Қазақстан • 14 Маусым, 2022

Өткенге – өнеге, келешекке – сабақ

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Музей ғылыми, мәдени-тарихи орталық саналатындықтан өткенге өнеге, келешекке сабақ екені анық. Біздің Байзақ аудандық тарих-өлкетану музейі бес экспозициялық залдан тұрады. Атап айтқанда, археология ­залында ортағасырлық архитектуралық жәдігерлер қойылса, этнография залында қазақ халқының дәстүрлі қолөнер бұйымдары, көшпенді қазақ халқы қолданған ас үй бұйымдары орналасқан. Үшінші зал аудан тарихына арналған.

Өткенге – өнеге, келешекке – сабақ

Ал Даңқ залында, Ұлы Отан соғысы­ның батыры Ақәділ Суханбаевқа панорама жасалса, Мәдениет және өнер залында Байзақ ауданынан шыққан қазақтың маңдайалды азаматтары, ғы­лым, білім, спорт, өнер саласына еңбегі сіңген, мемлекеттік мәртебеге ие бол­­ған қайраткерлердің өмір тарихы, фото­­суреттері, шығармалары орналасқан.

Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқ­са­нында музей тарапынан ұйым­дас­тырылған экскурсия саны 13-ке жетсе, лекциялар саны 9-ды құрады. 8 көрме өткізіліп, оған қатысушылар 370 адамды құраса, музей қорына есепке алынатын экспонаттар саны 15-ке жетті.

«Мұражайы мен мұрағаты бар ел – келешегін ойлаған ел», – дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде бастау алған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 млн 372 мың теңгеге музей ғимаратына қосымша екі бөлме салынып берілді. Мекеме алды абаттандырылып, арба мен диірмен тастар, балбалтастар қойылды. Көрнекілік құ­ралдары – «лайтбокс», стела ілініп, аудан орталығының ажарын аша түсті. Сонымен қатар музейдегі жәдігерлерге QR-код орнатылған.

Бұл дегеніміз, музейге келушілер бұдан былай планшет, смартфон, айфон секілді гаджеттердегі арнайы бағ­дарламаны сканерлеп, қазақ, орыс тілдерінде жәдігерлер жайлы толық мағлұмат ала алады. Ал жуырда музе­йімізде жағымды жаңалық болды. Бізде енді «аудиогид» қызметі жұмыс істейді. Яғни келушілер өз қалауы бо­йынша аудиогид қызметіне жүгіне отырып, музей ішін аралауларына болады. Мұнымен қоса «Байзақ баба», «Айша бибі», «Қарахан баба», «Тектұр­мас» кесенелерінің шағын макет­терін жасаттық.

Сонымен қатар осы салада тәжі­ри­­бе­лері бар ардагер аға-апаларымыз Әбутәліп Көшбаев, Тамара Мирамова, Д.Төлепбергенов және өкінішке қарай жақында ғана арамыздан кеткен, жақ­сы азамат Сапар Қалмұратовтың ең­бегі зор. Міне, сол кісілердің ізін жал­­ғай музейімізде білікті мамандар Төле Нар­жанов, Сания Мекемтас­қызы, Айдана Шотбасова, Айнагүл Мамытбекова, Жамал Абдрахманова елеулі еңбек етіп келеді. Сонымен қа­тар жыл сайын «Музей­ге сый» акциясын ұйым­дастырып, осы­ның негізінде тұрғын­дар өздері келіп, жәді­герлерін тапсырып жатыр. Осы ретте, акцияға қолдау көрсеткен, атап айт­қанда, Зәтекүл Мол­да­баева, Серік Балабеков, Маратбай Өскенбайұлы, Аят Әбілдаев, Гүлназ Әлімқұлова, Төлжан Рахманов сынды музей жанашырларына шынайы алғысымызды білдіреміз.

 

Өсер НҰРБАЕВ,

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры

 

Жамбыл облысы