Аймақтар • 08 Маусым, 2022

Сай-Өтес жаңа мәртебеге сұранып-ақ тұр

2346 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқы табиғи өсім және көшіп келушілер есебінен жылдан-жылға көбейіп келе жатқан Маңғыстау өңірінде жұмыссыздық – басты мәселе. Мұнайшы болуға қызығушылық көп, бірақ бұл – миллионға жақын тұрғынның әрқайсысына бұйыра бермейтін бақ, орындалуы қиын арман.

Сай-Өтес жаңа мәртебеге сұранып-ақ тұр

Жердің астындағы мұнай мен газ қорының, жердің үстіндегі жұмыс орнының шегі бар. Бірақ шетелдерден көшіп келушілердің көбі әлі де Маң­ғыстауға қазығын қағуды жөн санайды. Соның ішінде Ақтау және Жаңаөзен қалаларына аңсары ауатындар көп. Өңір­дегі өзге аудандармен бірге бұл екі қала халқының тығыз­дығы, жұмыссыздық, ауыз су жетіспеушілігі сынды түр­лі әлеуметтік мәселеден өз­дері қос өкпесі сығылған үс­тіне сығы­лып, ентігіп тұр.

Осы мәселені шешу үшін, яғни халықтың үйме шоғырын тарқату, аймақтардың салмағын жеңілдету, жаңа жұмыс орындарын ашу, әкімшілік басқаруды оңтайландыру мақсатында Маңғыстау облысында жаңа аудан ашу қажеттігі сезіледі. Тәуел­сіздік алған соң ашылған Мұнайлы ауданы – қазір Маң­ғыс­тау облысындағы ең ірі, ірге­лі аудандардың бірі. Ол аудан ашыл­ғаннан бері он бес жылдың ішінде облыс тұрғындары еселене өсіп, тиісінше мәселелер де қатар өрбіп келеді.

Осы жағдайларды саралай келе Маңғыстау ауданының Сай-Өтес ауылы­нан жаңа аудан ашу қажет деп есептей­мін. Маңғыстау облысының ең шал­ғай ауданы – Бейнеу ауданы облыс ор­та­лығынан 500 шақырым қашық­тықта орналасқан. Өзге аудан, қалалар Ақтаудың төңірегінде, ал Бейнеу ғана шеткері оқшауланып тұр. Бейнеуге жету үшін Ақтаудан соң бір-жарым сағатта Шетпені басып өтіп, кең далада көлікпен 4-5 сағат көсіле шабуға тура келеді. Ақтау қаласына 280 шақырым қашықтықтағы, Бейнеуден 130 шақырым, Шетпеден 126 шақырым орта жолда түйісетін нүкте – Сай-Өтестен өз алдына аудан ашса, біраз әлеуметтік-экономикалық мәселелердің басы қайтар ма еді?

Сай-Өтес ауылдық округ әкімшілігі 1965 жылы құрылған, әкімшілік аумағына Сай-Өтес ауылы, Боздақ елді мекені, №6,7,9 және Ман ата бекеттері кіреді. 2000-нан астам тұрғыны бар округте 392 ба­ла­ға арналып 2007 жылы салынған Өтес ор­та мектебі, 1967 жылы салынған 25 орын­­дық Боздақ бас­­тауыш мектебі, 56 орын­дық «Жауқазын» және 50 орындық «Бал­дәурен» бөбекжай бақшалары, Өтес дәрі­гер­лік амбулаториясы бар. Сай-Өтес, Боз­дақ ауылдары толықтай газбен, тоқпен қам­тыл­­ған, ал сумен қамту мәселесінде Боз­дақ үшін аздаған жеткіліксіздік бар. Жері ша­руаға қолайлы округте мал шаруа­шы­­лы­ғы жақ­сы дамыған, қазір мұнда 61 ша­­руа қожа­лығы мал шаруашылығымен ай­­на­­лысады. Азық-түлік дүкені, наубайха­на, АГҚС, той­хана, дәмхана, шайхана, шаш­та­раз, ТҚС, қы­мыз құю цехы, аралас дүкен, дәрі­хана сынды кәсіпкерлік нысандары да бар.

Шағын болғанмен тірлігін дөңгелетіп отырған ауыл Сай-Өтестен аудан ашу­дың экономикалық тиімділігі қан­дай? Жоғарыда айтылғандай, алдымен халықтың тығыздығын тарату және жұмыссыздық мәселесін шешу.

Сай-Өтес ауылының үстінен респуб­ликалық дәрежедегі автожол, Ақтау мен Атырау, Ақтөбе, Алматы, Астана қалалары арасын қосатын темір жол өтеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, жол бойын­дағының да дорбасы құр болмас, жол бойынан түрлі сервистік қызмет көрсететін орындар, темір жол деполарын ашса ауыл тұрғындарын жұ­мыспен қамтуға мүмкіндік туады және жүк тасымалдаушылар мен жолау­шыларға да қолайлы жағдай жасалады. Екі бүйірінде Бейнеу мен Маңғыстау аудандарының аралығында орналасқан Сай-Өтес Жаңаөзен қаласына небәрі шамамен 100 шақырым қашықтықта. Егер Сай-Өтес пен Жаңаөзен аралығына автожол салынса, Жаңаөзеннен Түрікменстан арқылы Иран асатын жүк көліктері Шетпе-Жетібай арқылы қатынайтын жол қашықтығын 400-500 шақырымға дейін қысқарта алады. Сондай-ақ Сай-Өтестен Орталық Азия республикаларына барыс-келіс қарым-қатынасты тікелей жолға қоюға болады. Мысалы, Қарақалпақстан мен Бейнеудің шекарасындағы «Тәжен» бекетіне қазір 230 шақырым жол жүріп баруға тура келеді, ал Сай-Өтестен «Тәженге» тіке шықса 110 шақырым, яғни жолаушы жолды екі еседен астам қысқартып, уақыттан ұтып жетіп барар еді. Жол бойына орналасар сервистік қызмет орталықтары сынды ұтымды жолдарын тапса бұл жоба төңірегінен де біраз жұмыс орындарының иісі аңқиды. Шұбырған жол көліктері ала шаң қылып жол бойындағы ауылдарды үстінен басып өтпей, өз алдына тек жүк тасуға арналған жолдармен жүру мүмкіндігіне ие болады және өз кезегінде бұл жолдарды ақылы негізде рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Бейнеу ауданындағы тас, Шетпедегі шебін карьерлері, былтыр ғана ашыл­ған «Тепке» кен орны, «Қарақұдық», «Кенсары» мұнай өндіруші кен орындары Сай-Өтестен қашық емес, демек олар жаңа ауданның әлеуметтік-эконо­ми­калық нығаюына, тұрғындардың жұ­мыс­пен қамтылуына сеп болары анық. Маң­ғыстау облысына негізгі су тасы­мал­даушы көздің бірі болып санала­тын ұзындығы 1100 шақырымға созылған «Астрахань-Маңғышлақ»» су құбырымен келетін Қиғаш өзенінің суы Сай-Өтес ауылының үстімен өтеді. Бұдан бөлек жерасты сулары, құдық көздері аз емес, Үстірт астындағы су көздері мал бағып, егін егемін дегендерге судан тапшылық келтірмейді. Сай-Өтестің оңтүстік-шығыс бетіндегі жазықтық, Өзбекстан шекарасына дейінгі Қаратүлей өңірдің мал шаруашылығына қолайлы екендігін еске түсіре береді. Ал «жасыл экономи­ка­ны» дамыту тұрғысынан келер бол­сақ тен­тек жел мен шақырайған күн – Сай-Өтестің еншісі. Күн мен жел диір­­­мен­дерін орнатып, энергия жинақ­тау үшін Сай-Өтес сұранып-ақ тұр. Сай-Өтес­тен стратегиялық маңызға ие әлеует­ті әуе­жай салса да артық етпейді, тұр­ғын­дар мұ­най­дан да басқа жаңаша өмір сүру­ге бола­тын­дығын сезінуге тиіс. Үстірт үстіне желек өсіріп, экологиялық мәсе­ле­лер­ді шешуге және алдын алуға қадам жасал­ғаны жөн. Жалпы, жағдай жасалса Сай-Өтестің келешекте үлкен орталық болу мүмкіндігі мол.

Қазір елімізде, соның ішінде Маңғыс­тау облысында туризмді дамыту күн тәртібіне қойылған мәселе. Сай-Өтес бұл жағынан да басымдыққа, тиімді­лікке ие. Маңғыстаудағы ең ірі және ежел­гі қорымдардың бірі «Сисем Ата» қорымы Сай-Өтес ауылынан 30 шақы­рым солтүстік бағытта орналасқан, ал «Толыбай» қорымы Сай-Өтестің батыс бетінде 9 шақырым, «Бәйте-3» солтүстік-шығыста 20 шақырым, «Қызылтас бекінісі» солтүстік бағытта 70 шақырым, «Қара кісі қорымы» құбыла бетте 5 шақырым, «Қонай үйігі» «Сисем ата» қауымының солтүстігінде орналасқан. Соңғы жылдары тартылу үдерісін бастан кешіп жатқан Каспий теңізі Сай-Өтестен 40-50 шақырым, салыстырмалы түрде Жаңаөзен мен Кендірлі арасын алып қарағанда бұл қашықтық теңіз жағасына барып демаламын деушілерге аса қатты шалғай емес.

Маңғыстау облысының барлық аудандары мен қалаларынан жұмыс­­сыз­дар көшірілсе, шеттен көшіп келу­ші ағайындарды орналастырса, Сай-Өтес­тің тұрғынсыз болмайтыны белгілі, бұл өз кезегінде өзге өңірлердің жүгін біраз жеңілдетіп, жауапкершілік, мәселе салмағын азайтары анық, құлазып жатқан Үстірт үстіне жан кіргізіп, өңірлердің бір-бірімен байланысын арттыра түсер еді, маңғыстаулықтардың сенім-ниетіне, көңіл күйіне серпіліс береді.

Жаңа Қазақстан тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты көрініс табуы керек. Ол Маңғыстау өңірінде, Үстірт үстінде заман талабына сай озық технологиялармен салынған, мыңдаған тұрғынға мекен болған, жастарға қолайлы жастар қаласының – экономикалық-әлеуметтік жағынан тиімді жаңа ауданның ашылуымен дәлелденсе дейміз. Ел қазынасына қара алтынды тонналап құйған Маңғыс­тауға шамдары жарқыраған, халқы бай-қуатты жастардың жаңа қаласы лайықты және өңірдегі қат-қабат әлеуметтік-экономикалық мәселелер де жаңа ауданды қажет етіп тұр.                                                  

 

Маңғыстау облысы