Әдебиет • 09 Маусым, 2022

Дара тұлға туралы вернисаж

861 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отырғаны белгілі. Осыған орай Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «Әуезов әлемі» атты әдеби вернисаж өткізді.

Дара тұлға туралы вернисаж

Іс-шара барысында қазақ қоғамын боямасыз бейнелеп, теңдесі жоқ асыл мұра қалдырған қазақ әдебиеті майталманының өмір жолы мен жазушылық қызметі, шығармашылығы хақында кеңінен әңгіме қозғалып, ол туралы естеліктер айтылды.                       

Келесі кезекте колледждің белсенді студенттері Жанмейірім Шалабаева, Мейрамгүл Есенгелдинова, Талап Қилыбаев, Изольда Бекболатова Қасым Аманжоловтың «Мұхтар аға», Сырбай Мәуленовтің «Мұқаңа», Расул Ғамзатовтың «Мұхтар аға» өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Сондай-ақ қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері М.Әуезовтің қолынан шыққан дүниелері мен ол туралы жазылған естелік кітаптардан «Дәуірдің дара тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге кітапхана қызметкері Айғаным Бекжан библиографиялық шолу жасады.

Кеш барысында кітапхана қызметкерлері студенттердің шығар­машылығын шыңдау мақсатында түрлі сайыстар, «Миллион кімге бұйырады?» ойынын ұйымдастырып, студенттер жазушы жайлы арнайы дайындалған сұрақтарға жеделдете жауап берді.

Аталған іс-шара Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын өскелең ұрпақ жүрегіне ұялату арқылы олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздеді.

 

Шырайлым ҚҰДАСОВА,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

 

АҚТӨБЕ