Ахмет Байтұрсынұлы • 26 Мамыр, 2022

Ұлт ұстазының ұлағатты жолы

3749 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы атанбай тұрып-ақ, «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп мақсат қойған Ахмет Байтұрсынұлы 1891 жылы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқып, тәрбиеленді. Ыбырай ағарту ісінің негізін салушы болса, Ахмет Байтұрсынұлы – Ыбырай бастаған абыройлы істерді жалғастырушы, білім саласын жетілдіруші.

Ұлт ұстазының ұлағатты жолы

Ыбырай Алтынсарин «Қазақ халқының келешегі осы мектептерде» десе, Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептерде білім беретін мұғалім қандай болса, мектебі де һәм сондай болмақшы», дейді. Сөйтіп, 1895 жылы Орынбор педагогикалық училищесін бітірісімен ұстаздық жолға түсті. Осы жолда бар-жоғы 15 жылға тарта ауылдық, болыстық мектептерде, педагогикалық класта, училищелерде ұстаздық, басшылық қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу жайынан» атты мақаласында бұл сапарға шыққан адам өз ісін неден бастау керектігін жазып, ұсынады. Бұл сөзін «Жолаушы жалғыз жүріп адасса қиындықты өзі ғана көреді, ал көпке басшылық жасап жүріп адасса, жұрт ісіне, жұртқа зияны тиеді», деп бастайды. Қазақ халқының алдағы арманына, ғылым-білім алуға оқу арқылы жететінін біліп, осы жолда бастауыш мұғалімдердің адаспауын ескертеді.

«Басшы түзу болса, ұзын жол қысқа, басшы олақ болса, қысқа жол ұзын. Қысқа жолға уақыт аз, ұзын жолға уақыт көп кетеді», деген пікірді Ахмет Байтұрсынұлы «Аз уақытта көп білу жолының басы» атты мақаласында айта келіп, ХХ ғасырдың «Білім ғасыры» аталғанын жеткізеді. Бұған қоса ұлы ұстаз «Қазақша оқу жайында», «Оқу жайы», «Мектеп керектері», «Оқыту жайынан», «Баулу мектебі», т.б. келелі мәселелер көтерген көптеген мақала жазды. Мұнда ағарту ісінің олқылықтары айтылып, оқу ісінің жақсартылу жолдары көрсетілді.

Баланы оқыту үшін біз ең алдымен, оларға арналған кітаптардың дұрыстап шығарылуын «Әуелі, біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге дейін оқытатынымызға Жосық белгілеуіміз керек», деп өткен ғасыр басында-ақ айтып кеткен.

Қазақ ісіндегі кемшіліктің бәрі оқу ісімен түзелетінін атап өткен ұлт ұстазы биліктің де, халықтың да оқумен түзелетінін айта келіп, қазақ баласының қазақша оқып, жаза білгеннен кейін ғана орысша оқуына болатынына аса мән бере жазады.

 

Оразалы ШАХАНОВ,

«№12 балабақша – бастауыш мектеп» кешені» директоры