Үкімет • 08 Маусым, 2022

Еңбек нарығы электронды форматқа ойысуда

215 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылып жатыр. Тиісінше, жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасуда.

Еңбек нарығы электронды форматқа ойысуда

Оңтайлы онлайн-жәрмеңке

Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді деп күтілуде. Осы үрдіс, қазіргі күрделі ахуал және алдағы ықтимал сын-қатерлер жұмыспен қамту саясатын қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, азаматтарды жай ғана жұмыспен қамту емес, сапалы жұмыс орнын беру арқылы халықтың табысын арттыру басты міндет. Бұл міндетті орындау үшін қазір жүзеге асырылып жатқан іс-шаралармен қатар, жаңа бағыттар бойынша жұмысты жандандыру маңызды. Мақсат – жастарды жұмысқа тарту. Осы мақсатта ірі және орта кәсіпорындарда бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынады.

Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектеріне және 35-ке дейінгі жастарға арналған онлайн-жәрмеңке пилоттық режімде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Пилоттық жобаның қорытындысы өзге де министрліктермен, сондай-ақ тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындардың және «Самұрық-Қазынаның» өкілдерімен талқыланды. Соның нәтижесінде бұл компаниялармен электрондық еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Оның ішінде IT саласы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бар. Бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 мау­сым аралығында өтеді. Ол ай сайын ұйымдастырылып тұрады.

Биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде электрондық еңбек биржасына 691 кәсіпорын 1 мың инвестициялық жобада ашылатын 13 609 жұмыс орны ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта бос жұмыс орындарына өтініш бергендердің саны 5 мыңнан асты, оның ішінде 1 мың адам жұмысқа орналастырылды.

– Жалпы жұмысқа тарту ісін электронды биржа аясында жүргізуді қолдаймыз. Оның ашықтығы және қолжетімділігі жұмыспен қамту мәселелерінің жаңа мә­дениетін қалыптастыруды және мем­лекет қолға алып жатқан бастамалар­дан халқымызды толық хабардар ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жұмыспен қам­тудағы маңызды бағыттардың бірі – платформа арқылы жұмыспен қам­туды заңдастыру. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсіл­дерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Цифр­ландыру мен жаңа технологиялар да ел эконо­микасына әсерін тигізеді. Соңғы жыл­дары нақты секторға қарағанда, қыз­мет көрсету саласында жұмыспен қам­тыл­ғандардың саны артқан, – деді министр.

Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған. Яғни азаматтар «Яндекс», «Убер», «Вольт» және «Глово» сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды.

Бүгінгі таңда 300 мыңнан астам ана осы қордан жүктілік кезінде бұрынғы ор­таша жалақысының 100%-ын және бала күтімі кезеңінде жалақысының 40%-ын алып отыр. Бұдан басқа 105 мың жұмыссыз адамға 6 ай бойы жалақысының шамамен 40%-ы төленеді. Соңғы жылдары бұл төлемдердің мөлшерін едәуір ұлғайту мәселесі қаралып жатыр. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткізді. Бұған қоса биыл 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режімде жүргізу туралы шешім қабылданды. Жұмыстың нәтижесі жыл соңына қарай ұсынылады.

– Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге субсидия бөлу жалғасады. Биыл 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылды. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау маңызды. Осындай 20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге көзделген. Қазіргі кезде 1 мың 400-ден астам азамат грант иегері атанды. Мемлекет технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру керектігіне назар аударады. Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Бос жұмыс орындарына жолдама ұсыну жалғасады. Бұл шара элек­трондық еңбек биржасы негізінде жүзеге асырылады. Биыл шек 350 мың дең­гейінде белгіленді, оның ішінде 91 мың адам жұмысқа орналасты. Жалпы жоғарыда атап өтілген мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделген, – деді Т.Дүйсенова.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Мәселен, жастар практикасына, «алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды. Үкімет басшысының айтуынша, мұндағы ең маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру. «Биыл ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Бұл жоспар орындалуы керек», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр кәсіпкерлік негіз­дерін оқыту жұмыспен қамтудың тиімді құралына айналғанын атап өтті. Өткен жылы осындай курстарда 33 мыңнан астам адам оқып, оның 15 мыңы өз биз­несін ашты. Бұл ретте business.enbek.kz бір­ыңғай кәсіпкерлік бастамаларды қол­дау порталы арқылы кәсіпкерлік негіз­деріне оқыту мен гранттар беру бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.

Ә.Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкім­дердің жұмысының тиімділігі жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI-ға қол жеткізу негізінде бағаланатынын атап өтті. Осыған орай Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді.

– Жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты бос жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз ету керек. Жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз ету қажет. Цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бо­йынша ұсыныстар енгізу маңызды. 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекіту керек. Суб­си­дияланатын жұмыспен қамту бағдар­ламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ын тұрақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету қажет, – деді Ә.Смайылов.

р

Елімізде астық қоры жеткілікті

Сондай-ақ Үкімет отырысында егіс науқанын өткізу мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, қазіргі жағдай бойынша дәнді дақылдарды егу Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыста аяқталған. Аталған өңірлерде қатты жауын-шашынға байланысты егіс жұмыс­тары кейінге қалдырылды. Осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

– Мәселен, жаздық дақылдар 19,8 млн га немесе белгіленген жоспардан 100,2%, картоп 189,6 мың га, көкөніс-бақша да­қыл­дары 269,2 мың га, көпжылдық шөп­тер 429,6 мың га алқапқа себілді. 3,1 млн га майлы дақылдар, 12,3 мың га қант қызылшасы, 121,1 мың га мақта егілді. Елдің жалпы егіс алаңы 23,1 млн га құ­рады. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың га артық, – деді министр.

Сонымен қатар жүргізіліп жатқан егіс алқаптарын әртараптандыруға және дара дақылды егістен кету жұмысына сәйкес, астық алқаптары 285,5 мың га қысқартылды. Майлы дақылдар 24,9 мың га, картоп 2,4 мың га, көкөніс 1,7 мың га және жем-шөп дақылдары 448,1 мың га өскені байқалады.

Ә.Смайылов Үкіметтің ауыл шаруа­шылығы саласын қаржыландырып, мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылдағанын атап өтті. Мәселен, фермерлерді қолдау мақсатында бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыру екі есеге, яғни 80 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы агроөнеркәсіп саласын қаржыландыруға бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, дизель отынының қажетті көлемі на­рық­тық бағадан 10-15% төмен бағамен жеткі­зілді. Отандық өндірушілерден алынатын минералдық тыңайтқыштардың ба­ғасы төмендетілді. Осылайша, биыл агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді.

Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылы құрғақшылық болғанына қарамастан, бидайға деген ішкі қажет­тілік толығымен қамтамасыз етілді. «Экс­порт­тық міндеттемелерді орындап, қажетті қор жинап алдық. Биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар», деді Премьер-Министр.

Бұл орайда БҰҰ-ның наурыздағы бюл­летеніне сәйкес, Қазақстанда биыл ас­тықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіш­тен жоғары болуы керек. 18-19 млн тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 млн тоннаны құрайды. Тіпті қолайсыз ауа-райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ә.Смайылов егіс жұмыстары қар­қынының жақсы екенін атап өтіп, тиісті мемлекеттік органдардың алдына бірқатар міндет қойды.

– Қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдау керек. Мол өнім алуға мүмкіндік беретін агро­технологиялық талаптардың сақталуын ерекше бақылауда ұстау маңызды. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуге алдын ала келісімшарттар жасау қамтамасыз етілуі тиіс. Агроөнеркәсіп субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру үшін жоспарланып отырған өзгерістерді бизнес қоғамдастықпен егжей-тегжейлі талқылау керек. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» форвардтық шарттар аясында астық көлемін уақтылы жеткізу бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерінің міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл қор кейін ішкі нарықты астықпен қамтамасыз ету үшін керек, – деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар