастыратын және белгілі бір құқықтар мен мүдделерді қорғайтын, сот төрелігін жүзеге асыратын орган. Конституциялық сот сот төрелігін жүзеге асыратын, Конституцияны және азаматтардың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғайтын орган болып табылады. Конституциялық Кеңес, менің ойымша, еліміздің конституциялық құқық актілерінің негізгі шоғырын құраған Конституцияның жекелеген нормаларын түсіндіру жөніндегі көптеген қаулы шығара отырып, өзінің тарихи миссиясын орындап болды. Енді азаматтардың конституциялық ере­же­лерді күнделікті өмірде, өзекті мәсе­ле­лер­ді шешетін конституциялық сотқа тікелей жүгінуі арқылы жүзеге асыратын уақыт келді. Көптеген елдегі сияқты қазақстандық құқық қолдану тәжірибесінде де азаматтың бір ғана тұр­ғын үй алуға қол жеткізу мәселесі ше­шілуде. Бұл аса қарапайым мәселе емес. Ол әркімнің өз міндеттемелері бойынша жауап­кершілігі және адам құқықтары жө­нін­дегі көптеген халықаралық акті­­де бекітілген адамның тұрғын үй құқығы арасындағы тепе-теңдікті іздес­ті­руді талап етеді. Қолданылып жүрген нор­мативтік-құқықтық актілердің Консти­ту­цияға, конс­титуциялық құқықтар мен бос­тан­дық­тарға қаншалықты сәйкес келе­ті­ні туралы осы және сол сияқты мәсе­ле­лерді Конституциялық сот шешуге тиіс болады.

Осы мақсаттарға қол жеткізу – азаматтарды мемлекет мәселелерін шешуге және мемлекеттік аппаратты реформалауға тарту осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі сапалы жаңа деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

Үшінші. Мемлекеттік биліктің теңдес­ті­рілген жүйесін құру. Шынында да, бір­қатар конституциялық түзету атап айтқанда, іс жүзінде заң күші бар нор­ма­тивтік-құқықтық актілерді қабыл­дау­дағы атқарушы биліктің қосымша өкілет­тіктерін қарастырады. Алайда мұндай түзе­тулерді конституциялық рефор­ма­ның жалпы мәнмәтінінен тыс, оқшау қарастыруға болмайды.

Мемлекет басшысы наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет тұрақтылығының негізі болып табылатын саяси жүйенің мынадай формуласын айқындап берді: «мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

Біз түзетулер топтамасынан осы мақ­сатқа жетуге бағытталғанын бірқатар өзге­ріс пен толықтыруды көріп отырмыз. Ол – Президент өкілеттігін азайту, «суперпрезиденттік» атаудан бас тартып, президенттік-парламенттік республикаға көшу, тұтастай алғанда, билік тармақтарын бөлудің, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйені пайдаланудың конс­ти­туциялық қағидатын іс жүзінде тиім­ді іске асыруды көздейтін билік инс­ти­туттарының жаңа моделін құру.

Шынайы халықтық өкілдікті жүзеге асыратын және осыған байланысты ық­пал­ды болып табылатын, тиімді жұ­мыс істейтін Парламент болмайынша Президенттік билік күшті және беделді бола алмайды. Ал нақты, іс жүзінде Үкі­мет­тің есеп беру жауапкершілігі оның кеңейтілген заң шығару өкілеттіктерін теріс пайдалану тәуекелдерін жояды.

Құқық үстемдігі қағидаты негізінде мемлекеттік билік жүйесінде тең құқықты әріптес болатын заң шығарушы орган – Парламенттің ұйымдастыру және оның жұмысын реформалау шараларына толы­ғы­рақ тоқталғым келеді.

Конституция бойынша Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Конституцияға енгізілетін түзетулер негізі болып саналатын оңтайландыру Парламенттің, оның Палаталарының, әрбір депутаттың барлық функциясына қатысты болуға тиіс.

Ең алдымен, депутаттық корпустың өкілдік функциялары күшейтілуі керек. Депутаттардың заң шығару, заң шығару қызметі жұртшылықтың сұраныс­та­ры негізінде құрылуы қажет. Біздің азамат­та­рымыздың «бастамашыл заң­на­ма­сы» депутаттық заңнамалық бастама арқылы іске асырылуға тиіс. Депутаттар Үкімет ұсынған заң жобаларын «тазартумен» немесе сараптамалық және «техникалық» жұмыстармен айналыспай, қоғам мүшелерінің сұранысы негізінде қабылдануы қажет заңнамалық актілер тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Мысалы, Парламент қабылдаған соңғы заңдардың бірі бойынша депутаттар үкіметтік заң жобасының 32 бабына 307 түзету енгізді.

Бұл ретте кәсіптік біліктілікті арттыра отырып, заңнамалардың тиімді­лігіне мониторинг жүргізу, жаңа заң­дар­ды қабылдаудан күтілетін нақты нәтижелер және тағы басқалары бо­йынша жұмыстарды күшейту арқылы заң шығару қызметінің сапасына талапты көтеру қажет. Тұтастай алғанда, қазірдің өзінде күш-жігерді құқықтық салаға қауіп төндіретін қабылданған актілердің санынан олардың сапасына қарай көше отырып, заңнаманың тиімділігін арттыруға шоғырландырылуы тиіс. Әрине, атқарушы биліктің, Үкімет мүшелерінің қабылданған заңдарды орындау жауапкершілігіне парламенттік бақылауды жандандырып, оның рөлін көтеруіміз керек.

2017 жылғы конституциялық реформа арқылы осы механизмді енгізудің алғашқы қадамдары жасалған болатын. Енді осы жұмысты жетілдіріп, оны іске асыру механизмдерін айқындап алуымыз және нақты жұмыс істейтін парламенттік бақылау туралы нормаларды қарастыруымыз қажет. Парламенттік бақылау ғана атқарушы биліктің қосымша өкілеттіктерін шынайы таразылап, ел Президенті айтқандай, есеп беретін Үкі­метке қол жеткізе алады.

Заң қатаң айқындалған мақсаттарды, өлшемдерді, көрсеткіштерді қамтып, оларға қол жеткізу атқарушы биліктің қа­­сиет­ті борышы болуға тиіс. Сонда ғана атқару­шы биліктен заңның орындалуын талап етуге және соған сәйкес Конс­титуцияға енгізілген түзетулерде атал­ғандай белгілі бір Үкімет мүшесінің дер­бес жауапкершілігі туралы мәселені қоюға болады.

Бірінші кезекте, айтылғанның бәрі, түзетулерге сәйкес, Республика Үкіметі «өкілетті заң шығармашылығы» деп ата­ла­тын тәртіпте қабыл­дануы мүм­кін актілерге қатысты. Консти­ту­ция­ның 61-бабына түзетулер Респуб­ли­­­ка Үкіметінің заңнамалық бастамасы тәр­тібімен заң жобалары енгізілуі мүм­кін деп көздейді, олар «халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құр­ы­лысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ел­дің экономикалық қауіпсіздігіне қа­тер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Парламенттің өз Палаталарының бірлескен отырысында дереу қарауына жатады», осындай заң жобалары енгізілгеннен бастап және осы мәселелер бойынша Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейінгі кезеңде «Республика Үкіметі заң күші бар уақытша нормативтік-құқықтық актілерді өз жауапкершілігіне алуға құ­қылы». Осы жағдайда шынымен шұғыл ша­ралар қабылдау мүмкіндігі жөнін­де сөз болып отырғанын есте ұстау қажет. Әрине, мұндай заң жобалары Парламент қарауына енгізілген кезде де, Үкіметтің тиісті «уақытша» және жедел актілері қабылданған кезде де ұсынылып отырған заңнамалық шаралар азаматтардың өмірі мен денсаулығына, мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қандай жағдайларды жоюға бағытталғаны нақты көрсетілуге тиіс. Үкімет «өз жауапкер­ші­лігіне» алатын осындай актілер қабыл­да­натыны айтылып отырған соң, мұндай актілер жіті парламенттік бақылауда болатынын атап өтемін.

Конституцияға енгізілуге тиіс түзету­лер мәні осы бапта санамалап өткен бағыт­тармен шектелмейді. Оның үстіне оларды қабылдау тетігінің өзі демокра­тия­ландыруға бағытталған осы реформалар түсінігінен шығып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының Конституцияға өзгертулер мен толықтыруларды респуб­ли­калық референдумға шығару туралы шешім қабылдауы кездейсоқ емес. Адам өз өмірінің бағытын өзі анықтауы керек.

Салық Зиманов мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылатын стратегиялар мен нақты бағдарламаларды әзірлеуде ескірген әкімшілік-саяси режімнен зияткерлік топтың, ғылымның рөлі мен ықпалын күшейтетін дамудың интеллектуалдық-саяси кезеңіне өту қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Отан­дық заңгерлік сала ғұламасының аманатын орындай отырып, біз Жаңа Қа­зақстан жолына алғашқы қадам жасадық. 5 маусымдағы референдумда ел азаматтары Президенттің Ата Заңымызға ұсынған түзетулерін қолдайтынына бек сенемін. Осы негізде қолда бар оң тәжірибені ескере отырып, халықтың үлкен әлеуетін пайдалана отырып, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы сапарымызды жалғастыру қажет.

 

Қанатбек САФИНОВ,

Cенат депутаты