Референдум-2022 • 29 Мамыр, 2022

Бесінші өзгеріс бұрынғыдан өзгерек

1888 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алғаш қабылданған 1995 жылдан бері төрт рет өзгеріс енгізілген ел Конституциясы тағы бір жаңғырудың табалдырығында тұр. Демек, бесінші өзгеріс бұрынғыдан өзгерек. Өйткені Қазақстан халқы Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді референдум арқылы таңдауға мүмкіндік алып отыр. Кеше Атырауда өңіраралық көшпелі отырысын өткізген референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб төрағасы Төлеубек Мұқашев бұл өзгерістің осындай маңызына екпін түсірді.

Бесінші өзгеріс бұрынғыдан өзгерек

– Әлемдегі экономикасы озық мемлекеттердің бәрі демо­кра­тиялық жолмен өркендеп ке­ле­ді. Өйткені демо­кра­тия­лық жүйе­ эко­но­микалық бос­тан­дық­қа жол ашады. Біз әлемдік бәсекеге қа­білетті болу үшін демо­кра­тия­лық жүйеге көшуіміз керек. Ал­да­ғы конституциялық реформа мемлекеттің болашағына әсер ететін аса маңызды қадам деп ойлаймын. Бұл түзетулер сая­си жүйені қайта құру үшін көп­тен күткен нақты қадамдарды қам­­тып, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылы форматын жаң­ғыр­туға жетелейді, – деді Төлеубек Мұқашев.

Әрине, жаһандану дәуірін бұрын­ғымен салыстыруға болмайды. Технология да, адам санасы да жаңғырып та, өзгеріп те жатыр. Мұндай жаңғыру мен өзгеріс тәуелсіз Қазақстанның қоғам­дық-саяси, әлеуметтік-эконо­ми­калық өркендеуіне қажет. Осын­дай жаңғыруға ықпал ете­тін өзгерістер талқыланған өңір­аралық көшпелі отырысқа Аты­рау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстық мәс­ли­хат­тарының хатшылары, облыс­тық ардагерлер кеңесі мен референдумды қоғамдық қол­дау жөніндегі өңірлік штаб төрағалары қатысты. Мәселен, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Бақтықожа Із­мұ­хам­бетов Конституциядағы өзге­­ріс­ке қатысты екі мәселені ор­та­ға салды.

– Біріншісі – өзгерістің мәні мен маңызы. Екіншісі – өзгерістің елдің дамуына тигізер пайдасы. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Конституцияның баптарына ен­гізілетін өзгерісті қолдауға әб­ден болады, – дейді Б.Ізмұхамбетов.

Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі Атырау өңірлік штабының жетекшісі Гүлзада Шакуликованың мәліметінше, 6 мамырдан бері еңбек ұжым­да­рында конституциялық рефор­ма­лардың негізгі ережелерін кеңі­нен түсіндіруге байланысты 182 іс-шараны өткізу жос­пар­лан­ған. Өңірлік штаб мүше­ле­рі осы кезге дейін 130 іс-шараны өткізген.

– Бүгінгі дәуірдің талабы күн сайын өзгеріп жатыр. Бұл өзге­­рістен кеш қалмау қажет. Осы­­ған орай мемлекеттік басқа­ру­дың тиімділігін арттыруға ба­ғыт­талған конституциялық ре­форма қоғам мүддесі үшін қол­ға алынып отыр. Сондықтан рефе­рендумға қатысу біздің сана­мыздың қаншалықты жаңғыр­ғанын, балаларымыз бен неме­ре­леріміз өмір сүретін қоғамның демократиялық моделін енгізу үшін жауапкершілік алуға қан­ша­лықты дайын екенін көрсетеді. Демек, алдымызда Жаңа және әділетті Қазақстан құру жолында азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғау, саяси жүйені, әкімшілік-аумақтық құры­лым­ды өзгерту, жаңа экономи­ка­ны қалыптастыру секілді бір­қа­тар маңызды міндеттер тұр, – деп пікір білдірді Гүлзада Шаку­ли­ко­ва.

Оның мәліметіне сүйенсек, өңірлік штаб құрамында 25 адам бар. Әсіресе, зиялы қауым өкіл­де­рі, саясаттанушылар, Үкі­меттік емес ұйым өкіл­дері, жур­налистер мен қоғам бел­сен­ділері, блогерлер рефе­рен­думның маңызын түсіндіруге атсалысып келеді.

– Жүсіп Баласағұн бабамыз­дың «Адамдардың артық­шылығы өнері, ақылы, білімі болса, ол – адамның өз қажеттіліктері үшін таптырмайтын қасиет», дегені бар. Ғұлама ойшыл адамды осынау асыл қасиеттерді бойына жи­нақ­тауға шақырады. Мұндағы басты мақсат – адамның өзін өзі тәрбиелеуі, саяси санасын жаң­ғыртып, сауатын арттыру. Мемлекеттің келешегі жар­қын болсын десек, Ата Заңға енгі­зі­ле­тін өзгерісті қолдауда ауыз­бір­лік танытатын уақыт келді, – тү­йіндеді ойын Гүлзада Шаку­ли­кова.

Ал Атырау облыстық кәсіп­о­дақт­ар бірлестігі төраға­сының орынбасары Еділ Ұзақбайдың айтуынша, жұмысшылардың құқық­тары мен мүддесін қорғайтын ірі қо­ғамдық ұйым мемлекеттік сая­сатты қалыптастыруға тың сер­пін беретін өзгерістердің іске асуына қолдау білдіріп отыр. Қазір кәсіподақтар бірлестігі 15 саланы біріктіреді. Бірлестік құра­мына 80 мыңға жуық мүшесі бар 670 бастауыш кәсіподақ ұйы­мы енген.

– Кәсіподақ мүшелері Пре­зи­дент ұсынған реформалар стратегиялық маңызға ие екенін түсініп отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, референдум – халық үшін ел болашағын айқындайтын бірегей мүмкіндік. Себебі, өзгерістердің бәрі «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан бас­тау алғаны, халықтың талап-ті­легінен туындағаны даусыз. Демек, ел сеніміне ие болмай, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес. Екіншіден, біз адалдық пен әділетті болу қағидаларын қатаң ұстануымыз керек. Бұл – Жаңа Қазақстанды құрудың басты ұстанымы, – дейді Еділ Ұзақбай.

Оның айтуынша, Конс­ти­ту­циялық реформа – қоғам­ды демократияландырудың шынайы көрінісі. Мұны нақты қадам деу­ге болады. Демократиялық да­му­­ға қадам басқан соң еңбек ада­мының лайықты өмір сүруіне кө­ңіл аударылуы керек.

– Кәсіподақ үшін негізгі құн­дылық – еңбек адамының лайықты өмір сүруі. Сол себептен, кәсіподақтар халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек­ақы төлеу жүйесін, еңбек және кәсіподақ заңдылығын жетіл­ді­ру арқылы еңбек етудің ла­йық­ты шарттарын, жұмыс орындарын сақтау, жаңа орындарды ашуды қамтамасыз ету, еңбек заңдылығын сақтауда мемле­кеттік және қоғамдық бақы­лауды күшейту туралы ұсы­ныс­тарды ұсынған болатын. Алдағы уақытта қабылданатын жаңа Әлеуметтік кодексте осындай ұсыныстарымыз көрі­ніс табатынына сенімдіміз. Кәсіп­одақтардың басты мақса­ты – қоғамда әлеуметтік тұрақ­ты­лық­ты сақтап, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында әлеуметтік диалог орнату. Сөйтіп, еңбек ада­мының лайықты өмір сүру сапа­сын жақсарту, – деген ойын білдірді Еділ Ұзақбай.

Өңіраралық көшпелі отырыста Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлік, Жылыой аудандық шта­бы­ның жетекшілері, Маңғыстау облыстық, Махамбет аудандық мәслихатының хатшылары рефе­рен­думға енгізілетін өзгеріс­тер­ді түсіндіруге байланысты іс-шаралар туралы хабардар етті.

 

Атырау облысы