Қазақстан • 30 Мамыр, 2022

Нарыннан көшкен елдің наласы

767 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның батыс аймағында миллиондаған гектар жер Капустин Яр сынақ полигонына беріліп, Нарын құмындағы елдің еріксіз көшірілгеніне биыл 70 жыл толады. Оралдық тарихшы Бақтылы Боранбаеваның жақында ғана бас­падан жарық көрген «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы» кітабы осы бір қасіретті оқиғаға арналған.

Нарыннан көшкен елдің наласы

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева дәл осы оқиғаны зерттеп-зерделеп жүргеніне он шақты жылдың жүзі болыпты.

– Осы бір қасіретті оқиғаны зерттей бастауыма кездейсоқ жағдай себеп болды. 2006 жылы әкем дүниеден өткен соң шағын қобдишасын ақтарып отырып қалың көк дәптер тауып алдым. Ол әкемнің жездесі Қадеш Иманғали­ұлының өлеңдер жинағы екен. Ішінде «1952 жылы Ордадан көшкендегі жазға­ным» деген ұзақ өлең бар екен. Ол шы­ғар­­маны оқып, сол кезде туған жері­нен еріксіз көшкен елдің (ішінде өз әкем де бар) жан күйзелісін түсіндім. Сөй­тіп облыстық архивке барып, зерттеу жұ­мысына кірістім, – деп еске алады ғалым.

Міне, кеше ғана баспадан шыққан жаңа жинаққа Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған құжаттар, оқиға кейіпкерлерінің естелік­тері топтастырылған.

– АҚШ пен КСРО арасындағы «қыр­ғи қабақ» соғыс кезінде Кеңес өкіме­тінің территориясында құрылған әскери нысанның бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы «Капустин Яр» және «Азғыр» полигоны. Бұл екі полигонда ядролық қарумен бірге, ұшақтар мен зымырандар сынақтан өткізілді. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін немістің кейбір әскери техникалық құжаттарын қолға түсірген кеңестік ғалымдар ФАУ 1 және ФАУ 2 ракетасын жаңадан шығару ісін бастайды. Сөйтіп КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылы 13 мамыр күні 4 облыстың атап айтқанда, Астрахан, Волгоград және Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының территориясында Орталық мемлекеттік Капустин Яр сынақ полигонын құру жөніндегі шешімі қабылданды, – дейді Бақтылы Сансызбайқызы.

КСРО билігі әскери сынақ аймақтары жөніндегі мәліметтерді аса құпия ұстады. Астрахан облысындағы Капустин Яр селосының атымен аталған полигон «өте құпия» деген грифпен ғана көрсетілді. 1947 жылы күзде полигонда алғашқы баллистикалық ракета ұшырылып, сынақтан сәтті өткен. Енді Капустин Яр сынақ полигонына Батыс Қазақстанның Жаңақала, Орда аудандарының территориясынан 1 555 784 гектар жер бөлінді. Сондай-ақ «Азғыр» және «Капустин Ярдың» «Тайсойған» бөлігі үшін Гурьев облысы да 1,5 миллион гектар жер беруге мәжбүр болды. 1951 жылы 21 желтоқсанда КСРО Министрлер Кеңесінің Орал облысы Орда ауданының жерін «Капустин Яр» сынақ аймағына беру жөніндегі
№ 5263 бұйрығы шығарылады. Осы жар­лық негізінде 1952 жылы 31 қаңтарда Орал облыстық Еңбекшілер Депутаттары атқару комитеті кеңесі «облыстың 300 колхоз шаруашылығын Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аудандарына көшіру туралы» қаулы шығарды. Сөйтіп Жаңақала ауданының 125, Орда ауданының 175 шаруашылығы еріксіз елден көшірілді.

Құжаттарға қарағанда елді көшірер­дің алдында әр ауылда жиналыс өтіп, сөй­леушілер «қазіргі тұрған жері­нің шаруашылыққа, тұрмысқа қолай­сыз­дығынан жаңа жерге көшу жөнінде ше­шім шығарған үкімет пен партия қамқорлығына алғыс» айтқан. «Үкі­ме­тіміз біздің жағдайымызды еске ала отырып мәдени тұрмысымызды жақ­сарту үшін мақта шаруашылығына айналдыру жөнінде қамқорлық жасады, сондықтан мен мұны қуанышпен қарсы аламын. Өзім үй семьяммен көрсетілген Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичевский ауданы Жетісай аймағына көшуге ризашылығымды беріп, арызымды жолдаймын. Бұдан былай шаруашылығымыздың мықты кепілі болатын мақта өндірісіне барлығыңыздың болуыңызды сұраймын» дейді сөзі хаттамаға түскен шешеннің бірі жыл­қы­шы Р.Томанов. 1952 жылы 18 ақпан­да Теректі ауылкеңесіне қарасты Ин­тернационал колхозында өткен жиналыста колхозшы Жаңылғаным Өкено­ваның «үкіметіміздің қамқорлыққа алып, өндірісі көп жерге көшіруді мақұлдағанына мың сан алғыс айтамын, өзім көшуге ризашылығымды беремін» деген сөзі де хатталыпты. Алайда жағдай дәл мұндай емес-ті. Белгілі ақын, дәл осы депортацияға түсіп, туған жерден жырақтауға мәжбүр болған Қайрат Жұмағалиевтің жазбаларынан оңтүстікке көшіп барған халықтың 60-65 пайызы қырылып қалғанын оқимыз. Ал ақынның анасы, жоғарыдағы «пікір иесі» Жаңылғаным Өкенқызы болса:

Бұл Орда – Бөкейліктің бас қаласы,

Басқарған бес жүз мың жан астанасы.

Ел аман, жұрт тынышта

жер аударып,

Зарлады-ау Құм Нарынның жас

баласы!

Қайтейін, Жиекқұмнан аса алмадым,

Алшаңдап бөлтектерін

баса алмадым.

Сарғайып сағынғаннан бауырларды,

Егіліп, екі көзден жас алғаным.

Қарағым, айналайын, кекілдім-ай,

Сұңқардай үш түлеген секілдім-ай!

Нарыннан өлі айрылмай,

тірі айрылдық,

Қайтейік, жылай жүріп

жетілдік-ай...

– деп зарлап өткен болатын...

Әрине, жинақта басылған қысқа да нұсқа құжаттардан туған жерден ерік­сіз көшкен елдің жан тебіренісін, қай­ғы-қасіретін толық білу мүмкін емес. Дегенмен кейбір өтініш хаттардан ағайын­нан ажыраған азаматтардың жа­най­қайы анық көрінеді:

«Менің жасым 67-де, әйелім 66-да. Үлкен балам соғыста опат болды. Жасы толмаған бір ұл, бір қызым бар. Өзім 1939 жылы Каганович колхозына 2 жылқы, 1 түйе, 3 сиырымды салып кіріп едім. 1940 жылы үлкен балам Шоңай стансасына жұмысқа тұрып, сол себепті колхоздан шығып кеттік. Енді бұл колхоз көшейін деп жатыр. Бүкіл тумаларым бірге кетпек. Мен де осы колхоздан қалғым келмейді. Сондықтан менің де көшуіме рұқсат етіп, өзге колхоз мүшелерімен бірдей жәрдемақы беруіңізді сұраймын» деп жазады Сары Томанов. Жинақта осы сынды құжаттар көп. Сондай-ақ еріксіз көшкен халықтың бүгінгі ұрпақтары үшін, зерттеушілер үшін аса қажет мәлімет – әр ауылдан көшкен азаматтардың тізімі, отбасылық мәліметтері, жиналыс хаттамалары да барынша толық берілген.

Осы кезге дейін Азғыр, Капустин Яр полигондарының жергілікті халық денсаулығына тигізген зардабы мен экологиялық қасіреті жөнінде баспасөз бетінде талай мәселе көтерілді. 1992 жылы Батыс Қазақстан облысында «Нарын» қоғамдық қозғалысы пайда болды. Қозғалыс жетекшісі Кәкен Көбейсінов Қазақстанның батыс айма­ғында шамамен 29 ядролық жарылыс жасалғанын, оның 10-ы әуеде болғанын анықтап, 1994-2005 жылдар аралығында полигонның аймақтағы экологиялық зиянды әсерін анықтау мақсатында 13 ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргі­зілген болатын. Алайда осы кезге дейін қазақ халқының туған жерінен ерік­сіз қуылғандағы көрген азабы мен әлеу­меттік зардабы ашық көрсетілген емес. Бақтылы Боранбаеваның еңбегі осы қырымен өте құнды.

1952 жылы 11 шілде күні Теректі ауыл­дық кеңесіне қарасты 3 колхоздың 223 отбасындағы 724 адамы, 44 сиыр, ірі мүйізді 33 жас мал, 7 қой, ешкі 43 вагонға тиеліп, Сайхын бекетінен Оңтүстік Қазақстан облысына жол тартады. Дәл осы көште болған 15 жасар Қайрат Жұмағалиевтің айтуынша, пойыз Шымкентке дейін тура 17 күн жүрген. «Жолда кез келген бекетке тоқтаймыз. Қашан қозғаламыз, қайда барамыз, ол жағы беймәлім. Ырғатылып келіп пойыз тоқтағанда, жапа-тармағай түсе қалып, самауыр жағып, шай қайнатып ішеміз. Кейде шай қайнағанша пойыз жүріп кетіп, ыстық суды жерге төге салып, әрең ілінеміз. Қозғалған пойызға асығыс отырам деп жүріп, бір адам темір дөңгелекке басылып қаза тапты. Ал оңтүстікке жеткен соң ол жақтың ыстық ауасы мен суына үйрене алмай, қарт адамдар мен жас балалардың іш сүзегі ауруына ұрынып, қынадай қырылды. Біздің бәрімізде паспорт жоқ, құжатымызды жинап алған. Адам санатында емеспіз. Ешқайда кете де алмаймыз» – Қайрат ағаның осы естеліктерін тебіренбей оқу мүмкін емес.

Таратылған Орда мен Жаңақала аудан­­дары халқының бір бөлігі Оңтүстік Қа­зақстанға көшірілсе, бір бөлігі облыстың әр аумағына бытырап кетті. Мәселен, Орда ауданының Азғыр, Батырбек, Сүйіндік, Лабай ауылкеңестері көршілес Гурьев облысына (қазіргі Атырау) беріледі. Қасымтау және Талап ауылдық кеңестеріне қарасты «Көсем», «Бастауыш», «Энгельс», «Талап», т.б. колхоздарының халқы мал-жанымен Чапаев, Жаңақала аудандарына қоныс аударылды. Жаңақала ауданынан көшірілген Шалқар ауылдық кеңесінің «Бостандық» колхозы Чапаев ауданы Еңбек ауылдық кеңесінің «Коммунизм» колхозымен біріктіріліп, «Коммунизм» колхозы аталды. Орда ауданының Куй­бы­шев атындағы колхозы Чапаев ауда­нының «Советская степь» колхозымен біріктіріліп, Куйбышев атауы берілді. Орда ауданы Талап ауылдық кеңесінің Энгельс атындағы колхозы Чапаев ауданы Кожехар ауылдық кеңесі колхозымен біріктіріліп, ірілендірілген колхоз Родник-Новый аталды. Жаңақала ауданынан көшірілген «Алғабас» колхозы Чапаев ауданы Бірінші май атындағы колхозына қосылды. Орда ауданынан көшірілген «Бастауыш» колхозы Чапаев ауданы Ворошилов атындағы колхозбен біріктірілді. Орда ауданы Чапаев атындағы колхоз Чапаев ауданы Ленин атындағы колхозға қосылды. Орда ауданы «Көсем» колхозы Чапаев ауданы Киров атындағы колхозбен бірігіп кетті. Бір облыстың ішінде дегенмен, көшкен халықтың әлеуметтік ахуалы алғашында өте қиын болды. Алдын ала дайындықсыз көшірілген жұртты орналастыратын баспана болмай, көп отбасы мал қораларында, жерден қазылған жертөлелерде тұрған...

Иә, бейбіт күнде атамекені әскери сынақ алаңына айналып, елінен еріксіз қуылған халықтың қайғы-қасіретін көрсеткен «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы» атты жинақ ел тарихында елеусіз қалып келген тағы бір ақтаңдақтың орнын толтырып отыр. Қазақстанда саяси репрессия құрбандарын толық ақтау жөнінде бұрын-соңды болмаған жұмыстар қолға алынған тұста атқарылған бұл істің маңызы өте үлкен. Бүгінде 1952 жылғы депортация куәгерлері аз қалды. Батыс Қазақстан облысында Нәсіпқали Иманғалиұлы бастаған бір топ азамат осы оқиғадан зардап шегушілердің қоғамдық ұйымын құруға талпынуда. Бұл да құптарлық қадам. Капустин Яр полигонында ядролық жарылыстар әлдеқашан тоқтатылғанымен, Нарын құмының көп бөлігі әлі күнге дейін Ресей зымырандарының сынағы астында жатыр. Ендеше Нарыннан көшкен елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдау тоқталмақ емес.

 

Батыс Қазақстан облысы