Туризм • 01 Маусым, 2022

Туризмнің дамуын тежемеген дұрыс

604 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елімізде ішкі туризм жақсы дамып келеді. Мәселен, былтыр отандық туристер саны 50 пайызға артты. Бұл – 6,9 млн адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға көп. Демек, ішкі туризмнің дамуын тежеу маңызды.

Туризмнің дамуын тежемеген дұрыс

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ұлттық парктерге келушілер көбейді

Осы аптадағы Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселесі талқыланды. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың пікірінше, былтыр Іле Алатауы, Көлсай, Шарын сияқты ұлттық парктерге келушілер саны еселеп өскен. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді құрады. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсектік орынға жетті. Бір ғана Түркістан облысында 40 қонақүй са­лынды. 2021 жылы туризм саласында көр­сетілген қызметтердің көлемі 109 млрд теңгені құраған. Өсім бар. Ол отандық туристер санының артуымен байланысты.

– Салада инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінде өңірлерде туризм инфрақұрылымының жалпы қажеттілігі 870,5 млрд теңге болатын 244 жобаны құрады. Басым туристік дестинациялар инфрақұрылымдық жобаларының қажеттілігі – 422,8 млрд теңге болатын 178 жоба. Дестина­ция­ларда инфрақұрылым салудан басқа, маршруттар бойындағы инфра­құры­лымның дамуына назар аудару, сондай-ақ туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамыту қажет. Ел бойынша «Қазақстанның Гранд-туры» негізіне кіретін бес басым бағыт айқындалды. Бұл қазірдің өзінде сұранысқа ие бағыттар, – деді Мәдениет және спорт министрі.

2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 564,4 млрд теңгені құрапты. Жоспарланған көрсеткіштерге 8 өңірде қол жеткізілген. Биылғы қаңтар-сәуірде салаға 75,6 млрд теңге тартылған. 2022 жылғы жоспар – 1 трлн теңге.

Биыл 1 қаңтардан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шара­лары қолданысқа енгізілді. Оларды же­тілдіру мақсатында министрлік Мә­жіліс депутаттары бастамашылық еткен туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр.

– Қазіргі уақытта 25 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. 74 елге визасыз режім жүйесі бар. Құрлық шекаралары ашылды. Таяу келешекте визалық режімді одан әрі либерализациялау міндеті тұр, – деді Д.Абаев.

Министр туристік саланы цифрлан­дыру аясында жұмыс жалғасып жат­қанын айтты. Қазіргі уақытта eQonaq жүйесінде республика бойынша 3 123 орналастыру орны тіркелген. 159 320 шетелдік турист тіркеуден өткен.

– Туризм нысандарының, гидтердің, туркомпаниялардың, жол бойындағы сервистердің жұмыс сапасын бағалау үшін шағымдар мен пікірлерді қабылдай­тын цифр­лы модуль құрылды. Алынған ақпа­рат туристік өнімдердің сапасын бақылау, өңірлердің рейтингтерін құру, кемшіліктерді анықтау және нақты шешу үшін пайдаланылатын болады, – деді Д.Абаев.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Қазақ­станда білікті гидтердің жетіспеушілігі байқалады. Оларды дайындау және сертификаттау жүйесі жаңғыртуды талап етеді. Осы мақсатта гидтердің бірыңғай тізі­лімін цифрландыру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Платформа гидті тір­кеу­ге, сертификаттауды растауға, жұ­мыста пайдалану үшін QR код пен бейдж алуға өтініш беруге мүмкіндік бере­ді. Бұл жүйе – гидтер мен экскурсия жетек­ші­лерін іздеу мүмкіндігі бар толыққанды деректер базасы. Ал QR-кодтар жүйесі өз кезегінде белсенді емес гидтерді анықтауға және тізілімнен шығаруға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік экономикалық форум­ның нұсқасы бойынша жақында жария­ланған жаһандық туризм рейтингінде Қазақстан 80-орыннан 66-орынға көтері­ліп, өз позициясын жақсартқанын атап өткен жөн.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ұлттық парктер аумағында экологиялық туризмнің дамуы туралы баяндады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 млн гектарды құрайтын 14 ұлттық парк бар. Соңғы жылдардағы статистика туристер санының өскенін көрсетеді. Мәселен, 2021 жылы ұлттық парктерге келген туристердің саны шамамен 1,5 млн адамды құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 40 пайызға көп.

– Ұлттық парктер аумағында халық­а­ралық тәжірибені ескере отырып, жаңа маршруттар және соқпақтар салу арқылы экотуризм дамып келеді. Бұл ретте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ этноауылдары мен керуен-сарай салынуы көзделуде. Осыған байланысты барлық ұлттық табиғи парк­тер жүйесін дамытудың бас жоспарлары бекітілді, кейбір парктер бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді министр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов туризмнің өте перспективті сала екенін атап өтті. Пандемияға дейін туризм саласына жаһандық қызмет көрсету экс­порты­ның 30 пайызы, әлемдік инвес­тиция­лардың 7 пайызы және салық түсім­дерінің 5 пайызы тиесілі болды. Басқа жағынан, бұл фактор ішкі туризм­ді дамытуға үлкен септігін тигізді. Қазақ­стандағы туристік объектілерге қызығушылық артып келеді. Сондықтан Үкімет басшысы туристік әлеуеті жоғары өңірлерде инфрақұрылым мен сервисті дамыту қарқынын одан әрі күшейту қажет екенін айтты.

Сондай-ақ экотуризм объектілеріндегі қыз­мет көрсету инфрақұрылымын дамы­тудың маңызы зор. Оны іске асыру ке­зінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тардың экожүйесі қатаң сақталуға тиіс.

Ә.Смайыловтың пікірінше, кейбір туристер демалатын жерлерге әуе және темір жол тасымалының болмауы, демалыс маусымында жол қатына­сы­ның қиындығы туризмнің дамуын тежеп отыр. Осы­ған байланысты Индустрия және инф­­ра­құрылымдық даму министрлігі ин­те­рмодалдық жолаушылар тасымалын дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеп, авиа, авто және темір жол көлік­терінің ыңғайлы қиылысқан бағыттарын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ ту­рис­тік сала мамандарын кәсіби даяр­лау­ға жүйелі тәсіл керек екені айтылып жүр.

– Қолданыстағы бағдарламалар туризм саласының нақты қажеттіліктеріне сай келмейді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты, оның ішінде Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында күшейту қажет, – деді Ә.Смайылов.

Жалпы, Үкімет басшысы туризм саласы­ның дамуында оң динамика бар екенін, осы орайда келесідей мәселелерге көңіл бөлу керек екендігін атап өтті. Бірін­шіден, туристік объектілерді инже­нерлік инфрақұрылыммен уақтылы қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет. Екіншіден, туристердің қауіп­сіз­дігі мен қызметтердің сапасын арт­тыру­ды көздейтін туристік өнімдер ұсы­­ну жөнінде кешенді жұмыстарды ұйым­­дас­тыру маңызды. Үшіншіден, Иман­тау-Шалқар курорттық аймағын дамы­ту жоспарын бекітіп, ондағы шаралар­ды іске асыруға кірісу керек.

– Туристерге қызмет көрсету сапасына назар аудару керек және де био­туа­­леттер мәселесі шешілуге тиіс. Бұл ту­рис­тер санының өсуіне ықпал етеді. Отан­дық және шетелдік туристер көбіне дәл осы сервистің нашарлығын айтып, шағым­данады. Сондықтан бұл мәселені мұқият пысықтау қажет, – деді Үкімет басшысы.

Бар жақсылық – балаларға

Сонымен қатар Үкімет отырысында Балалар жылын ойдағыдай өткізу мәсе­лесі қаралды. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринованың айтуын­ша, Балалар жылы аясында мектеп жасына дейінгі балалар үшін 34 мың орындық 322 балабақша ашылады. Биылғы 5 айда 9,4 мың орындық 130 балабақша ашылған. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99,3 пайызға жеткізілмек.

– Жекеменшік балабақшаларда орын алатын келеңсіздіктерге жол бер­меу үшін қауіпсіздік шараларын күшей­теміз. Біліктілігі сәйкес мамандармен қамтамасыз ету талаптарының орындалуын қадағалап, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтіп жатыр. Олар тәрбиелеу сапасын жақсартады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектің бірыңғай базасын құру жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет 25 мыңнан аса баланы оқу орнына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі жаңар­тылады. Әкімдіктер 515 мектеп автобусын лизингпен сатып алуда. Оған қоса, Балалар жылы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10 пайызға өскен.

– 2,4 млн оқушы қосымша білім алып жатыр. Биыл 270 мыңнан аса бала қосымша үйірме және секциялар­мен қам­тылады. Жыл соңына дейін қамту көр­сеткіші 5 пайызға ұлғаяды. Одан бөлек, биыл қазақстандық олимпиа­да­шыларға халықаралық 7 беделді олим­пиадаға қатысуға 31 толық квота бө­лінді. Алғаш рет республикалық қара­жат есебінен аталған халықаралық интел­лектуалдық олимпиадалардың жеңім­паздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтерге сыйақы бері­леді. Әлеуметтік осал отбасылардан шық­қан үлгерімі төмен 1 000 бала алғаш рет да­рынды балаларға арналған 134 мектеп­те талантты балалармен қатар оқу мүм­кін­дігіне ие болады, – деді Ш.Қаринова.

Биыл колледжге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге 45 мың орынға республикалық бюджеттен 10 млрд бөлінді. Сөйтіп, мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға ұлғайтылды. Жоғары оқу орнына баратын балаларға арналған гранттардың саны 88 214-ке артты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15 мыңға артық. Техникалық мамандықтарға грант­­тар 60 пайызға, ауылдық квота 35 па­йызға ұлғайтылды. Әлеуметтік аз қам­тыл­ған санаттарға 7 мыңнан аса грант бөлінді.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, балалар мен жасөс­пірімдердің денсаулығын сақ­тау­дағы ең маңыздысы – жүктілік кезеңі­нен бастап, балалардың өсіп-даму кезеңдерінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай жүйелі стратегиясын айқындау. Сондықтан бүгінгі таңда жүкті әйелдерді ұрық ағзалары мен жүйелерінің ақауларын анықтауға арналған пренаталдық скринингпен қамту толықтай жүргізіледі.

– Жаңа туған нәрестелердегі денсау­лық кемістігі құрылымында ағзалар мен жүйелердің ақаулары 96,3 пайызды, хромосомалық әртүрлі бұзылу 3,7 пайызды құрайды. Туа біткен ақаулардан болатын өлім-жітім нәрестелер өлімінің себептері құрылымында екінші орын алады және төмендеу үрдісі жоқ. Бұл ультрадыбыстық зерттеу мамандарының жетіс­пеушілігі мен біліктілігінің жеткі­ліксіздігіне байланысты. Респуб­лика бойынша пренаталдық скринингке арналған ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жарақтандырылуы 67 па­йызды құрайды, – деді А.Ғиният.

Жағдайды жақсарту үшін министр­лік пренаталдық скринингті жүргізу­дің жаңа қағидаларын бекітті. Пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скри­нингін өткізу стандартын әзірледі. Ультра­ды­быс­тық зерттеу диагности­касы­ның халық­аралық стандарты бойынша 150 маманды оқытқан. Биыл жоғары экс­перт-класының 50-ден астам ультрады­быстық зерттеу аппараты сатып алынбақ.

Премьер-Министр балалардың білім алып, жан-жақты дамуына, демалуы мен медициналық қызмет алуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті. Жыл сайын елімізде жүздеген мектеп, балабақша, мәдениет және спорт нысандары салынады – мұның бәрі ба­лалар­дың жан-жақты дамуы үшін қажет.

Үкімет басшысы Балаларды қорғау күні қашан да жазғы сауықтыру компа­ниясының бастамасы болғанын атап өтіп, Денсаулық сақтау министр­лігіне жаз мез­гілін барынша тиімді пайдаланып, ке­шенді шараларды қабылдауды тапсырды.

– Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияда бала­ларымыздың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету. Балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс, – деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты салалық ведомст­воларға тиісті қызметтердің жұмы­сын жұмылдырып, оқу орындарын қауіпсіздік жүйесімен жарақтандыру және жаңғырту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Оған қоса, Ә.Смайылов облыс әкім­­дік­теріне әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған санаттағы балаларды сауық­тыру шараларымен, жазғы демалыс­пен және бос уақыттарын пайдалы өткізумен барынша қамтуды тапсырды. Барлық ауылдық елді мекендерде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

– Денсаулық сақтау бойынша шалғай­дағы елді мекендерде балалардың ден­сау­лық жағдайына скринингтік және сто­матологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттер­дің жұмыс істеуіне қатысты шаралар қабылдануы керек. Одан бөлек, балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін өңір әкімдіктері жанындағы тәуелсіз Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдарын енгізуді тездету тапсырылды. Ішкі туризмді дамыту аясында балалар үшін экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру маңызды. Балаларды үйірме және секция­лармен қамту мақсатында мемлекеттік білім беру, спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша ақпараттық жүйе­лер интеграциясы қамтамасыз етіле­ді. Бұл секциялар мен үйірмелердегі нақты жағ­дайды көруге, сондай-ақ олардың қол­жетім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысы.