Дүниежүзілік мектеп оқушылары арасындағы Гимназиаданың тарихына үңілер болсақ, ең алғашқы жарыстың жалауы 1974 жылы Германияның Висбаден қаласында желбіреген. 1990 жылы Брюггеде (Бельгия) ұйымдастырылған додаға дейін аталған халықаралық спорттық жоба әр екі жылда бір рет ұйымдастырылса, кейіннен арасы 3-4 жылға ұзарды. XXI ғасырда мульти-жарысты өткізуде Еуропа елдерінен бөлек, өзге де құрлықтың мемлекеттері белсенді бола бастады. Мысалы, бүгінге дейін Гимназиаданы Азия құрлығынан – Қатар, Оңтүстік Африкадан – Бразилия, Африка құрлығынан Марокко өткізді.
Ал биылғы 16-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған ірі халықаралық жарысты Франция осымен 5-рет өткізді. Гимназиаданы ұйымдастыру жағынан әзірше Францияның алдына түсетін ел табылмай тұр. Бұған дейін Франциядағы төрт дүниежүзілік Гимназиада Орлеан (1976), Лилль (1982), Ницца (1986) және Кан (2002) қалаларында жалауы желбіреген болатын. Сөйтіп, араға 20 жыл салып бұл қалалардың тізіміне Нормандия қосылды.
Реттілік бойынша 19-мәрте ұйымдастырылған биылғы дүниежүзілік жазғы Гимназия ойындары 14-22 мамыр аралығында өтті. Қазақстандық спортшы балалар паралимпиадалық спорт түрлері мен брейк-данстан басқа 17 спорт түрінен бақ сынады. Делегацияны Францияға Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы Қазақстанның Мектеп спорт федерациясымен бірге бастап барды. Жарысқа қатысушылар саны бойынша ел құрамасы Франция мен Бразилиядан кейінгі үшінші ел атанды. Бізден Францияға барлығы 296 адам аттанды. Оның ішінде: 234 спортшы, 49 жаттықтырушы, 9 төреші, Білім және ғылым министрлігі мен Мектеп спорт федерациясының 4 өкілі бар.
Бір аптаға созылған дүниежүзілік додада жерлестеріміз спорттың таэквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, семсерлесу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, садақ ату, бокс, грек-рим күресі, әйелдер күресі және регби сияқты спорт түрлерінен 85 жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында жазғы Олимпия ойындарының чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакованың да қызы бар. Анастасия Рыпакова да анасы сияқты жеңіл атлетика сайысында сынға түсіп, Францияда күміс медаль иеленді. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 3-орынға жайғасты. Бірінші орынды 114 медалі бар, оның ішінде 47 алтын жеңіп алған Франция спортшылары иеленсе, 45 алтын медаль жеңіп алған Бразилия құрамасы екінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар Қазақстан спортшылары алтын және күміс медальдардың саны бойынша да 3-орын алса, қола медаль бойынша 5-орынға тұрақтады.
Дүниежүзілік додадан осындай табыспен оралған қазақстандық оқушы спортшыларды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады. «Оқушыларымызды әлемдік Гимназиададағы жеңістерімен және жоғары жетістіктерімен құттықтаймын. Әрине, бұл жүлделер – жаттығудың, табанды еңбектің, тәртіп пен талпыныстың жемісі. Сіздерге үлкен үміт артып, шығарып салған едік, сол үмітті толығымен ақтап келдіңіздер. Сондықтан ұстаздарыңызға, жаттықтырушыларыңыз бен ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Білім және ғылым министрлігі оқушылар арасында зияткерлік және спорттық олимпиадаларды дамыту жұмыстарын жалғастырады», деді министр.
Сөйтіп, қазақстандық оқушы спортшылар медаль саны жағынан үздіктер қатарынан көрінді. Мұның өзі еліміздің жас өрендері үшін үлкен жетістік. Осы кешенді бәсекелер нәтижесіне қарап-ақ әр мемлекеттегі мектеп лигасы мен жасөспірімдер спортының даму қарқынын байқауға болатындай.