Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жеріміздің тұтастығы мен еліміздің мемлекеттілігін сақтау жолында патшалық Ресеймен соғысқан қазақтың соңғы ханының 220 жылдық мерейтойы мен шәйіт кеткеніне 175 жылдығына байланысты Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алқалы жиын өтіп, «Кенесары хан» кітабының тұсауы кесілді.
Іс-шара елордадағы «Қараөткел зиратында» тыным тапқан Кенесары сарбаздары мен мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлының рухына Құран бағыштаудан басталды. С.Сәдуақасұлының сүйек күлі Мәскеуден бертінде әкелініп жерленгенін айта кеткен жөн. Еуразия ұлттық университетіндегі алқалы жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, әуелі «Кенесары хан» кітабының тұсауы кесілді. Кітап бұған дейін шыққан «Хан Кене» жинағының толықтырылған жаңа нұсқасы. Нысанбай жыраудан бастап ұлы Мағжан, Жамбыл Жабаевқа дейінгі ақын-жыраулар мен тарихшылардың зерттеулері топтастырылса керек. «Кеше ғана референдум өтіп, ел тарихи таңдауын жасап, жаңа Қазақстанға қадам басқанда біз алғашқы іс-шарамызды Кенесары рухына арнап отырмыз. 1841 жылы Алаш баласы Жошы ұлысының орталығы Ұлытауда Кенесарыны ақ киізге отырғызып, хан сайлаған екен. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның тұңғыш құрылтайы да Ұлытауда өтетінін мәлімдеді. Мұндай елдік шаралар сабақтастығының символикалық мәні зор», деп атап өтті Дархан Қуандықұлы.
Алғаш сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы: «Кенесары хан азаттық үшін күрестің символына айналды. Кенесары тарих сахнасына көтерілгенде, қазақ даласының терістігін Ресей, оңтүстігін Қоқан, Хиуа хандықтары иемденіп алған, Қазақ деген мемлекет жоққа айналған. Орталықта ғана азғантай жер қалған. 1841 жылы хан сайлануы жай емес, мемлекеттілігі жариялағаны еді бұл. Қазір біз Кенесары жорығын орыс құжаттары негізінде зерделеп, сол бойынша кең көлемді еңбек даярлау үстіндеміз, күзге қарай шығып қалады. Оның сарбаздары өткен жерді орыстар түк қалдырмай жазып кеткенінің куәсі болып отырмыз. Қазақ хандығы күйреуге айналғанда соңғы ұлттық майданды құрып кеткен Кенесары хан шын мәнінде азаттықтың символы, соны негізге ала отырып, ұсыныс дайындап жатырмыз. Азаттықтың символы ретінде тәуелсіздікке қызмет еткен тұлғаларға берілетін Кенесары атында үлкен бір орден болуға тиіс», деді. Парламент өкілеттілігі күшейтіліп жатқанда бұл ұсыныс жерде қалмайды деген ойдамыз.
Хан Кененің Ту тіккен жері Көкшетау екені белгілі. Ол жақтан белгілі жазушы Жабал Ерғали Ақмола облысы әкімінің құттықтауы мен ыстық сәлемін ала келіпті. «Арқада Бурабайға жер жетпейді, Алашта Кенекеме ер жетпейді», деп ұлы Мағжан жырламақшы, Көкше, Бурабайда Кенесары іздері сайрап жатыр. Кенесары үңгірі, ауылы, хан есімімен байланысты қасиетті мекендердің ақтарар сыры аз емес», деп еске салды.
«Кезінде Алаш зиялыларын «ескі оқығандар» атаған екен. Сол сияқты, мұнда елорда көшіп келген соң, «осы астана неден басталды?», деп сұрағанда, «Астана Кенесары ескерткішінен және Еуразия ұлттық университетінен басталды», дейді екен зиялылар. Бұрынғы Алаш арыстары Кенесарыға баса мән берген. Қошке Кемеңгерұлы «Кенесары қазақтың басын қосуға мүмкіндік туғызған тұлға», деген. Алаш ардақтыларының көбі баласының атын Ескендір қойып, Кенеке деп еркелетеді екен. Демек қазақ қоғамындағы жаңғыру мен жаңару Кенесары есімі арқылы жүргенін пайымдауға болады.
Екінші, Кенесарының мылтығы Омбыда өлкелік музейде тұр. Қылышы Шымкентте. Осынау құнды жәдігерлерді қосуды ойластыруымыз керек. Кенесарының басы туралы да былтырдан бері үлкен деңгейде мәселе көтеріліп жатыр. Оны да әкелген күнде қайда қоямыз, бәрі ойластырылуы тиіс. Бұл игілікті іс халыққа, ұлтымызға қызмет ететіндей болу керек», деді алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы.
Жиынға онлайн режімде қатысқан тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді де салмақты ой айтты. «1942 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінде ел тарихының жоспары талқыға түсіпті. Сонда біздің бір үлкен жазушымыз «Кенесары тақырыбын тарихқа қосуға ерте, қоспай-ақ қоялық», депті. Оны естіген Мұхтар Әуезов «Қазақстан тарихына Кенесары тақырыбы қосылмаса, ондай тарих кімге керек?», депті. Бұл әңгіме бүгінгі жаңа Қазақстанға да қатысты болса керек», деген ол «Кенесары-Наурызбай» жырын жазған Нысанбай жырауды ұмытып бара жатқанымызды еске салды. Ұрпақ Нысанбай жырауды ұмытпау үшін ескерткіш белгілер керек деп түйді сөзінің соңын. Әрине, бұл құптарлық ұсыныс деп білеміз.
Жыршы, жырау Алмас Алматов авторлық «Шыңғыснама» жырының кіріспе бөлімінен бір үзінді қайырды.
«Кенесарының әскері өте қуатты әскер. Орынбордың түбінде патшаның жандайшаптарын дірілдеткенін жазады Е.Бекмаханов. Қаһарлы болған. Кенесары қазақтың ғана қаһарманы емес. Ұлы Тұранның баһадүрі. Сонау Мөде мен Шыңғыс ханның мұратын көксеп, сол жолда соғыс ашқан ұлы қолбасшы ретінде бағалауымыз керек. Жаңа Қазақстанға Кенесарының рухы мен намысын бойына сіңірген жасампаз тұлғалар қажет», деп ой түйді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Сонымен қатар бұл ойды Дархан Қыдырәлі де қостап, Кенесарыны ұлы Тұранның соңғы көкжалы деп атаса жарасатынын қаперледі. «Қайсыбір ғалымдар Жоңғарияны ұлы даладағы соңғы көшпелі хандық ретінде айтып жүр, бірақ Жоңғария емес, біздіңше Қазақ хандығы болуы тиіс. Оның соңғы көкжалы Кенесары хан десек, жаңылыспаймыз».
Дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев «Бес төре» күйін тартты. Бұл өнер туындысын Қасым төренің бес баласына арналғанын Ақселеу Сейдімбек еңбектерінен кездестіргенін, ескі күйшілер бұл күйді шалғанда кейде «Кенесары-Наурызбай» деп атағанын ортаға салды. Шәкірті Ардаби Мәулетұлы қытай қазақтарының арасында сақталып қалған «Кенесары-Наурызбай» күйін босатты шанақтан. Негізі жорыққа келгенімен, терең қайғы мен қасіретке бастайтын шығарма.
Қоғам және мемлекет қайраткері, генерал Абай Тасболатов әскери адамдар батырлар туралы, Кенесары сынды стратег, тактиктарды терең білу керегін алға тартты. Солардың ұрыс тәсілдерін меңгерсе деген ойды қуаттады. Саяси ғылымдар докторы, генерал Ержан Исақұлов та көкейкесті ойларын ортаға салды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Бүркіт Аяған да Кенесары болмысын аша түсу үшін қырғыздардан да мағлұматтар жинау керектігін алға тартты.
Жиынды жүргізуші Дархан Қуандықұлы тағылымды шараны түйіндеп болғанда, Ботагөз Арыстан атты әже көпшіліктің назарын аудартты. Көшелі кейуана Кенесары ханның Оспан деген баласынан тарайтын тікелей ұрпағы екен. Елдің рухын ояту жөніндегі жалынды сөздерімен сүйсіндірді.
Ұзаққа созылған мұндай жиындарда шыдас беріп отыра бермейтін ел бір жарым сағат тапжылмай отырып, Кенесарының рухымен сырласқандай болды. Ел хан Кене десе, аузын ашып, көзін жұмады. Алдаспан рухқа сусап қалғандай сезілді. Ханның рухы жебеп жүрсін қазақты!