– Егін алқаптарын құрт, көбелектердің қаптауы 30 жылдан кейін қайталанып отыр. Қазір Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар шақырылды. Егін алқаптарын улау жұмысы басталды. Құрт, көбелектердің қанша гектар аумаққа жайылғаны белгісіз. Бұл анықталып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – зиянкестен егіншілердің егін алқабын, одан кейін жайылымдық жерді қорғау. Жалпы құрт, көбелектер 2020 жылға дейін өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесінде болған еді. Сол жылы оны тізбеден алып тастады. Биыл зиянкестер тізбесіне қайта қосу мәселесі қарастырылып отыр. Егер өңделетін зиянкестер тізбесіне енгізілетін болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылады, – дейді Қайрат Нұрлыбаев.
Оның мәліметіне сүйенсек, өңірде егін егумен айналысатын 300-ден астам шаруашылық бар. Қазір оның 100-ге жуығы шалғын көбелегінен зардап шеккен.
– Аудандарда қалыптасқан жағдайға байланысты зиянкестердің зардабын жедел жою жұмысы қолға алынды. Орал қаласынан келген улау дәрі-дәрмегін шашумен айналысатын 2 көлік күніне шамамен 1000 гектардан астам аумақты қамтиды. Аталған жұмысқа жергілікті бюджеттен шамамен 8-10 млн теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып отыр. Егер улайтын аумақтың көлемі артса, қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталады, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Осыған ұқсас жайт мамыр айында Қызылқоға ауданында тіркелген еді. Мұнда жусан құртынан 800 гектар жайылым зақымданды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның айтуынша, бұл ауданда әр жылдары мұндай зиянкес кездесіп жүр.
– Алайда жайылымға зиянкестердің зияны тимеген еді. Ал биыл 800 гектар жайылымда жусан жемірінің дернәсілі әртүрлі жас сатысында екені анықталды. Мәселен, Сағыз ауылдық округіндегі «Әнет», «Алып Ана» шаруа қожалықтарының әрқайсысына тиесілі – 200, «Тощий» шаруа қожалығының – 100, Мұқыр ауылдық округінде тіркелген «Қызыл бұлақ» шаруа қожалығының 100 гектар жайылымы жусан жемірінен зақымданғаны анықталып отыр. Сондай-ақ «Сағыз – Миялы» бағытындағы жолдың бойында орналасқан Сарқужақ учаскесінде де 100 гектар жайылымдық алқапқа зиян келді, – дейді Әбила Қазиева.
Оның айтуына қарағанда, шаруа қожалықтары мұндай зиянкестерге қарсы күрес іс-шарасын өз қаражаты есебінен жүргізуі керек.
Атырау облысы