Экономика • 07 Маусым, 2022

«Қара тізімге» кірмейді

590 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық әуе компаниялары Еуропаның «қара тізіміне» енбейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осылай деп уәде беріп отыр.

«Қара тізімге» кірмейді

2022 жылғы 1 маусымда Еуропа­лық комиссияның Ұшу қауіп­сіз­дігі жөніндегі комитеті еліміздің авиа­циялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялады. Министр Еуропаның 27 мемлекетінің билігі отандық әуе тасымалымен айналысатын ком­панияларға кәрі құрлыққа ұшуға шектеу қоймайтыны жайында шешім қабылдағанын және еліміздің «қара тізімге» енбейтінін атап өтті.

– Еуропалық сарапшылар Қазақ­стандағы ұшу қауіпсіздігі саласында қалыптасқан ахуал мен осы тұрғыда соңғы 3 жылда ел Үкіметі тарапынан қабылданған шараларды оң баға­лады. Әрине, біз мұны үлкен жетіс­тік деп санаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Еуропалық мамандар тарапынан оң баға алу үшін көп күш-жігер жұмсалып, кешенді жұмыстар қолға алынды, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның бұған дейін «қара тізімге» кіргенін де еске салды. Атап айтқанда, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жүр­гізілген аудит нәтижесінде еліміз­дегі әуе тасымалы саласында ұйым талаптарының сақталу көрсет­кіші төмен екендігі анықталған (47 пайыз). Осыған орай Еуро­ко­мис­сия Air Astana ком­па­ния­сы­­нан өзге қазақстандық әуе тасы­малдаушыларға Еуропа ел­деріне ұшуға тыйым салған болатын.

– Туындаған жағдайдан шығу үшін 7 жылдай уақыт қажет болды. 2016 жылы шектеулер алынып тасталғаннан кейін осындай олқы­лықтар алда­ғы уақытта қайталан­бас үшін министр­лік өте ауқымды жұмыстар жүргізді, – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, сала­дағы оң өзгерістер – түбегейлі рефор­маның нәтижесі. Жүргізілген жүйе­лі жұ­мыстар еліміздің азамат­тық авиация билігінің еуропалық модельге өтуі­не тікелей ықпал еткен. Бұл үшін Үкімет пен министр­лік кешенді шараларды қолға алып, заңнаманы жетілдіру бағытында орасан зор жұмыстарды іске асырды. Нәтижесінде, Ұлыбритания­ның авиа­циялық әкімшілігімен (UKCAA) ын­ты­мақтастық орнаты­лып, нә­ти­жесінде, Қазақстанның авиа­­­ция­­лық әкімшілігі құрылды. Бұл ұйым 2019 жыл­дан бері аза­мат­тық авиация сала­сындағы бақы­лау мен қада­ға­лауды жүзеге асыруда. Басқару­дың бұл үлгісі дамыған мемлекет­терде кеңінен қолданылады және Халық­аралық азаматтық авиация ұйы­мы мен EASA тарапынан мақұл­данған.

– Жүргізілген реформа өз тиім­ді­лігін өткен жылдың тамыз айында толыққанды дәлелдеді. Себебі Халық­аралық азаматтық авиа­ция ұйымы жүргізген аудит қоры­тын­дысы бойынша Қазақстандағы ұшу кезін­дегі қауіпсіздік дең­гейі 84 пайыз­ға дейін артқаны айқындалды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жо­ға­ры. Сараптама нәтижесі бойынша еліміз Нидерланд, Бельгия, Пор­тугалия, Дания және Исландия мемле­кет­терімен бір сатыда тұр, – деді министр.

«Бек Эйр» ұшағының апатына орай өткен жылдың соңында Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі бойынша қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіргені есімізде.

– Отандық авиация саласын жаңа шектеулерден қорғау мақсатын­да Еуропалық комиссияға түзету іс-шараларының жаңа жоспарын ұсындық. Сондай-ақ біздің ве­домс­т­­воның Сыртқы істер м­инист­рлігі және Қазақстанның Бель­гия­дағы елшілігімен бірлесіп жүр­гізген тұрақты келіссөздерінің нәти­жесін­де комиссияға отандық әуе тасыма­лы­ның әлеуеті мен ондағы қауіпсіздік­ті дәлелдедік, – деді Қ.Өскенбаев.

Қазақстан тарапынан келтіріл­ген дәлелдер мақұлданып, Еуропа­лық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жө­нін­дегі комиссиясы түзету шараларын оң бағалаған. Бұл өз кезегінде отандық авиакомпанияларды «қара тізімге» енуін болдырмауға септігін тигізді.

Қайырбек Өскенбаевтың па­йымдауынша, дер кезінде қолға алынған шаралар Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі бойынша аймақтағы көшбасшылық позициясын сақтап қалуға ықпал еткен. Сонымен қатар оңтайлы шешімдер мен жүйелі жұмыстар шетелдік әуе компания­ларын тартуға және отандық әуе тасымалдаушылардың ұшу географиясы ауқымын ұлғайтуға өз әсерін тигізеді деген сенім бар.

Десе де авиация саласының са­рап­­шысы Абыл Кекілбаевтың пікі­рін­ше, қуануға әлі ерте. Азамат­­тық авиация әкімшілігі әуе қауіпсіз­дігін дәлелдей алмаса, «қара тізімге» қайта кіруіміз де әбден мүмкін.

– Қазақстан әуе компаниялары «қара тізімге» қазір енбегенімен, қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені Еуропа тарапы қойып отырған талаптардың көбі Қазақстанда әлі шешімін тапқан жоқ. Тіпті шешу жолдары да жазылмаған. Мәселе жетерлік. Соның ішінде Азаматтық авиация әкімшілігінің қаржыландыру мәселесі, ұшу жарамдылығы, эксплуатация мәселесі шешімін таппады. Оны Қазақстанның ресми өкілдері барып, өзінің іс-шара жос­парын таныстырғанда түсіндіріп, уақыт сұрап алды деп ойлаймын. Үкімет жоспарлаған іс-шараларды орындау үшін қолданыстағы бір­қатар заңнамаға өзгеріс ензігу қажет. Бұл бір жылдың ішінде бітпейді. Еурокомиссия мұны түсінген соң Қазақстанға қатысты шешімді кейін­ге қалдырды деп ойлаймын, – дейді Абыл Кекілбаев.

Сарапшының пікірінше, «қара тізімге» ену қарапайым қазақ­стан­дық­тар үшін қауіп тудырмайды. Тек компаниялар үшін бірқатар қиындық туғызуы мүмкін.

– «Қара тізімнен» қорқудың қажеті жоқ. Оған кіріп-шығып жүрген елдер көп. Ондай тәжірибе бар. «Қара тізім» тек жолаушы­лары­мызға әрі-бері ұшу кезінде кедер­гі туғызуы мүмкін. Мәселен, Air Astana компаниясы біраз уақыт «сұр тізімде» болды. Бірақ Еуропаға ұшуын тоқтатқан жоқ, тек рейстер санын көбейте алмай қалды, – дейді сарапшы.