Әдебиет • 09 Маусым, 2022

Нияз шалдың немерелері

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиетімізде Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы барынша кеңірек жазылды. Әсіресе қанды қырғынды көзімен көрген Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалмұқан Исабай, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Өтебай Қанахин секілді жазушылар көлемді дүниелер жазып, соғыс сұмдығын көркем сөзбен кестеледі. Сондай-ақ бұл тақырыпқа сол жылдары өмірге келген ұрпақ өкілдері де белсене қалам тербеді. Олар ел басына күн туғанда, қолына қару алған әкелері мен тылда жеңісті жақындатуға жан аямай еңбек еткен аналары мен ата-әжелерінің бастан кешкен қиыншылығын шығармаларына арқау етіп, бірегей туындылар тудырды. Сондай жазушының бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлы.

Нияз шалдың немерелері

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Көрнекті жазушы Бердібек Соқ­пақбаев «Әп-әдемі жа­тық, образды тілі бар, сезімге әсер еткендей адалдық бар. Шы­ғармашылық бітім тұл­ғасы жинақы. Асылы, Бе­рік өзін толқытқан шынайы нәрсені жазатын болу­ға тиіс» деп алғашқы әңгіме­ле­ріне жы­лы бағасын берген қарымды қалам­гердің шы­ғармашылығында қилы-қи­лы тағдырлар, жастық дәу­рен кезеңі, мөлдір махаб­ба­ттың тәтті мұңы, қайы­рымды жүрек, кең пейіл қаза­қы мі­незге бай ауыл адам­­да­ры­ның іс-әрекеттері келісті көркем­­делген.

Осындай әсерлі жазылған әңгімесінің бірі – «Нияз шал­дың немерелері». Жалпы, бұл туындыны автобиографиялық деп айтуға болады. Өйткені әңгімедегі оқиға Берден деген баланың атынан баян­далады. Ал Берденді автордың өзі деп түсінеміз.

«Жаңа жол» мен «Қызыл қайрат» колхозының балалары оқитын бастауыш мектеп екі ауылдың қоныстануынан жырақ, айдалаға, екі аралық­тағы жатаған қоңыр төбенің етегіне салынған, қамыс бұ­ға­тының қалыңдығы бір құлаш төбесіне сабан араластыра балшық жатқызған, еңселі ақ тамға орналасқан» деп басталған шағын әңгі­меден соғыстан кейінгі ауыл­­дың жүдеу тіршілігі мен сол кезде ғұмыр кешкен адамдардың бір-біріне деген ықыласын, ақжарма пейі­лін, қанағатшылдығын кө­ріп,сүйсінесіз. Жалғыз баласы әскерде хабар-ошарсыз кетіп, ке­ліні сүзектен қай­тыс болып, екі бірдей ауыр қайғыны үн-түнсіз көте­ріп, жалғыз немересін жете­леп жүрген қарияның ерік-жігерінің беріктігі мен көн­біс мінезін, төзімділігін жазу­шы ұтымды детальдар арқы­лы ай­шықты баяндайды. Қалам­гердің кейіпкер образын бейнелеудегі шеберлігі де тәнті етеді. Мына бір үзіндіге зер салыңыз:

«Шалдың да, баланың да үсті-басы жүдеулеу. Қарт­тың мына ыстықта басына милықтыра киген түлкі тымағының маңдайлығы мен екі самайының жүні түсіп, жарғақтанған. Қазір қандай мата екенін ажыратуға болмайтын тысына сан жерден жамау салыныпты. Үстінде әр тұсынан түтеленіп, жабағысы көрінген қабулы қара шапан. Белін бөз белбеумен шарт буынып алған. Тізелігінің түгі қырқылып, тақырланып тозған, түсі оңып кеткен ши барқыт шалбарының ба­ла­ғын қара санға дейін шаң тұтқан. Қонышы қат­пар-қатпар қыр­тыс­танған көн мәсінің басына киген «әзиат» галошының сүйір тұмсығы мен артына қарай тепкен өкшесіне қайыс жамап бастырған. Өзінің де мына ұзақ жүрістен шаршап, қажыған түрінен кәрілік жеңіп, мұқалған жан екені байқалады.

– Сапар, шырағым, мынау менің немерем, – деді шал қайда тап болдым дегендей жасқаншақ жанарымен жан-жағына үркектей қараған баласын көрсетіп.

– Ә-ә, солай ма, – деді, Сапар шалдың немересіне көз тоқтата. –Жақсы онда. Аты кім? Бері кел, бері таман тұр есіктің алдынан.

– Аты – Өсер. Өсержан, бері келе ғой, қарғам. Мына Сапар ағаңа сәлем бер. Бұл өзіңнің ағаң. Айдар атаңның бір тұяғы, – деді қария төменшіктеп, орнынан қозғала қоймаған немересіне жақындай түсіп: – Момын, аса жуас, бейшара бала, – деді сонан соң Өсердің тым бұйығы тағылау мінезіне әлде ақталғандай, әлде ренжі­гендей бәсең үнмен».

Жалпы, шығармада алып-жұ­лып бара жатқан оқиға жоқ. Автор қазақы қоңыр үнімен бір әу­леттің жалғыз үмітіне ай­налған Өсердің бейнесі ар­қылы, соғыстың қасіретін ғана емес, сол кезеңдегі талай шаңырақтың басындағы жағдайды астарлап айтып, шынайы көркем дүниеге айналдыра білген.

Бала Берден үшін де таяқ­қа сүйеніп, әрең ілбіп жүр­ген қарт әлдеқашан-ақ бұл өмірден баз кешкен, тек бір мәнейі себептер­мен кеудеден жаны шықпай, қы­бырлап тірі жүрген, тірі жүр­генде де Өсер үшін ғана, Өсер жеткенше ғана өзін-өзі сүйрелеп, тоқтамауға бел байлаған, соған бола бе­ріс­пей, көнбей, тырмысып келе жатқандай көрінеді. Бір кезде Нияз қарияның әуле­тінде қыруар жан болды, ау­ру алды, ажал алды, соғыс­қа кет­ті, төңірегі әбден тықыр­лан­­­ды. Қасында қалған жалғыз қара­сыны – қаршадай жетім бала. Қария­ның ендігі арманы – артым­да осы бір тұяқ қарайып қалса дей­ді. Әңгімені оқып отырып, әп-сәт­те соңына қалай жетіп қалға­ныңызды білмейсіз. Түйіні де сәт­ті аяқталған.

«Бұл күндері «Жаңа жол­дағы» көше-көшенің бойында қатарластыра салған ша­тырлы көп үйлерінің бірі­нен алды жоғары кластарда оқитын, арты әлі жас үйелмелі-сүйел­мелі алты-жеті қара домалақ бала шығып, мектепке барып жүреді. Кейде Берден ауыл­ға келгенде, үйдің жанынан өтіп бара жатқан оларды тоқ­татып, алдымен үлкенінен:

– Фамилияң кім? – деп сұрайды.

– Ниязов.

– Онан кейін екіншісінен сұрайды

– Ниязов. Сөйтіп, бәрінен сұрап шығады. Нияз деген кім ол, көрген кісің бе? – дейді біріншіге барып жүрген ең кішісінен. Бала қайдам дегендей иығын қиқаң еткізіп бұның өзіне қарайды. – Па­пам­ның фамилиясы ғой, – дей­ді ересегі мұның өзін кінәлағандай».

Осы сәт автордың көз ал­дына қара шапанды қара тымақты Нияз шал елестейді. «Бейшара осыны келіп бір көрмейді-ау, –дейді бұл аусар қиялға беріліп. Шіркін-ай, кеткендер сәл уақытқа болса да қайтып келіп, өзінің артын көрер ме еді. Қаншасы тірліктегі істегенінің өкінішіне өртеніп, санын соғып, қаншасы шүкірлігін айтып, қуаныштан көзіне жас алар еді. Нияз шалда бұдан артық тілек, үміт арман болды дейсің бе? Көкірегін сүйретіп жүргенде аңсағаны осы болар да». Шынында да, кеткендер бір сәтке болса да қайтып келсе...

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20