Қазақстан • 10 Маусым, 2022

Агросақтандыруға қызығушылық артып келеді

1066 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын агросектордың талай субъектісі табиғи апаттан зардап шегеді. Сол себепті агросақтандыру – іс жүргізудің өркениетті, заман талабына сай әрі тиімді жүйесі. Әсіресе еліміздің құбылмалы табиғи-климаттық жағдайында бұл ерекше маңызды.

Агросақтандыруға қызығушылық артып келеді

Соңғы үш жылда елімізде ауыл шаруашылығы тауар өндіру­ші­лерінің сақтандыруға деген қызы­ғу­шылығы артып келеді: 2020 жылы 93 келісім жасалса, биыл 5 айдың ішінде 184 сақтандыру жөніндегі келісімге қол қойылды.

2004 жылдан бері қолданыста болған сақтандыру жүйесі мін­детті болатын және тек егінші­лікті қамтыған. 2020 жылы жүйе ерікті механизмге ауысып, агро­сектордың кез келген бағытын сақтандыруға жол ашты. Қазіргі сақ­тандыру өнімдері өсімдік шаруа­шылығын жаңбыр мен қуаң­шы­лықтан сақтандырумен қатар ірі қара, жылқы, қой, құстарды да сақтандыруды қамтиды.

Мемлекет тарапынан сақ­тандыру сыйақыларын субсидия­лау түрінде қолдау беріледі, бұл шаруаның шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Сақтандыру келісімі бағасының 50%-ын шаруа төлесе, 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл мақсатта екі жылдың ішінде 3,5 млрд теңге бөлінді.

Еліміздегі агросақтандыру жүйесіне әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылып отыр. Олар отандық компаниялар өзіне алған тәуекелдерді қайта сақ­­тан­дырады. Бұл сақтан­дыру жағдайы туындаған кезде кепілдендірілген төлемді қамтамасыз етеді.

2021 жылдың желтоқсан айынан бастап агросақтандыру операторы – «Бәйтерек» холдингі­нің еншілес ұйымы саналатын Аграрлық несие корпорациясы болып бекітілді.

Жыл санап агросақтандыруға деген қызығушылық артып келеді. 2020-2021 жылдары 254 келі­сімшарт жасалып, 265,7 мың­нан астам гектар алқап, 2,6 млн түлік (оның ішінде ірі қара, ұсақ мал, жылқы және құстар) сақтандырылған. Биылғы 5 айда 184 келісім жасалып, 308 мың га алқап пен 60 мыңнан астам түлік сақтандырылды.

2020-2021 жылдары ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері сақ­тандыру келісімдерін жасауға 350 млн теңге жұмсаған. Бұған мем­лекеттік субсидиялау ретінде 350 млн теңге қосылды. Сөйтіп сақ­тандыру жағдайы туындаған кез­дегі шаруаларға төленген қаржы көлемі 1 млрд 333 млн теңгеге жетті.

Биылғы 5 айда төленген субсидия көлемі 500 млрд тең­геден асып отыр. Мейлінше авто­маттандырылған жүйеде ешқайда барудың қажеті жоқ, электронды цифрлы қолтаңбамен www.qoldau.kz платформасы арқылы сақтандыру үшін шарт жасасуға болады, деп хабарлады «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар