Жауапты ведомство өкілдері жергілікті халықпен кездесіп, киікке байланысты өзекті мәселе көтерілді. Себебі Орал популяциясындағы киіктердің саны 800 мыңнан асқан деседі. Халық осының салдарынан жайылымдық жерлерде төрт түлікке азық қалмайды деп алаңдаулы.
«Киіктердің көптігінен шаруалар жапа шегіп жатыр. Жайылымға миллионға жуық киік келсе, ешқандай да шөп қалмайды. Бұлардың саны айтарлықтай көп. Қалай да азайту керек», деді Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылының тұрғыны Боранбай Айтқалиев.
Экология министрінің орынбасары киіктерді аулау үшін биологиялық негіздеме керектігін айтты. Сондай-ақ вице-министр шілдеден бастап өңірде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылатынын жеткізді. Осы арқылы Орал популяциясындағы 250 мыңдай киікті аталған аумақта ұстап тұру көзделеді.
«Бүгінде республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы қаулы шықты. Қаумалдың ауданы 314 504,1 гектарды, резерваттың ауданы 343 040,1 гектарға жетеді. Ол Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының аумағында орналасатын болады. Мұнда киіктің 250 мың басына дейін сақталады», деді Ә.Шалабекова.
Қазақстан аумағында Бетпақдала, Орал және Үстірт сияқты киіктердің әлемдік популяциясының 95%-дан астамы шоғырланған.