Білім • 13 Маусым, 2022

Ұлағат үкілеген білім ордасы

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан»,

деп кемеңгер Абай Құнан­байұлы айтқандай, тәуелсіз Қазақ­стан­ның жастарына бұл өлең жолдары айнымас темірқазық.

Ұлағат үкілеген білім ордасы

Жас түлектер өмірде өз орнын тауы­п, биік асуларды бағындыруда мамандықты тура таңдауы аса маңызды.

Осы орайда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық уни­верситетіндегі барлық дер­лік мамандықтардың қалып­тасып, даму кезеңдерін ұла­ғатты тұлғалар қызмет жа­са­ған парасаттың жәдігері, ұс­­­таздардың даналығы мен жас­тардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңір­ген, таусылмас білім ордасы деп тани аламыз. Қасиетті қа­рашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ға­лым­дары, профессор-оқыту­шы­лар құрамы, тіпті студент жас­тарының шығармашылық талмас күш-қайраты мен күн­делікті еңбегінің арқасында қаланған десек, артық айтпаған болармыз.

Қазақстанның болашағы үшін ұлағатты ұстаздардың атқаратын еңбегі ұлан-ғайыр. Олай болса, «ұлағатты ұстаз» дегеніміз кім? Әрине, ол – ақыл-парасаты толысқан, үлгі-өнегесі орныққан, тәлім-тәрбиесі зор, өзінің қызметтік саласында аянбай терін төккен, болашақ ұрпағына мол мұра қалдырған тұлға. Сондай ұлағат үкілеген мекеннің бірегейі, 60 жылдық тарихы бар «Музыкалық білім» мамандығына жас түлектерді ат басын бұрғандарын қалаймыз. Ұрпақтар сабақтастығы негі­зінде дамып келе жатқан бұл мамандықтың үлгі-өнеге тұтатын ұлы тұлғалардың, сонымен қатар шығармашылықтың шыңында өзіндік орны бар өнерпаздардың – осы мамандық түлектерінің өмірлік ұстанымдары оған дәлел болмақ.

«Музыкалық білім» ма­ман­­дығының университет қа­бырғасында қалыптасып, дамуына бірден бір себепкер ком­позитор Бақытжан Бай­қада­мов болатын. Сонымен қатар мамандықтың бастауын­да жүрген, есімдері елге танымал ғалымдар мен композиторлар

Ө.Байділдаев, Тен Чу, К.Ош­лаков және тағы да басқалар музыкалық көркем шығар­маларымен белгілі бол­са, ға­лым-музыканттар М.Бал­та­баев, Р.Жәрдемалиева, Қ.Мең­даяқова, Ш.Құлманова, Т.Қо­ңыратбайдың іргелі ізде­ніс­тері, музыканы оқытудың тео­риясы мен әдістемесінің ғылы­ми тұрғыдан негізделген тұ­жырымдамалары, музыка тари­хының кезеңдеріне бағыт­талған зерттеулері респуб­лика көлемінде кеңінен қолданылуда.

Қазақстандағы музыкалық білім беру мәселелерін зерт­тейтін ең алғашқы ғылыми мектеп (80-ші жылдары) біздің Қазақ қыздар педагогикалық институтының негізінде педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының академигі, профессор Ритта Джердималиеваның бастауымен қалыптасқан. Бір­неше ғылым кандидаттарын даярлаған, тұлғалы ғалым, профессор Ритта Рамазанқызының айналасына шоғырланған, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген зерттеушілер қауымдастығының іргелі із­деністері, әдістемелік жұмыс­тары ғылыми талдаудың терең­дігімен, проблемалық көз­қара­сымен, жаңалығымен және қорытындыларының салмақ­тылығымен ерекшеленеді.

Жалпы, ғылыми мектептер зерттеу саласы ретінде әр уақытта басты функцияны атқарды, яғни бағдарламаларды анықтауда бірауызды болған ғалымдардан тұратын «білім эстафеталары», ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми қоғамдастықтың қыз­метіне ықпал ететін болашақ ғалымдардың орталығы деп танылады.

Республика деңгейіндегі жалпы білім беретін мектептерге арналған «Музыка» бағдар­ламалары мен оқу-әдістемелік кешендерінің екі бірдей авторлары, профессор Ш.Құлманова, М.Оразалиева өзіміздің кафе­драмыздың белді мүшелері екенін үлкен мақтанышпен айта аламыз.

«Музыкалық білім» маман­дығы – сарқылмас рухани қазына. Қазақ әндері тарихының шығармашылық мұраларын зерделеу, насихаттау, музыкалық аспаптарды меңгеру, әнді на­қы­шына келтіріп орындау – ма­мандықтың басты мәселелер қатарында қарастырылады. Му­зыкалық туындылардың адам тәрбиесіндегі маңызы мен мәнін анық көрсету, жеке адамның қасиеті, оның жан дү­ние­сінің тазалығы, мәдениеті, өнері, талғамы, қажеттілігі, мақсат-мүддесі деп тани аламыз. Олай болса, өзіміздің уни­верситетіміздің түлектері, осы киелі мекемеде қызмет еткен ән өнеріндегі үлгі тұтарлық тұл­ғалар да біршама, атап айт­қанда Ағайша (Агима) Исағұлова, Галина Қарамолдаева, Мәдина Ералиева және жас әншілеріміз Ұлжан Айнақұлова, Алма Аман­жолова, Дина Хам­зина, Тамара Асар, Гүлнұр Ора­зым­бетова, Мар­жан Арап­баева, Гүлнұр Өмір­баева және т.б.

Қазірде «Музыкалық білім» мамандығы халықаралық ын­ты­мақтастық аясында шет­елдік жоғары оқу орнымен, атап айтқанда Нийде Өмер Ха­лис­демир университетімен (Түркия) бірлескен академиялық ұтқырлық бағдарламасын құрастырып, келісімшарт орнатты. Академиялық ұтқырлық негізінде студент белгілі бір академиялық кезеңге, мәселен семестрге немесе оқу жылына, сол жоғары оқу орнына оқуға ауыстырылып, білім беру мекемесінде баға жетпес тә­жірибе алмаса алады, кәсіби білім мен практикалық дағ­дыларын меңгереді. Сәйкесінше, білім беруде инновациялық технологиялар, жаңартылған білім беру бағдарламалары негізіндегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялар кеңінен қолда­нылуда.

Олай болса, «Өткенге – салауат, білім, мәдениет пен дәстүр-мұра, болашаққа – аманат» дегендей, тарихы тереңде жатқан «Музыкалық білім» мамандығы киелі шаңырағынан, танымал, ұлағат үкілеген ұстаздардан білім-тәрбие алған әрбір студент мемлекетіміздің, еліміздің мақтан тұтар болашағы болады деп сендіре отырып, жас түлектерді асыға күтеміз!

 

Майра СҰЛТАНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты «Музыка» кафедрасының доценті