Қазақстан • 01 Маусым, 2022

Кісілік формуласы

225 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ерен еңбегімен қоғамнан өз орнын тапқан қайраткер азаматтың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы. Ол – 1947 жылы 5-маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Талдыбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектептің сегізінші сыныбынан соң, Түркістандағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны бітірген соң туған ауылында спорт нұсқаушысы, комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады.

Кісілік формуласы

Өндірісте жұмыс істеп тәжіри­бе жинақтаған ол 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақтың мемле­кеттік университетінің заң факуль­тетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 1974 жылы үздік бітіріп, арнайы жолдамамен Шымкент облыстық сотына тәлімгер болып барады. Тәжірибелі мамандардан үйрене жүріп, судьялық қызметтің қыр-сырын тез меңгеріп алған алғыр жас маман 1975 жыл­дың қазан айында облыстық сот­тың мүшесі болып сайланып, 12 жыл бойы облыстық сот судьясы ретінде мінсіз қызмет ат­қа­ра­ды. Ұйымдастырушылық қа­рым-қабілетімен көзге түскен Бекет Тұрғараевты Шымкент қала­­­сын­дағы Дзержинский аудан­дық халық сотына басшылыққа жі­береді.

Ол – кеңестік дәуірде ер жетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен, уақыт талабын сергек сезіну қабілетімен жастайынан атқа қонып, ел басқару ісіне араласты. Қандай қызмет жүктелсе де қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, өзіне сеніп тапсырылған саланы жетістіктерге жетелеп кетуде ұйымдастырушылық қасиетін көрсетті.

Оның бойында үлгі тұтатын қасиеттер өте көп. Өзгелердің қы­зы­ғатыны да ерекше әділдігі мен парасаттылығы. Кейбіреулер ша­руаның басын сәл-пәл қайырса болды кеуде қағып, омыраулап шыға келсе, Бекең сабырлы да сырбаз мінезінен ауытқыған емес.

Білімді де жігерлі төраға жаңа қызметінде өзінің іскерлігімен қоса ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Халықтың құқықтық сауа­тын жетілдіру мақсатында сот жанынан қоғамдық негіздегі халық университетін ашып, халық заседательдері мен аудандағы бар­лық сала қызметкерлерін атал­мыш университетке тартып, олардың құқықтық білімін терең­детуіне жол аша білді. Еліміз бо­йынша тұңғыш рет аудандық сот жұмысының негізінде облыс­тық, республикалық, халық­ара­лық семинар-кеңестер өткі­зуге бастамашылдық танытты. Жүр­гізілген жұмыстар нәтиже­сінде аудандық халық соты респуб­ликаның үлгілі базалық соты деп танылып, Әділет министрлігі сот­тың жұмыс тәжірибесін республика судьялар қауымдастығы арасында кеңінен насихаттауға қаулы қабылдады.

Жемісті жұмыстар бағаланбай қалған жоқ. Бекет Тұрғараұлына 1989 жылы оған «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген заңгері», деген құрметті атақ берілді.

Бекет Тұрғараұлы 1992 жылы 16 қаңтарда Шымкент облыстық сотының төрағасы боп сайланды. Үлкен сенімге ие болып облыс­тық сот тізгінін қолына алған ол өзінің бай тәжірбиесі мен күш-қуатын облыстық соттың жұ­мысын жақсартуға жұмсады. Облыс­тық сот ғимаратын қайта жөн­деуден өткізіп, компьютерлік жүйе енгізіп, судьялардың іс қа­рау тәжірбиесін арттыруға мол септігін тигізген әдістемелік каби­неттер ашты. Сот мәжіліс зал­дарының ардақты билеріміз Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің атымен аталуы судьялардың рухын көтеру мен бірге халық көкі­регіне сол даналардың бүгінгі ізбасар­ларына деген құрмет сезімін оятты. Халықтың құқықтық сауатын ашу мақсатында облыстық соттың құрылтайшылық етуімен «Заң және заман» газетін ашты. Газет редакциясын облыстық сот ғи­маратына орналастырып, оны түгел техникалық керек жабдық­тар­мен қамтамасыз етті. Бұл Рес­пуб­­лика көлемінде тұңғыш рет қол­ға алынған құқықтық басылым еді.

Шымкент облыстық соты­ның сот, құқықтық реформаны жүзеге асырудағы осын­дай үлгілі тәжірибесі Қазақ­стан Рес­публикасы Әділет минис­трлі­гінің шешімімен 1994 жылы респуб­ликалық базалық сот деп танылды.

Бекет Тұрғараев 1996 жы­лы қаңтар айында Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Бас Прокуратурасының құқықтық-ақпарат басқармасының бастығы болып тағайындалды. Жиырма жыл жинақтаған мол тәжір­биесін жаңа қызметінде кеңі­­нен пайдаланып, заңдарды жүйе­леу, оны аудандық, облыстық проку­ратураларға таратып, оны жедел жүзеге асыруды ұйымдас­тырды. Б.Тұрғараевтың бастамасы бойынша, республика про­ку­­ратурасының «Заң және заман» қоғамдық-саяси, ғылыми-құ­қықтық журнал дүниеге келді.

1998 жылдың сәуір айында Бекет Тұрғараев Әділет минис­тр­лігінің шақырумен министрліктің сот жұмысын ұйымдастыру де­пар­таментінің директоры болып тағайындалады. Бұл қызметінде де, ол өзінің бай тәжірибесі мен үлкен беделге ие болады. Әділет министрлігі жасаған жоба негізінде «Атқарушылық іс жүргізу» туралы толыққанды заңның шығуына және оған кейіннен түзетулер мен толықтырулар енгізілген тұста да, білікті заңгер ретінде өзінің мол үлесін қосады.

Аталмыш заңды ғылыми тұрғы­дан дамыта отырып, «Атқару­шы­лық іс жүргізуді ұйымдаст­ы­р­у мен дамыту туралы», деген тың тақырыпта 2002 жылы кан­ди­даттық диссертация қорғап, саланы одан әрі тереңдете зерттей келе 2007 жылы «Атқарушылық іс жүргізу құқығының теориялық проблемалары», деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап шығады.

1999 жылы Бекет Тұрғараев Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып та­ғайын­­­­далады. Облыстың сот са­ла­сындағы жұмыс бір жүйеге түсіріледі. Соның нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы сот­тары республика бойын­ша жақсы көрсеткіштерге қол жет­­кізеді. 2003 жылы ол «Құр­мет» орденімен марапатталып, осы жылы Республиканың «Құр­метті судьясы» атанады. Бе­кет Тұрғараевтың іскерлігі мен ұйым­дастыру қабілетін бағалаған судьялар қауымдастығы оны рес­публика судьялар Одағының төрағасы етіп сайлайды. Ол бұл қоғамдық міндетті де, шебер үйлестіре білді. Судялар беделін арттыру бағытында көптеген тың іс-шаралар атқарды. Судьялар қауымдастығының алдындағы осы секілді және басқа да зор еңбектері ескеріліп, ол Одақтың ең жоғарғы марапаты – «Үш би» белгісіне ие болды.

Әлемдегі басқа халықтар сияқ­ты біздің қазақ халқы да әділет­тілік пен бақытқа жету жолында ғасырлар бойы күресіп келгені тарихтан белгілі. Сол күрес жолында халқымыз қаншама қасіретті тағдырды бастан кешкенін өкініш­пен еске ала отырып, тәуелсіз­дігі­міздің 30 жылында бабалар арма­ны­­ның оындалғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Қоғамның осы зәрулігін сезген Бекет Тұрғараұлы ешбір шақырусыз өз бастамасымен рухани салаға ден қояды. Бар білімі мен бойындағы зор ұйым­дас­тыру­шылық қасиетін осы жолға салды.

Сондықтан ол халықаралық деңгейде өтіп жататын ауқымды іс-шараларға да қолдау көрсетіп келеді. 2003 жылы «Қазақстанның Ресейдегі жылы» аясында Ресей ғалымдары мен заңгерлерінің қа­ты­суымен «Сот реформасы және оның перспективалары», де­ген тақырыпта Мәскеуде бір­­лесіп өткізген ха­лық­аралық кон­­фе­ренцияның жо­ғарғы дең­гейде өтуіне мол үлес қос­ты. Қа­сиет­ті Түркістанның 1500 жыл­дық мерекесіне орай, қа­зақ­­тан шық­қан тұңғыш дипломат Нәзір Төре­құловқа арналған халық­аралық конференция қарса­ң­ында баспасөз бетінде ғылы­ми мақалалар жариялап, іс-ша­ралардың өз деңгейінде өтуіне жан-жақты азаматтық үлесін қос­ты. Киелі өлкенің кіндігі Қазы­ғұрт ауданының 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде көп­шілік құныға оқып, құмардан шық­қан, ел игілігіне айналған «Қазы­ғұрт» атты тарихи-таным­дық энци­кло­пе­диясының шы­ғуына, сон­дай-ақ «Оңтүстік Қа­зақ­стан» эн­ци­кло­педия­сының да жарық көруіне көмек қолын созып, демеушілік жасады.

«Туған жерге туыңды тік!», де­ген қағиданы басшылыққа алған Б.Тұрғараев «Туған жерге тағ­зым» атты акция өтуге бастамашы болып, Қазығұрт ауданы, Талдыбұлақ елді мекеніндегі өзі тұңғыш рет есігін ашқан бастауы­ш мектепті жаңадан тұрғызып, оны 9 жылдық орталау мектепке ай­налдыруға атсалысты. Мектепті толық компьютерлендіріп, қазақ ақын-жазушыларының шығарма­ларымен мектеп кітапханасының негізін қалап берді.

Оның – меценаттығы бір бөлек, ал ағартушылығы іргелі істерден тұрады. Бекет Тұрғараев Солтүстік Қа­зақстан облысында қызмет істе­ген жылдарында Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Мә­дени мұра» бағдарламасының іске асуына атсалысты. Ол «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорын құрып, қазақ халқының даңқты батыры, қолбасшысы, жырау Қожаберген Толыбайұлының атақты «Елім-ай» жырын және та­ғы да басқа шығармаларын жа­рыққа шығарып, жыраудың ел өміріндегі елеулі кезеңде, отанды қорғауға елді көтеріп, қаһарлы жау жоңғар қалмаққа қарсы тұрып, туған жерді қорғауға орасан зор үлес қосқан ұлы тұлға екенін халыққа жеткізіп, мол мұрасын мирас етіп қалдыруға ықпал етті. Солтүстік Қазақстан өңірінде «Өлке тарихы, тұлғалар тағдыры» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіп, сол өлкеде туып-өсіп, азаттық пен бостандықты аңсаған отаршылдыққа қарсы күрескен көптеген ұлы тұлғаларды ел есіне түсіріп жарыққа шығарды.

Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Бір­жан сал, Сегіз Сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаевтардың ұлты­мызға сіңірген еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығарып, халыққа, мәдени ошақтарға, мектептер мен жоғары оқу орындарына, республика көлемінде кең таралып, оқырман қолына же­туіне демеушілік үлес қосты. Шал ақынның, академик Ев­ней Букетовтың, Қожаберген жырау­дың ескерткіш бюстерін туған жерлерінде орнатып, халқымен қауыш­тырды. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәли­хановтың Айыртау ауданы, Сы­рымбет ауылында орналасқан «Айғаным» мұражайындағы кі­тапхана қорына материалдық, мо­ралдық қолдау көрсетіп, кі­тап қорының артуына қолұшын берді. Жамбыл ауданының ор­талығы Пресновка селосында Қо­жа­берген алаңын ашып, сол жер­дегі қазақ мектебіне атын бергізіп, мұражайын ашты. Алаң­ға Қожабергеннің мәңгілік ес­керт­­кішін қойып, ұлы тұлғаны ұлықтаудың үлгісін көрсетті. Атақ­ты Тоқсан бидің жерленген жерін тауып, басына кесене тұрғызды. Сол маңдағы Западное селосының атын өзгертіп, Тоқсан бидің атымен ататып, Петропавл қаласында бидің атына көшенің атын бергізді. «Бабалар сөзі ақылдың көзі», деген кітап шығарып, Тоқсан би бастаған дуалы ауыз шешендер мен билердің ел аузындағы дана­лық сөздерін жинақтап, танымды, тартымды кітапты халыққа ұсынды.

Еліміздің жергілікті ұлт өкіл­дері азшылық болып, басқа ұлт өкілдерінің басымдылығынан мүл­де жойылуға жақын қалған ана тілімізге араша түсіп, көптеген істерді атқарды. Тіл туралы «Са­намызға сілкініс керек», деген көлемді ғылыми мақала жазып, «Еге­мен Қазақстанға» жариялап, тіл проблемасын шешудің жолда­рын көрсетті. «Мәдени мұра» бағ­дарламасын Солтүстік Қазақстан өңірінде іске асыруға қосқан орасан зор еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат» орденімен марапатталды.

Маңғыстау облысында қыз­метте болған кезде өлкенің мәдени іс-шараларына да елеулі үлес қосты. Маңғыстау облысының 40 жылдығына, Ақтау қаласының 50 жылдығына байланысты «Маң­ғыстау ақын жазушыларының шы­ғармашылық кітапханасы» та­қырыбымен 50 томдық кітап шығаруға тікелей ұсыныс жасап, үлкен ұйымдастырушылық істің басында болды. Каспий инженеринг технология университетінде қазақтан шыққан тұңғыш дип­ломат Нәзір Төреқұловтың 120 жыл­дығына орай халықаралық ғы­лыми конференция өткізді.

Мемлекеттің ел мүддесі үшін жасап жатқан стратегиялық жос­парларды жүзеге асырудағы бір­ден-бір авангардтық күш – идео­логия. Осы ойды жүзеге асыруда қаншама істер атқарылды. 2012 жылы Астана қаласында өткен халықаралық ат бәйгесіне «Адай» жылқысынан 5 арғымақты жібертіп, оның бәйгеге қатысуына жағдай жасады, нәтижесінде жаңа­өзендік атбегілер бас бәйгені жеңіп алып қайтты. Сол жылы күзде бәйгеден озып келген тұлпарларды Рязань қаласында өткен дүние­жүзілік ат бәйгесіне қатысуға жағ­дай жасады.

2013 жылы мамыр айында ұлы жырау Қожаберген Толыбай­ұлының 350 жылдығына орай, Ал­маты қаласында Қазақстан Респуб­ликасы ғылым академиясында «Қожаберген жырау ұлы дала дауысы» атты халықаралық конференция өткізіп, одан соң маусым айының жиырмасында Астана қаласында Евразиялық университеттің үлкен мәжіліс залында 600 жүзден астам делегат қатысқан «Ел тұтастығы үшін кү­­рескен қаһарман тұлға –

Қо­жа­­берген жырау» атты респуб­ли­калық ғылыми практикалық кон­ференция өткізді. Республика тәуел­сіздік сарайында Қожабер­ген­нің 350 жылдығына арналған кон­ференция делегаттарына ас берілді. Одан соң мерекелік шара­ның Солтүстік Қазақстан облысында жалғасып, жыраудың туған жерінде тойлануын ұйымдастырып басшылық жасады. Конференция қорытындысы бойынша ғылыми-танымдық «Мәңгілік елдің – мәң­гілік жыршысы», деген көркем бе­зендірілген кітап шығарылып, рес­публика оқырмандарына қайы­рымдылық ретінде кең таратылды.

Бекет Тұрғараев қазақ ханды­ғының 550 жылдығына орай Қожа­берген жыраудың «Елім-ай» дас­танын шығарып, оқырманға кең таратты.

Бекет Тұрғараев Оңтүстік Қазақ­стан облысының Қазығұрт ауда­нының тумасы. «Туған жерге туыңды тік!», деген қағиданы басшылыққа алып, Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай Қазығұрт ауданы, Сарапхана селосында «Баба­лар рухына тағзым» кешенін ашып, Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған 384 боздақтың атын алтын әріппен, қара мраморға жаздырып және соғыстан келіп адал еңбекке араласып, дүниеден өткен 190 арда­гердің де атын жаздырып, олар­дың Ұлы бабасы «Түгейболат» бабаға арналған 21 шаршы метрлік алып ескерткіш монумент пен тағзым сағанасын тұрғызды.

Бекет Тұрғараев өзінің бүкіл саналы өмірінде елге қызмет етуді алдына мұрат етіп қойған азамат. Ол 2015 жылы қазан айында 1681-1684 жылдары Сайрам қаласына шабуыл жасаған қалмақ-жоңғарларға қарсы тұрып ел қорғаған, қасық қаны қалғанша соғысып, ерлікпен қаза тапқан, қазақ халқының даңқты батыры Тілеу Айтұлы мен оның баласы Жолдаяқтың ер­лігін паш ететін ат үстіндегі ай­бынды ескерткішті Шымкент қаласын­дағы Қажымұқан атын­дағы стадионның маңына орнатуға айрықша үлес қосты.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» атты тарихи бағ­дарламалық сөзін басшы­лыққа алып, туған жері Сарапхана ауылындағы тарихи орын «Бабалар рухына тағзым кешені» маңынан бөлінген 2 гектар жерге жастар саябағын ашып, оған 1000 түп түрлі ағаштар отырғызып, жарық ор­­натып, тротуар салып, гранит тасқа ұлы Абайдың қара сөзде­рінен жастарға тәрбиелік ұғым беретін қасиетті қара сөздер жаз­дыр­­ды, орындықтар қойғызып, гүл­­зар баққа айналдырды. Міне, ағар­ту­шылық құндылығының сыйы!

Қазақ халқының тарихында елеулі орын алған Орбұлақ шай­қасы жеңісінің 375 жылдық ме­рейтойының қарсаңында (Ал­ма­ты облысы Панфилов ауданы) Қос­қолаң тауының етегіндегі Сары­­­­­­белде жатқан ұлы қолбасшы Салқам Жәңгір хан мен оның 56 батыр сарбаздары жатқан жер­ді қоршатып, ханға лайықты ес­керткіш белгі қойды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент ха­лықаралық күре жолдың бойын­да, биік төбе басына ұлы қа­һар­мандар – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, олар­дың ат үстіндегі айбынды ескерт­кіштерін орнатты.

Бекет Тұрғараев үстіміздегі жылдың 5 маусымында 75 жасқа толмақ. Қазақстан республика­сының құқық саласына, прократура сот жүйесіне және елдің рухани – мәдени өміріне елеулі еңбек сіңірген асыл азамат әлі де қатарда. Еліміздің мәдени-рухани саласына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері», деген құрметті атақ бе­рілді.

2018 жылы бірінші желтоқсанда Алматы облысы, Панфилов ауда­ны­­­ның орталығы Жаркент ауылында «Орбұлақтағы» ұлы жеңіс­тің 375 жылдығына орай «Бөлек батыр» орталық саябағында ес­керт­кіш монумент ашылып, ғы­лыми конференция өтті. Осы жиында Бекет Тұрғараевтың «Орбұ­лақтағы» ұлы жеңістің батырларын мәңгі есте қалдыруға жасаған еңбектері ескеріліп, оған «Панфилов ауданы­ның құрметті аза­маты» деген атақ берілді. Түр­кістан облы­сының «Жомарт жүрек» және «Жыл­дың тұлғасы» сый­лығымен марапат­­талған. Та­рих, заң, әдебиет пен мә­дениетке жалпы ғылымға сіңір­ген еңбегі жоғары бағаланып, «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі», деп сайланды.

 Шымкент қаласында М.Әуезов университетінде Алматы, Астана қалаларының тарихшы, саясаткер ғалымдары және Самарқан, Бішкек қалаларынан тарихшы ғалымдар шақырылып «Ұлт та­рихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңы­зы», деген халықаралық ғылыми конференция өткізді. 2019 жылы 27 сәуірде қазақ халқының даңқты билері Төле, Қазыбек, Әйтекеге арнап, Әйтеке бидің 375 жылдығына орай, «Ұлы дала даналары», деген үш бидің ескерткішін орнатуға бастамашы болды. 2020 жылы Созақ көтерілісінің 90 жылдығына орай Созақ селосындағы Қарабура кесенесінің маңынан «Жастар» саябағын ашып, оның ішіне «Созақ қасіреті» мемориалы ашылып, оның тарихи сипатынан түсінік жа­зылған көк тасты көрнекті жеріне орналастыруға атсалысты.

Созақ өңірінен шыққан атақты халық күйшісі Сүгір Әліұлының да ескерусіз қалып келе жатқанын еске алып, оның ескерткіш монументін Шымкент қаласының бір көрнекті жеріне орналастырумен ұзақ уақыт айналысып, қала басшылығына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, домбыра күніне орай Сүгір ескерт­кішін ашуға атсалысты. Шымкент қаласында айтылған ескерткіш орнатылды.

«Жеті жарғы және Қожабер­ген жырау» халықаралық қоғам­дық қайырымдылық қоры «Мәң­гілік ел» саябағы – кесене-ескерт­кіштер кешені мен ондағы орналас­тырылған кешендер мен кесенелер ескерткіштер бюджеттен тыс, қайырымдылық қаражатпен орнатылды. Осылардың бәрінде Бекет Тұрғараұлының қолтаңбасы бар.

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат», деген бағдарламалық мақаласында «Елге қызмет етудің озық үлгісін көр­сеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар азаттық жолында құрбан болды. Алаш қайрат­керлерінің мұрасын жастары­мызға және бүкіл әлемге паш етуі­міз керек», деген қағидалы сөзін іс-жүзінде орындау үшін, «Мәң­гі­лік ел» саябағына Алаш арыс­тары­ның ескерткіш мүсіндерін қойып, жастарға үлгі етуде де оның еңбегі зор. Сондай-ақ қазақ халқының даңқты, батыр балуаны Қ.Мұңайтпасовтың туыл­ғанына 150 жыл толуына орай, әсем ескерткіш бой көтерді. Бұл атқа­рылған жұмыстың бәрі туған жерге тағзым ету аясында және еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай атқарылды. Сондықтан да «Мәңгілік ел» саябағы – кесене-ескерткіштер кешені өзінің мазмұн-мақсатымен, үйлесімдігімен, биік сапалы орындалған өнер туындысы ретінде және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың озық үлгісі ретінде қызмет етуде.

Бекең 2021 жылы қазан айында Созақ ауданында «Созақ қасіреті мемориалы» ескерткішінің ашылуына белсене араласып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» комиссиясының жұмысына да белсене араласты. Осылардың бәрін ол ешқандай ақысыз-пұлсыз атқарды. Кейбір жандар шаруаның басын сәл-пәл қайырса болды, кеуде қағып, омыраулап шыға келсе, Бекең сабырлы да сырбаз мінезінен еш ауытқыған емес. Осы даналықтан нәр алған Бекең де өз өмірінде асып-тасқанды білген емес. Бүгінде бізге үлгі болып жет­кен сауапты істердің бәрі – сол заманнан көшкен ғибраты мол құн­дылықтар.

Халқымызда «Ай ортақ, Күн ортақ, жақсы ортақ», деген сөз бар. Ананы хан көтерген, әкені бас уәзір еткен бауырды жарастырып, ағаны табыстырып, елшілік етіп жүрген Бекет Тұрғараұлы асып-тасқан емес. Жаны таза, адамгершілігі мол, жүрек-құмырасы жауһарға толы азамат бүгін де белсенді.

 Халықаралық «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» қоғамдық-қайырым­дылық қорының төр­ағасы, Қазақстанның еңбек сіңір­г­ен қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының еңбек сіңірген заң­гері – құрметті судьясы, заң ғылым­дары­ның докторы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасының Ұлт­тық Ғылым Академиясының құр­метті мүшесі.

Қазіргі кезде Қазақстан Респуб­ли­касы ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төралқа мүшесі болып және Жоғарғы сотымен ардагер­лер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы өзара ынты­мақ­тастық туралы келі­сім негізінде татуласу рәсімдерін реттейтін «Дә­не­кер» қанатқақты жо­ба­сының же­текшісі болып қыз­мет атқарады.

Кісілік келбеті жоғары адамдар көп болған сайын, елдік қасиет те тамырын тереңге жая түсетіні анық. Өзін сыйлағынды өзгелер де құрметтейді. Бірақ ол үшін сыйлата­тын дәрежеге жету керек.

 

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,

Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы,

Түркістан облысының құрметті азаматы